«Ауыздарыңызды жапқандарыңыз дұрыс»: Әлем чемпионатында жеңіліп қалған қазақстандық боксшы жазба жариялады

9 қыркүйек, 2025 / Інжу Әлихан
Olympic.kz

Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалған қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов желіде жазба жариялап, өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен үшін әлем чемпионаты аяқталды. Кей тұста дұрыс істемедім, кей тұста әлім жетпеді. Айтарға сөзім жоқ.

Ал спорттың сыншысына – ауыздарыңызды жапқандарыңыз дұрыс дер едім! Біздің қанша жаттығатынымызды, қалай дайындалатынымызды, туысқандарымызды қанша уақыт көрмейтінімізді, жаттығуда қанша қан мен тер төгілетінін білмейсіздер. Мұның бәрі еліміздің көк Туын желбірету үшін жасалады.

Сіздер тек әдемі мұқаба көресіздер. Жеңіс тұғыры. Жеңдің – жарайсың. Жеңілдің – бірден ең жаман атанасың. Спортты болжауға болмайды: бүгін – сен чемпионсың, ал ертең – жай ғана қатысушысың», – деп жазды спортшы.

Еске сала кетейік, 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Сабыржан алғашқы айналымда Украина елінің өкілі Павел Ильюшадан жеңіліп қалған-тын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы сапында алғашқы боксшы жарыс жолынан шығып қалды.

Тэгтер:

әлем чемпионаты бокс Сабыржан Аққалықов