Оралда қайғылы жағдай болды

Бүгін, 06:48 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ПД

Орал қаласында адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы болды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 8 қыркүйек күні сағат 01.30-да Зачаган кентінде 19 жастағы жүргізуші Күлтегін көшесінде «ВАЗ-2114» автокөлігінің руліне ие бола алмай, бағанға соғылған. Содан кейін автокөлік аударылған.

- Жол апаты салдарынан автокөлікте отырған 21 жастағы жігіт алған жарақаттары салдарынан ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.

Бұл – Оралда осы ай басталғаннан бергі жас адамның өлімімен аяқталған екінші жол-көлік оқиғасы.