Британиядағы байрақты бәсеке: кімнен не күтеміз?

5 қыркүйек, 2025 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
сурет: ҚБФ

Кеше Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Былғары қолғап шеберлерінің арасындағы бұл дүбірлі дода алғаш рет екі жыл бұрын құрылған халықаралық World Boxing федерациясының аясында ұйымдастырылып отыр. Әлемнің 65 елінен келген 550 боксшы 10 күн бойы футболмен тыныстайтын Ливерпульде өзара кім мықтыны анықтамақ. Қазақстан құрамасы барлық 10 келі салмақта сынға түседі. Бокссүйер қауым суперқұрам деп атаған басты команданың 8 боксшысы түрлі жарыста топ жарып, биылғы басты додаға баруға лайық саналса, 2 спортшы Алматы облысында өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде спарринг кездесулер арқылы таңдалды. Сонымен, көпшілік асыға күткен жаһандық бәсекеде ел намысын қорғайтын боксшылар мен олардың басты қарсыластарына шолу жасағанды жөн көрдік.

Жалпы, саны 25 боксшы шебер-лік байқасатын 50 келіге дейін­гі сайыста Қазақстан атынан 2023 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы Азия чем­пио­ны Санжар Тәшкенбай шар­шы алаң­ға шығады. Бұл салмақта был­тыр 23 жас­қа дейінгі Еуропа чем­пио­натында жеңіс­ке жеткен ирлан­дия­лық Луис Руни мен 2022 жылғы Еуропа чемпионы, дәл сол жылы чемпио­на­ты­ның қола жүл­де­гері атанған испандық Мартин Молина секілді мықтылар бокстасады.
Ал 55 келіде жанкүйерлер арасында қа­­­зақтың Ломаченкосы атанып кеткен 2023 жылғы әлем чемпионы, 2024 жыл­ғы Азия чемпионы Махмұд Сабырхан ел намысын қорғамақ. Махмұдтың бас­ты қарсыласы – Париж Олимпиа­да­сы­ның қола жүлдегері, Панамерикалық ойын­дардың жеңімпазы, Доминика Рес­публикасының басты үміті – 21 жас­тағы Жуниор Алькантара. Одан бөлек, 2019 жылғы әлем чемпионы өзбек­стан­дық Миразизбек Мирзахалилов та – алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі.
60 келіге дейінгі салмақта құрама са­­­пында кімнің күш сынасатыны Ал­маты облысындағы оқу-жаттығу жиы­нын­да белгілі болды. Жолдама сарапқа са­лынған спарринг кездесуде жастар ара­сындағы Азия чемпионы атанған жам­былдық жас өрен Бейбарыс Жексен әлем, Азия чемпионатының күміс жүл­де­гері, 2020 жылғы Токио Олимпиа­да­сын­да бақ сынаған, 27 жастағы тәжіри­белі Серік Теміржановтан басым түсіп, ел намысын қорғауға лайық деп таныл­ды. Көпшілік техникалық тұрғыда сауат­ты бокстасады деп жарыса жазған Бей­барыс Жексеннің дебюттік әлем бірін­шілігінде қарымды қарсыластары же­терлік. Бұл салмақтағы басты фаво­рит Париж Олимпиадасының чем­пио­ны, әлем және Азия чемпионы деген дар­дай атағы бар өзбекстандық Абду­ма­лик Халоков екені айдан анық. Сарап­шы­лар әлемдегі техникасы ең мықты боксшы деп атаған Халоков – бұл сал­мақ­та алтын жүлдеге басты үміткер. Ха­локовпен қатар, Париж Олим­пиа­да­сына жеке бапкерсіз барса да, күміс жүл­­дені қанжығасына байлап, көп­ші­лік­тің көзайымына айналған қырғыз спор­тшысы Мұнарбек Сейітбекуулу әлем чемпионы атағы үшін таласқа түс­пек.

