Жыл басынан бері 48 мыңнан астам азамат "Өрлеуге" қатысты
Жыл басынан бері 48 мыңнан астам азамат "Өрлеуге" қатысты
Жыл басынан бері 48 мыңнан астам қазақстандық «Өрлеу» жобасына қатысты, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«Қазақстанда, 2017 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында «Өрлеу» пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында 48,3 мың азаматқа жалпы сомасы 1 млрд 758 млн теңге шартты ақшалай көмек тағайындалды. Ең көп қатысушы Оңтүстік Қазақстан (35 126 адам), Жамбыл (3 426 адам) және Алматы (2 569 адам) облыстарында тіркелді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Аталмыш кезеңде жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен аса өсті (5947 теңгеден 15445 теңгеге дейін). Олардың еңбекке қабілетті 87%-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды. Республика бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың жалпы саны, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 22,4%-ға қысқарды. Жобада көзделген негізгі мақсат - 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа сипатын қанатқақты тәртіпте сынап көру. Жаңа үлгідегі АӘК әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде - 40%) 50 пайыздан төмен отбасыларға ұсынылады және 2 түрге бөлінетін болады: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
Әлеуметтік келісімшарт жасаған тұлғаларға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру, 2014 жылдан бері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында басталды.
2015 жылғы 1 шілдеден бастап ұқсас өңірлік пилоттық жобалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады (20,2 мың адам қатысты).
2016 жылдан қанатқақты жоба еліміздің барлық өңірінде іске асырылуда (38,8 мың адам қатысты).
Жобаны әрі қарай, яғни 2017 жылы жүзеге асыру мақсатында, республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына елдің барлық ауданы мен қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған азаматты тарту жоспарлануда.