Қазақстанда Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өтті

Бүгін, 13:48 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында Әуе қорғанысы күштерін цифрландырудың маңызды кезеңіне айналған «Жауынгерлік достастық-2025» тактикалық оқу-жаттығуының белсенді фазасы өтті.
Алғаш рет автоматтандырылған басқару жүйесі сынақтан өткізіліп, ол жауынгерлік жағдайға барынша жақындатылған ортада өзінің тиімділігін көрсетті.
Оқу-жаттығу барысын Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов және Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев бақылады.


Маневрлерге әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері мен шартты қарсылас рөлін атқарған Әуе күштерінің майдандық авиация экипаждары қатысты. Әуе нысандары анықталған сәтте әуе шабуылына қарсы қорғаныс есептоптары жаппай соққыларға тойтарыс беру үшін хабардар ету және соққы беру құралдарын қолдану алгоритмдерін пысықтады.


«Тактикалық оқу-жаттығу Әуе қорғанысы күштерінің дамуына маңызды кезең болды. Біз алғаш рет автоматтандырылған басқару жүйесін қолдандық, нәтижелері күткеннен де асып түсті. Цифрлық шешімдер ақпарат алмасу жылдамдығын арттырып, үйлесімділікті нақтылай түсті. Бұл әскерді басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етті», – деп атап өтті әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері маманы Әділ Сүбебаев.

Оқу-жаттығу цифрлық шешімдерді жауынгерлік тәжірибеге енгізу бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға және ел әуе кеңістігінің қауіпсіздігін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын растады.

Тэгтер:

сынақ әуе қорғанысы