Президент: Еліміздегі туристік жерлердің барлығын ретке келтіру – менің жеке бақылауымда

8 қыркүйек, 2025 / Дана Ізтілеуова
Алматы облысы туризм басқармасы

Мемлекет басшысы ел халқына Жолдауында елдегі туризм саласында кәсіби кадрлар тапшы екенін атап өтіп, бұл саланы ретке келтіру жеке бақылауында екенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.


«Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы.
Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды.
Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады.
Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», – деді Тоқаев ел халқына Жолдауында.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласы жеке бақылау