Футзалдан Еуропа чемпионатында қазақстандықтар екінші рет бақ сынайды
Футзалдан Еуропа чемпионатында қазақстандықтар екінші рет бақ сынайды
Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сайысын аса сәтті өткізген Қазақстан құрамасы жолдаманы жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бүгін қазақстандықтар «Алматы Аренада» Чехия құрамасын бет қаратпай, 3:0 есебімен ұтты. Төртінші топта аталмыш қос команда осыған дейін жеңілмеген болатын. Сондықтан қай ұтқаны Еуропа чемпионатына тікелей берілетін жалғыз жолдаманы қанжығасына байлайтын еді. Қазақстандықтар мұны табысты орындай білді. Дуглас қос доптың авторы атанса, Михаил Першин тағы бір голды соқты.
Мұның алдында бразилиялық маман Жозе Алесио баптайтын Қазақстан құрамасы Данияны 5:0, Македонияны 3:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Сөйтіп олар бұл іріктеу турнирінде Игита қорғаған қақпаға бірде-бір гол өткізген жоқ. Оған қоса құрама сапында қазақ футзалшыларының көбейе бастағаны қуантады.
Еске сала кетейік, футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионаты 30 қаңтар - 10 ақпан аралығында Словения астанасы Любляна қаласында өтеді. Сөйтіп өткен жылы Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден қола жүлдені жеңіп алған қазақстандықтар құрлық біріншілігіне екінші рет бақ сынамақ.