Семейде 8-сынып оқушысы соққыға жығылған

Бүгін, 09:03 / Інжу Әлихан
Скриншот

Семейде «Холодный ключ» ықшам ауданында оқушы қызды соққыға жыққан. Куәгердің айтуынша, бір топ бала қызды ішінен теуіп, жұдырықпен ұрған, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Холодный ключ» ықшам ауданында нәрестеммен емханаға келдім. Қабылдаудан кейін дәлізге шыққанымда бір топ баланы көрдім. Басында ойнап жүр екен деп ойладым. Көзім дұрыс көрмегендіктен, телефонымның камерасымен жақындатып қарағанымда қыз баланы ішінен теуіп, жұдырықтап жатқандарын көрдім. Мен әрекет еткенше, тек бір сәтті түсіріп үлгердім, — дейді тұрғындардың бірі.

 Полиция департаментінің дерегінше, жанжал № 48 мектеп оқушылары арасында болған. Салдарынан сегізінші сынып оқушысы соққыға жығылып, жапа шекті.

Аталған ықшам аудандағы балалар алаңында 3-сынып оқушысы мен 8-сынып оқушысының арасында жанжал болды. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. 8-сынып оқушысының заңды өкілдері арыз жазудан бас тартып, екінші тарапқа шағымдарының жоқ екенін білдірді, — дейді Абай облысы Полиция департаменті

Айта кетейік, жанжалға себепкер болған оқушыға қатысты материал жиналып, оның әрекеті Семей қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Бұдан бөлек, оқушының ата-аналарына бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.