US Open: Заңғар Нұрланұлы әлемнің 1-ракеткасынан жеңілді

6 қыркүйек, 2025 / Нұрлан Әлинұр
ҚТФ

Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының финалына бір қадам жетпей тоқтады.

ITF Juniors рейтингісінде 54-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы жартылай финалда жасөспірімдер арасында әлемнің 1-ракеткасы, болгариялық, 16 жастағы Иван Ивановқа тап келді.

Бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген болгариялық спортшы 6:1 есебімен басым түсті.

Екінші сетте И.Иванов 3:1 есебімен алға кеткенімен, Заңғар таразы басын теңестіре алды – 3:3.

Алайда ізінше өз геймін беріп қойды. Ақыры Иванов матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 17 минутқа созылды.

Иван Иванов финалда отандасы, 18 жастағы Александр Васильевпен бас жүлдені сарапқа салады.

Заңғар Нұрланұлы финалға шыға алмаса да, қазақстандықтардан жасөспірімдер арасында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына дейін жетті.