Таңғы асты кеш ішу ерте өлу қаупін тудырады – зерттеу

5 қыркүйек, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ пен Түркия зерттеушілері бірлесіп Ұлыбританияда тұратын 42-94 жас аралығындағы 3 мыңға жуық адамның деректерін 20 жылдан астам уақыт бойы бақылап, таңғы ас уақыты мен денсаулық арасындағы байланысты анықтады. Зерттеу нәтижелері Communications Medicine (ComMedicine) журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, жасы ұлғайған сайын адамдар таңғы ас пен кешкі асын кешіктіріп, тамақтану арасындағы үзілістерін қысқартады. Бұл әдет тек жоғары өлім-жітім қаупімен ғана емес, сонымен қатар депрессия, созылмалы шаршау, ұйқының бұзылуы, тамақ дайындаудағы қиындықтар және ауыз қуысы ауруларымен де байланысты болып шықты.

Әсіресе генетикалық тұрғыдан «үкі» хронотипіне бейім адамдарда (түнде кеш ұйықтап, таңертең кеш тұратындар) мұндай қауіп күштірек байқалды.

«Тамақтану уақытындағы өзгерістер, әсіресе таңғы асты кешіктіру – адамның жалпы денсаулық жағдайының қарапайым көрсеткіші және ықтимал физикалық немесе психологиялық ауытқулардың ерте сигналы бола алады. Бұл таңғы ас – ең маңызды ас, әсіресе қарт адамдар үшін деген пікірге жаңа дәлел береді», – дейді зерттеу жетекшісі, Массачусетс жалпы госпиталінің нутрициологы әрі хронобиологы Хассан Дашти.

Тэгтер:

таңғы ас кеш ішу