Аймағамбетов оқушылардың мектепте смартфон қолдануына заңмен тыйым салу мәселесін көтерді

Бүгін, 14:22 / Нұрлан Әлинұр
Фото: informburo

Оқушылардың мектепте смартфон қолдануына заңмен тыйым салу қажет пе? Депутат Асхат Аймағамбетов осы сұрақты қоғам талқысына ұсынды. Еуропа елдерінде бұрыннан енгізілген бұл жүйе қазақстандық оқушыларға қалай әсер етеді? Біздің ел мұндай өзгеріске қаншалықты дайын? "Астана" арнасының тілшісі Назерке Алтынбек зерделеп көрді.

Депутат өз Instagram парақшасына осындай жазба жазды.

"НЗМ басшылығы мектептерде смартфон қолдануға шектеу қою туралы батыл да орынды шешім қабылдады.

Бұл – жеңіл шешім емес. Бірақ бүгінде еліміздің көптеген мектебі осындай ережелерді енгізіп, сол бағытқа бет бұрып жатыр. Мұндай бастаманы бірден түсініп, қолдай қою барлық ата-ана мен оқушы үшін оңай емес. Бірақ уақыт өте келе қоғамда бұл шешімнің мәні мен маңызын терең ұғынатын түсіністік қалыптасады.


Әлемдік тәжірибе бұл үрдістің дұрыс екенін көрсетіп отыр. Көптеген дамыған елдің жетекші мектептерінде смартфонға тыйым әлдеқашан енгізілген және ол нақты нәтижесін беріп келеді. Тіпті кейбір Еуропа мемлекеттері бұл шектеуді заңмен бекіткен.

ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай әлемдегі білім беру жүйелерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде шектеу енгізген.

Бұл– технологиямен күрес емес, ол баланың ойын бөлмейтін, зейінін шашыратпайтын, шынайы білім мен қарым-қатынасқа жол ашатын орта қалыптастыруға бағытталған қадам.

Ал сіз не дейсіз? Осындай шешімді Қазақстан мектептері үшін қолайлы деп есептейсіз бе?", - деп жазды Аймағамбетов.

Десе де бұған қарсы ата-аналар да бар.

"Телефон — қажет нәрсе ғой. Бала телефонсыз келіп, мектептен шыққанда ұрлап кетсе, қолында соғар телеофоны болмаса қиын ғой. Қазір телефонсыз адам шарасыз", "Кешіріңіздер, мен қызыма телефон берем. Ойнау үшін емес, қауіпсіздігі үшін. Маған штраф десе де, басқа десе де бәрібір", "Чат GPT-дің білімі емес, баланың шынайы білімі тексерілуі керек. Қолдаймын!", - дейді тұрғындар.

Ал мұғалімдер оқушылар қалтасындағы смартфонын ойлап есі шығатынын жасырмайды. Айтуларынша, кей оқушылар артқы партада отырып, тығылып ойын ойнайды. Ал тапсырмаларды интернеттен дайын күйінде көшіруге тырысады.

"Балалар мектепте телефонмен отырғанда, ол баланың ойы екіге бөлініп отырады. Телефонға қарағысы келеді. Яғни сабақты бірінші емес, екінші орынға қойғысы келіп тұрады. Интернет желісінен көшіргісі келіп тұрады. Ал телефон алыста болса, өз ойын, кретивтілікті қосып, бар ынтасымен қатысады", - дейді мұғалім Айбек Өгізбаев.

Дегенмен қазір біраз мектепте "Телефонсыз бір күн" жүйесі енгізілген. Балалар арнайы жәшікке смартфонын салып, үзілісте ала алады.

Алайда бұл бастама бірден қолдау таппаған. Мектеп басшылығы ешкімді күштемегенін айтады. Уақыт өте оқушылар мен ата-аналар бұл жүйенің тиімділігін түсініп, өз еркімен қолдаған. Бұл тек білім сапасына емес, балалардың өзара байланысына да айтарлықтай әсер еткен.

"Осы жобаны жүзеге асырғаннан бастап, оқушылардың бір-біріне деген қарым қатынасы, байланысы, сабақтарын бір-бірімен талқылайды. Яғни, достық қарым-қатынастары арта түсті", - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Серікқызы.

Телефонға тыйым салу, білім сапасын арттыру жолы ма, әлде балалардың қауіпсіздігіне кері әсер ме? Қоғам бұл сұраққа нақты жауап таппады. Алайда бір нәрсе анық, цифрлық құрылғылардан бас тарту тек оқушының емес, ата-ананың саналы түрде дайын болуын талап етеді.