Абай облысында «Алтын Шар» шағын наубайханасы ашылды

9 қыркүйек, 2025 / Інжу Әлихан
Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жарма технология колледжінде «Алтын Шар» шағын наубайханасы іске қосылды. Ашылу рәсіміне колледж әкімшілігі, педагогтер, әлеуметтік серіктестер мен студенттер қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Колледжде бүгінде 171 студент білім алады. Оқу процесін 65 қызметкер, оның ішінде 30 педагог қамтамасыз етеді. Оқу орны «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өндіру», «Ветеринария» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадр даярлайды.

Шағын наубайхананың мақсаты – дуалды оқытуды дамыту, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және кәсіби машықтарын жетілдіру. Мұнда студенттер қамыр илеп, дайын өнім пісіру мен ұсынуға дейінгі барлық кезеңді меңгереді. Жұмыс үдерістері өндірістік тәртіп пен сапа талаптарына сай ұйымдастырылған.

Наубайханаға LAI BAO компаниясының жаңа электр пеші мен қамыр илеу жабдығы орнатылды. Бұл құралдар нан және кондитер өнімдерін пісіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында 36 студент оқиды. Жаңа наубайхана олардың кәсіби машықтарын жетілдіруге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Тэгтер:

Абай облысы жұмысшы мамандықтар жылы наубайхана