Ақылбек Күрішбаев: Жолдау – ел ертеңінің бағдары

9 қыркүйек, 2025 / Дана Ізтілеуова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономика салаларының инновациялық әлеуетін күшейту, ғылымның күш-қуатын өндіріс пен ауыл шаруашылығында тиімді пайдалану сияқты күрделі мәселелерді қозғады.

Мемлекет басшысы қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Соған орай, Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.

«Алдағы үш жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуын басшылыққа алуымыз керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жасанды интеллект саласындағы бұл бастама негізінде жүзеге асырылатын жаңалықтар – елдің дамуына тікелей әсер ететін өте тиімді жол. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Сондықтан, біз Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз және Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде танытуға, Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуын жүзеге асыруға тікелей атсалысамыз.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен жаһандық бәсекелестік жағдайында жасанды интеллект (ЖИ) тек автоматтандыру құралы ғана емес, ұлттық тәуелсіздіктің, экономикалық трансформацияның және зияткерлік көшбасшылықтың факторы болып отыр. Мемлекет басшысының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі бастамасы – Қазақстан үшін жаңа көкжиектерді ашатын уақытылы және стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам.

Алайда бұл саладағы табыс тек институционалдық шешімдерге ғана емес, мемлекет, ғылым, бизнес пен қоғам арасындағы терең синергияға да байланысты. ҚР Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) жаңа министрлік, академиялық қауымдастық, Назарбаев Университетіндегі Интеллектуалдық жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) және өзге де зерттеу орталықтары арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейтудің қажеттігін атап көрсетеді. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілердің күш-жігерін біріктіру ғана орнықты әрі бәсекеге қабілетті ЖИ-экожүйені құруға мүмкіндік береді.

Негізгі сын-қатерлердің бірі – этикалық және құқықтық шеңберлерді қалыптастыру. ЖИ тек мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатерлерді де алып келеді: алгоритмдердің біржақтылығы, деректердің таралып кетуі, ашықтықтың болмауы. Осыған байланысты жасанды интеллект этикасы жөніндегі Ұлттық кеңесті құру ұсынылады. Оның басты міндеті – нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың жеке деректерін қорғау. Кеңес құрамына ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдері енуі тиіс, ал оның шешімдері стратегиялық құжаттар мен стандарттарға енгізілуі қажет.

Сондай-ақ, халықаралық әріптестікті тереңдету де – маңызды бағыт. Қазақстан ЖИ-ді реттеу мәселелері жөніндегі жаһандық диалогқа белсенді қатысуы тиіс, әсіресе қауіпсіздік, биотехнология және әскери қолдану контекстінде. OECD AI Observatory, UNESCO AI Ethics, Stanford HAI және Tsinghua AIR сияқты орталықтармен ынтымақтастық Қазақстанға технологиялық оқшауланудан сақтануға, елдің жауапты ойыншы ретіндегі имиджін нығайтуға және қазақстандық әзірлемелерді халықаралық аренаға ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Ұзақмерзімді технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін DeepTech және іргелі зерттеулерге ерекше назар аудару қажет. Қазақ тіліне, этномәдени ерекшеліктерге, аграрлық сектор мен экологиялық мониторингке бағытталған қолданбалы және теориялық әзірлемелерді қаржыландыруды арттыру дәстүрлі экономикалық салаларға арналған бірегей шешімдер жасауға жол ашады. Бұл – сыртқы цифрлық платформалар мен алгоритмдерге тәуелділік артып отырған жағдайда ерекше маңызды.

