Алатау қаласының құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, жобалық-сметалық құжаттары кешігіп жатыр – депутат

Бүгін, 12:28 / Інжу Әлихан
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «Аманат» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан жаңадан құрылыған Алатау қаласына қатысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат Алатау қаласы стратегиялық маңызы зор, келешекке бағытталған ірі жоба екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлік даму және агломерациялық мәселелерге ерекше назар аударып келеді. Президенттің саяси ерік-жігері мен нақты тапсырмаларының нәтижесінде елімізде жаңа облыстар, қалалар мен аудандар құрылып, өңірлік басқарудың жаңа деңгейі қалыптасуда.

Солардың бірі – Алматы агломерациясының өзекті мәселелерін шешу мақсатында құрылған Алатау қаласы. Бұл – стратегиялық маңызы зор, келешекке бағытталған ірі жоба.

Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында: «Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп атап өтіп, қаланың институционалдық негіздерін қалыптастыруды, сондай-ақ арнайы мәртебесін айқындайтын заң жобасын Парламент қарауына енгізуді тапсырды», – деді Ж. Әшімжан.

Сондай-ақ ол бас жоспарға сәйкес, Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы тиіс екенін айтты.

«Президенттің бұл бастамасы – өңір халқы мен Алатау жұртшылығына деген шынайы жанашырлық пен стратегиялық көзқарастың айқын көрінісі.

Үкімет қаланың Бас жоспарын бекітті. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдету керекпіз.

Сонымен қатар, қала құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, көптеген жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары кешігуде.

 Оның ішінде, Заречный мен Жетіген елдімекендеріндегі аса зәру мәдениет үйлері, спорт кешені мен ауыз су жүйелеріне қатысты жобаларды тез арада жергілікті әкімдік дайындау тиіс.

 Қаланың қажеттілігі үшін қайтарылған жер телімдеріне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар.

Бас жоспарға сәйкес, Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы тиіс. Бұл — аймақтағы жоғары демографиялық өсімге және әлеуметтік инфрақұрылымға қажетті фактор.

Сондықтан, Президенттің тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселелерді жүзеге асыруы тиіс», – деді депутат.

Сонымен қатар Жанарбек Әшімжан бұл жаңашыл әрі қажетті Президенттің бастамасын қалың қауым зор ықыласпен күтіп отырғанын жеткізді.

«Осыдан 2 ай бұрын өңірлерді аралағанда арнайы барып, Мәслихат депутаттарымен, әкімдік қызметкерлерімен, ақсақалдармен, тұрғындармен, қоғам белсенділерімен кездестім.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылғы 9 қаңтардағы Жарлығымен Алматы облысында жаңа Алатау қаласын құру туралы пәрменін жеделдетіп ұйымдастыруымыз керек.

Оған қоса, осы түйткілдерді тез арада шешу үшін Мемлекет Басшысы өз Жолдауында бұл мәселеге Үкімет пен мемлекеттік органдардың назарын қайта аударды.

Тіпті, өз тарапынан әлемдік Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан ірі компанияларды Alatau City жобасын тікелей жүзеге асыру бойынша келісімге келгенін мәлімдеді.

Осыған байланысты, орталық мемлекеттік органдар тарапынан: Alatau City жобасын іске асыруға институционалдық қолдауды күшейту; Инвесторлар үшін қажетті жағдайларды толық қамтамасыз ету; Жоспарлардың орындалуын нақты бақылауға алу қажет деп санаймыз.        

Алатау қаласы Қазақстанның келешектегі заманауи келбетін танытанын, технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдайы жасалған әлемдік деңгейдегі технополис болуы тиіс. Бұл Президенттіміздің іргелі бастамасы», – деді Ж. Әшімжан.