Президент: Агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту – маңызды міндет

Бүгін, 12:10 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ең өзекті міндеттің бірі агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту. Атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керек. Бірақ, бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтыны анық, – деді Мемлекет басшысы.

Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту.

Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ, нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят, – деді Президент.

Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек.

Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Еуразия экономика одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда, біздің кәсіпкерлеріміздің қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отырғаны анықталған. Сол себепті, олар тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр.

Тэгтер:

Президент жоспар Агрохабтар логистика орталықтары