Осы тұрғыда ҚР ҰҒА жасанды интеллекттің озық бағыттарын дамытуға бағытталған бірқатар бастамаларды іске асырып отыр. Қытай ғылым академиясының академиктерімен, Чжэцзян технологиялық университетімен және ҚХР-дың жоғары технологиялық компанияларымен бірлесіп құрылған Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы климаттық сценарийлерден бастап, урбанистикалық және биомедициналық модельдеулерге дейінгі күрделі процестерді модельдеумен айналысады. Геоаналитика әдістері, графолық нейрожелілер және мультиагенттік модельдер пайдаланылады, олардың көмегімен нақты уақыт режимінде процестерді болжау мен оңтайландыру жүзеге асырылады. Бұл жұмысты DeepBas платформасы толықтырады – ұлттық контекске бейімделген терең білім базасы мен оқыту модельдерін құруға бағытталған қазақстандық бастама. Бұл технологиялар төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Бұл жобаға Қытай тарапынан салынатын инвестиция көлемі – 1 млрд. юань немесе 70 мрлд. теңге.

Осындай жобалар негізінде еліміздің ғылым саласына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін арттыру бүгінгі Жолдау барысында Мемлекет басшысының «Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет» деген тапсырмасын ҚР ҰҒА іс жүзінде атқаруда.

Осылайша, Қазақстан жаңа кезеңнің табалдырығында тұр — цифрлық тұтынудан технологиялық көшбасшылыққа өту. Жасанды интеллект тек жеке сала емес, ғылымды, мәдениетті, экономиканы және мемлекеттік басқаруды біріктіретін ұлттық стратегияның өзегі болуы тиіс. Дәл қазір — институционалдық қайта пішіндеу кезеңінде — қазақстандық ЖИ-экожүйенің орнықтылығын, ашықтығын және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін іргетасты қалау айрықша маңызды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтініне айрықша мән берді.

«Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн.

Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.

Сонымен қатар, Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.

Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі» - деп атап өтті.

Дарынды зерттеушілер, білікті ғалымдар мен мамандарды елге қайтару бағытында Ұлттық ғылым академиясы шет елдік тәжірибені зерделеп, өкілетті органға нақты ұсыныстар берген, бұл ретте талантты жас отандастардың елде қалуы үшін лайықты жағдай, ең бастысы тиісті атмосфера жасалуы қажет, ол дегеніміз мамандардың әлемдік деңгейде зерттеулер жасауына заманауи құрылғылармен қамтылған материалды-техникалық база, инфрақұрылым қажет, содан кейін бәсекеге қабілетті жалақы мен әлеуметтік қолдаулар.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мәселесін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды. Қазақстанда бір палаталы Парламент құру туралы бастама – саяси жүйенің құрылымына елеулі өзгеріс әкелетін қадам. Мұндай модель әлемде кең таралған. Мысалы: Швеция, Дания, Финляндия елдері бір палаталы жүйеде жұмыс істейді. Бұл елдерде бір палаталы парламент заң шығару процесін жеңілдетеді, аймақтық қайшылықтарды азайтады, саяси жауапкершілікті күшейтеді.

Қазақстан үшін бір палаталы Парламент құрудың бірнеше тиімділігін атап өтуге болады:

Біріншіден, заң шығару процесі жеделдеп, артық бюрократиялық тосқауылдар жойылады. Бұл әсіресе реформаларды уақытылы қабылдап, іске асыруда шешуші рөл атқарады.

Екіншіден, Парламенттің жауапкершілігі күшейеді. Барлық саяси шешімдер бір ғана палатаға байланысты болғандықтан, депутаттардың қоғам алдындағы есептілігі айқындала түседі.

Үшіншіден, қоғам Парламенттің жұмысын ашық бақылай алады, бұл демократиялық легитимділікті арттырады.

Яғни, бір палаталы Парламент Қазақстан үшін жылдамдық, ашықтық, үнемділік және саяси жауапкершіліктің артуы сияқты негізгі тиімділіктерді қамтамасыз етеді. 

Жалпы демократия деңгейі жоғары, экономикасы дамыған көптеген елдерде бұл үрдіс бұрыннан бар. Ал жаңа саяси бастама Жаңа Қазақстанның болашағына да оң өзгеріс әкеледі деп ойлаймын.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА Президенті

Тэгтер:

Ақылбек Күрішбаев Қазақстан халқына жолдау