Әсел Әбен: Өңдеу секторы – экономиканың тұрақтылығын арттыратын басты фактор

Бүгін, 15:10 / Ербұлан Қайрат
сурет: ҚСЗИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық тұрақтылығын арттыру үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, бұл бағыт Қазақстанды шикізатқа тәуелділіктен арылтып, орнықты өсімге жеткізетін маңызды тетікке айналады.

– Өңдеу өнеркәсібінің өсуі экономиканың құрылымын әртараптандырып, шикізат бағасының құбылмалылығына байланысты тәуекелдерді төмендетеді. Сала бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталуы тиіс, – деді сарапшы.

Оның мәліметінше, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн екі есеге артып, 17 трлн теңгеге жуықтады. ЖІӨ құрылымындағы үлесі 12,4%-ға жетті. Өткен жылы 163 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.

2025 жылдың қаңтар–шілде айларында сала өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға өскен. Әсіресе тамақ өнімдері (+9,2%), мұнай өңдеу (+8,6%) және машина жасау (+14%) салаларында айтарлықтай нәтижелер байқалды. Әсел Әбеннің пікірінше, бұл көрсеткіштер Қазақстанның индустриялық дамуы қарқынды жүріп жатқанын дәлелдейді.

Сарапшы саладағы оң өзгерістер экспортта да көрініс тапқанын атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 12,8 млрд АҚШ долларына жетіп, елдің жалпы экспортының үштен бірін құрады. Экспорт құрылымында машина жасау, химия өнімдері және дайын металл бұйымдарының үлесі артқан.

Сонымен қатар, салада шешімін күткен мәселелер де бар. Әсел Әбеннің айтуынша, қолдау шаралары түрлі институттар арқылы шашыраңқы жүргізіледі, бұл кәсіпкерлер үшін түсініксіздік тудырады. Сондай-ақ, ағаш бұйымдары мен жиһаз өндірісіндегі тоқырау, фармацевтикадағы баяу өсім және металлургияға тым жоғары тәуелділік – шешімін табуы тиіс түйткілдер.

– Ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жоғары қосылған құны бар салаларды жедел дамыту, проблемалық сегменттерді қолдау және шикізаттық шоғырлануды азайту қажет. Бұл Қазақстанды өңдеу өнеркәсібі тұрақты экономикалық өсудің негізгі көзі саналатын индустриялық дамыған елдер деңгейіне жақындатады, – деді Әсел Әбен.

Тэгтер:

жолдау экономика Әсел Әбен