Биыл Оңтүстік Қазақстанда 5 бала суға кетіп, қаза тапты
Биыл Оңтүстік Қазақстанда 5 бала суға кетіп, қаза тапты
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 5 бала суға кетіп ажал құшты. Құтқарушылардың мәліметінше кәмелет жасына толмағандардың қайғылы жағдайларға тап болуына ата-аналарының қараусыз қалдыруы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тағы бір себеп, өңірде күннің күрт жылынуынан балалар суға шомылуды бастап кеткен. Мәселен, Сарыағаш ауданында 6 сынып оқушысы жергілікті каналдардың біріне шомылуға барып, батып кеткен. Оның шомылуға кеткенінен ата-анасы бейхабар болыпты. Дәл осындай жағдайлар өңірдің өзге аудандарында да орын алған. Судан құтқарушылар қазіргі таңда Отырар ауданында суға батқан 25 жастағы тұрғынды іздестіріп жатыр. Шымкент қалалық судан құтқару жасағының бес бірдей қызметкері Арыс өзені аумағын қарап жүр.
«Бізге бұл азаматтың суға батқаны жөнінде хабар 10 сәуір күні келіп түсті. Облыс орталығынан 5 құтқарушы мен 1 техника жіберілді. Қазір құтқарушылар 8-11 метр тереңдікке түсіп, іздестіріп жатыр. Моторлы қайық мінгендер өзеннің ағысымен 30 шақырым жерге дейін қарап шықты. Алайда жоғалған азамат табылмады. Іздеу шаралары әлі жалғасып жатыр»,- дейді Шымкент қалалық құтқару жасағының жетекшісі Павел Вишенин. Айта кетейік, өткен жылы осы уақт аралығында 11 адам суға кетіп, қаза тапқан болатын. Оның 8-і кәмелет жасына толмаған балалар.