Жаһандық доданың жолдамасын кім иеленетіні спарринг кез­десу­де шешілген екінші салмақ – 65 келі. Ше­шуші айқаста әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері, 27 жастағы Ертуған Зей­ну­линов былтыр Париж Олимпиада­сын­да ширек финалға дейін жеткен, көп­шілікті айрықша жұдырықтасу мә­нерімен таңғалдырған 21 жастағы Мұ­ха­медсабыр Базарбайұлынан айласын асы­рып, Ливерпульге аттанған бокс­шы­лар қатарына қосылды. Нағыз тартысқа то­лы, кілең мықтылардың өзара күш сы­насатын санаты деп дәл осы келіні ай­туға болады. Мұнда 63,5 келіде 2024 жылғы Олимпиада чемпионы атанған кубалық Эрисланди Альварес пен дәл сол Олимпиадада 71 келіде ешкімге дес бер­меген, 2023 жылғы әлем чемпионы өз­бек­стандық Асадхужа Муйдинхужаев се­кілді тегеурінді боксшылар қолғап түйістіреді. Одан бөлек, Париж Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, әлем чем­пио­натының екі дүркін қола жүлдегері, Еу­ропа чемионатында 2 рет күміс ме­даль иеленген грузиялық Лаша Гуру­лиды да есептен шығармаған абзал.
70 келіге дейінгі салмақта туған аға­сы­мен қатар ересектер арасында өз мық­тылығын дәлелдеп жүрген Төрехан Сабырхан ел мерейін асқақтатпақ. Қор­жынында жастар арасындағы әлем чем­­пионы, жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы деген атағы бар Төрехан – өз сал­мағының басты фавориті. Бола­ша­ғы­нан үміт күттірер 19 жастағы қарымды боксшы бұл байрақты бәсекеде әлем чем­пионы, 2023 жылғы Азия ойындары­ның жеңімпазы, Жапония құрамасының нөмірі бірінші боксшысы Севон Окад­зава мен 2021 жылғы әлем чемпиона­тын­да жеңіске жеткен украиналық Юрий Захареевтермен бірге чемпион­дық атаққа таласатын болады.
Ал 75 келіде ағылшын жерінде ел тұ­ғырын биіктетуге лайық деп 2021 жыл­ғы жастар арасындағы әлем чем­пио­ны, Астанада өткен Әлем кубогы ке­­­­зеңінің жеңімпазы Сабыржан Ақ­қа­лықов танылды. Жанкүйерлер «универ­сал» деп атайтын Сабыржанның сал­ма­ғында 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чем­пио­ны, бәсеке көркі қызып тұрған Өз­бек­стан құрамасынан Әзербайжанның бас­ты командасына ауысқан Саиджам­шид Жапаров – фаво­риттер қатарында. Бұл қатарға Олим­пиа­даның алғашқы кез­десуінде Нұрбек Оралбайды нокдаун­ға түсірген, адуынды аустралиялық ат­лет Каллум Питерсті қосыңыз.
80 келіге дейінгі санатта 2024 жылғы Олим­пиада ойындарының күміс жүл­де­гері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай ке­­­зекті рет Қазақстан намысын қор­ға­мақ. Бәсі биік бәсекелер өтуге тиіс са­на­латын бұл салмақта 2021 жылғы әлем чем­пионы Рахим Гонсалес (АҚШ), 2023 жыл­ғы әлем чемпионатының әрі Пана­мерикалық ойындардың күміс жүлдегері Вандерлей Перейра (Бразилия), 2024 жыл­ғы әлем чемпионатының қола жүл­дегері Сезар Йожерлин (Франция) мен әлем кубоктерінің жеңімпазы Жавохир Ум­маталиевтер (Өзбекстан) Нұрбекпен бір­ге өзара кім мықтыны анықтайды. Отан­дасымыздың Олимпиаданың күміс жүл­дегері деген атағы оны бұл салмақ­тың басты фавориттерінің бірі екенін айқындап тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Көпшілік күткен 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2019 