Полиция ерекше балаларға қатысты қатыгездікке шақыратын пікірлерді жариялау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігіне Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығынан өтініш түсті. Қауымдастыққа ерекше балалардың ата-аналарынан блогер Райхан Жұмамұратованың әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты жаппай шағымдар келіп түскен. Осыған байланысты қауымдастық ҚР Бас прокуратурасына және ҚР Ішкі істер министрлігіне ресми сұрау жолдады.
«Ол 2025 жылғы 23 тамызда Алматыда болған қайғылы жағдай туралы ақпарат жарияланған пост астына пікір қалдырған. Сол кезде 13 жастағы жасөспірімнің (дамуында ерекшеліктер бар деген болжам жасалған, ресми диагноз көрсетілмеген) әрекеті салдарынан екі жасар бала зардап шеккен еді. @_a_k_o_n_i аккаунтының иесі, блогер Райхан Жұмамұратова пікірде аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырған», – делінген өтініште.
Полиция блогердің тұлғасы анықталғанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалды.
«Заң аясында шаралар қабылданады. Әлеуметтік араздықты қоздыруға, қорлауға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», – деді қалалық полиция департаменті.