жылғы әлем чемпионатының финалында екі дүр­кін Олимпиада чемпионы, бес дүр­кін әлем чемпионы, әйгілі Хулио Ла Круз­ды сұлатып түсірген, 2024 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Бек­зад Нұрдәулетов Қазақстан атынан жа­рысқа араласады. Кәсіби бокстан құра­маға қайта оралған құрамадағы ең тә­жі­рибелі боксшылардың бірі саналатын Бекзадтың басты қарсыластары – 2022 жылғы Еуропа чемпионы Георгий Куши­таш­вили (Грузия) мен Странжа кубо­гін­де Бекзадтың өзі нокаутқа түсірген өз­бек­стандық Акмолжон Исроилов (Өз­бек­стан).
90 келіге дейінгі салмақта құра­ма­ның бірінші нөмірі болуға лайық деп са­налған 2024 жылғы Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Са­ғындық Тоғамбай кеше кешке рингке шық­ты. Құрама сапында көптен бері жүр­ген, әбден ысылған Сағындық ал­ғаш­қы кездесуінде шаршы алаң иесі, әлем кубогінің күміс жүлдегері, ұлыб­ри­таниялық Исаак Окохқа қарсы жұды­рық­тасты. Бұл салмақта да бәсеке көркі қыза түсетінін айдан анық. Кубадағы бә­сі биік бәсекелестіктен үнемі көлең­кеде қалып жүрген, 2017 жылы Әзер­бай­жан құрамасына ауысқан былғары қолғап шебері Лорен Альфонсо – чем­пион атануға басты үміткерлердің бірі. 2020 жылы Токио Олимпиадасында қо­ла жүлдені місе тұтып, араға 4 жыл са­лып, 2024 жылғы Париж Олимпиа­да­сын­да күміс жүлдегер атанған, әлем чем­пионы деген атағы тағы бар кубалық ра­сында да, бұл салмақтың көшбасшысы сана­лады. Тағы бір көшбасшы деп Па­риж Олимпиадасының қола жүл­де­гері, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүл­дегері испандық Эммануэль Рейесті атау­ға болады. Боксты бұрыннан бақы­лап жүр­ген жанкүйерлерге испандық­тың есімі жақсы таныс. Эммануэль Рейес 2020 жылғы Рио Олимпиадасында құра­­­­мада алтын жүлдеге үміткердің бірі саналған отандасымыз Василий Левитті но­каутқа түсіріп, оны жарыс жолынан ығыстырып жіберген-тін. Бұл екі тегеу­рін­ді боксшымен қатар жүлдегерлер қа­тарынан көрінуі мүмкін боксшы ре­тінде Азия ойындарының қола жүлде­гері, өзбекстандық Турабек Хабибул­лаев­тың есімі де жиі аталып жүр. 
«Алыптар айқасы» саналатын +90 ке­ліге дейінгі салмақта құрама капи­та­ны, 2024 жылғы Азия чемпионы, Аста­на­дағы Әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы Айбек Оралбай ел атынан сынға түспек. Ең қызығы, әлем чемпионатының қар­саңын­да екі дүркін Олимпиада чем­пио­ны, бес дүркін әлем чемпионы (2011, 2013, 2015, 2017, 2021), атынан ат үрки­тін кубалық Хулио Сезар Ла Крус сал­ма­ғын ауыстырып, әлем жұртшылығын таңғалдырды. Алтыншы рет әлем чем­пио­ны атағын иеленуге күш салатын Ла Круске қарсы әлем чемпионатының екі дүр­кін қола жүлдегері, әзербайжандық Мохаммад Абдуллаев пен 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүл­дегері испандық Аюб Гхадфа бокстасады. Испандық боксшыны да біздің жан­күйерлер жақсы таниды. Аюб Гхадфа был­тыр Париж Олимпиадасындағы ал­ғашқы жекпе-жекте Қамшыбек Қоң­қабаев­ты жарыс жолынан тайдырып, сенсация жасаған-тын.

Әзірлеген 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Ұлыбритания Ливерпуль World Boxing