«Ұрланған» өмір

5 қыркүйек, 2025 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Телефон бір кезде байланыс құралы ғана еді, бүгінде ол сананы шырмап, уақытты ұрлайтын «көрінбес кісенге» айналды. Ересектер жұмыс пен демалыстың арасын ажырата алмай, экранға телмірсе, балалар шынайы өмір мен жасанды әлемді ажырата алмайтындай күйге жетті. 

Бұл жерде мәселе телефонда емес, оған деген қарым-қатынасымызда болып тұр. Смартфондар өмірімізге өте жылдам ен­­гендіктен біз тіпті оның күнделікті өмі­рі­міз­ге, болашағымызға қалай әсер ететініне ой жүгіртпедік те. Құрылғының қандай функ­циясы өмірімізді жеңілдететінін, қай­сысы кері әсер ететінін сараптап жатпадық. Бә­рін шайнамай жұта бердік. Нәтижесінде, ол өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Таңымыз телефонмен атып, күніміз сонымен бата­ды. Ұйқыдан оянған сәттен қолымызға ұс­тап, келген хат-хабарларды оқып, одан әлеу­желіні бір шарлап, дүниедегі бар-жоқты тү­гендеп  барып дастарқанға отырамыз. Үс­тел басында да байғұсқа тыныштық бер­мей­міз. Оны ашпасақ, бірдеңеден құр қалғандай алақ-жұлақ ететініміз ше? Жұмыста да күні бойы онымен алысамыз. Барлық жерде те­ле­фонға телмірген жұрт. Бар шаруамыз сол ар­­қылы шешіледі. Ал смартфонды үйде ұмыт­­саң денеңнің бір мүшесін тастап кет­кен­дей сезінесің. 

– Номофобия дегеніміз – телефонсыз қалу­дан қорқу. Психоанализ бойынша те­ле­фон адам үшін маңызды объект. Бала кезінде адам анасынан жылулық пен қауіпсіздік із­де­се, ересек кезде сол сенімді телефоннан та­­­бады. Телефон қолында болмаса, ол өзін жал­ғыз, тастанды, ешкімге керек емес сезінуі мүм­кін. Бұл – бала кезден қалған жалғыздық қор­қынышының қайта оралуы. Адамның көп уақыты телефонға кететіндіктен ішкі жан дүниесі босап, өз сезімдерін қабыл­да­май­­ды. Сол себепті номофобия адамды ма­за­­с­ыз, ашуланшақ қылады, шынайы қарым-қа­тынастан алыстатады, – дейді психоанализ бағытындағы психолог Бибігүл Тойшы­бе­кова. 

Халықтың 80 пайызы ұйықтағанда ғана телефоннан ажырайды

«Көңілің қайда болса, өмірің сонда» деп осын­дайда айтылса керек. Уақытымызды, көңі­лімізді, жүрегіміз бен жан дүниемізді жау­лап алған смартфонның зияны туралы ар­найы зерттеулер жасалып, кітаптар жарық кө­ре бастады. Жақында сондай кітаптардың бі­рі қолымызға түсті. Авторы – Йель универ­си­тетінің түлегі, журналист, жазушы Кэтрин Прайс. Атауы –  How to Break Up with Your Phone: The 30-Day Plan to Take Back Your Life (орыс тіліне аударғанда «Оторвись от теле­фона») кітабы. Телефонға деген тәуелділіктен 30 күнде құтылудың әдістерін ұсынған Кэт­рин журналистік зерттеу жүргізіп, соңында оны кітап қылып шығарады. Автордың зерт­теуі бойынша, әрбір америкалық 1 тәу­лікте смартфонына 47 рет қарайды екен. Ал 18 бен 24 жас аралығындағыларда бұл көр­сет­кіш 82-ге тең.
Америкалықтар күніне орташа есеппен 4 са­ғатын смартфонға «жұмсайды». Бұл ша­ма­мен 1 аптаның – 28, бір айдың – 112 са­ға­ты. Ал 80 пайызға жуық халық ұйқыдан тұр­ғаннан кейін 30 минут ішінде телефонын тек­середі екен. Түн ішінде телефон қарай­тын­дар барлық тұтынушылардың 75 пайы­зын құрайды. Халықтың 80 пайыздан аста­мы телефоннан тек ұйықтағанда ғана ажы­­­­­­райтынын айтқан. Зерттеуге қатысқан­дар­дың 5-10 пайызы «Смартфонсыз өмір­ле­рін елестете алмайтынын» жеткізген. 
Автор өзінің де телефонға тәуелді екенін се­зініп, одан арылудың жолдарын іздей бас­тайды. Түрлі кітаптар мен мақалаларды оқи отырып, бұл тәуелділікті жоюдың жолы тек тос­қауыл қою мен жазалаудан тұратынын бай­қайды. Кэтрин мұны медициналық жол­мен емделетін ауруды халықтық жолмен ем­деу секілді екенін түсінеді. Осылайша, же­ке өзі тәжірибе жасап көреді. Ең алдымен күйеуі екеуі интернетке қосылатын құрыл­ғы­лардың бәрін  (смартфон, гаджет, ком­пью­тер) 1 тәулікке өшіреді. Алғашқы сағаттарда ерлі-зайыптылар маңызды қоңырауды жі­беріп алатындай елеңдеп отырады. Алайда бұл тәуелділіктің белгісі екенін саналы түрде түсініп, соңына дейін шыдайды. Бір күн смарт­фон­сыз жүрудің соншалықты қорқы-нышты емес екенін білгендіктен олар бұл тәжірибені жиі қайталай бастайды. Смарт-фонсыз уа­қыт­тың жай өтетінін байқайды. Оның ор­нына табиғат аясында серуендеп, кітап оқып, бір-бірімен көп сөйлеседі. Тіпті, өз­дері­не сенім пайда болып, денсау-лықтарының жақ­сарғанын сезеді. Өздері жоғалтып алған асыл дүниесін қайта тапқандай болады. Бұл әдемі әсердің ұзақтығын сақтау үшін олар те­лефонды өздері «басқаруы» керек деген қорытындыға келеді.  
Кэтрин осы идеяны қолдайтын ерік­ті­лерді іздей бастайды. Әлемнің 6 елі­нен, Американың 15 штатынан 21-73 ара­лығындағы 150 адам қосылады. Жинал­ған­дардың мамандықтары да әртүрлі еді. Олар­дың арасында мұғалім, жазушы, марке­то­лог, программист, аналитик, инвестор, р­едактор, компания жетекшілері, дизайнер, зергер, аспаз болады. 
Кэтрин қатысушыларға өзінің зерттеуіне не­гізделген лекциялар дайындап, бейсаналы әдет­тер, таңдау жасау, ұмытшақтық, хи­мия­лық емес тәуелділік, нейропластика, пси­хология, әлеуметтану бойынша тапсыр­ма­лар береді. Кері байланыста қатысу­шы­лар­дың кеңестері бойынша сабақтар толық­ты­ры­ла­ды. Осылайша, автор телефонға тәуел­ділік­тің кең тарағанын, адамдар теле­фон­нан ажы­рағанда уайымға салынатынын тү­сінеді. Бірақ соңында телефонсыз өткен уа­қыт өмір сүру сапасын әлдеқайда арттыра­ты­нына көз жет­кізеді. Нәтижесінде, журна­лист телефон­ға тәуелділікті азайтатын 30 тәсілді анық­тай­ды. Кітап дүние жүзіне кең тарап, бест­селлер атанады.
Жалпы, депрессияның себебін зерт­теген ғалымдардың көбісі адам­дардың бір-бірімен араласқысы келмейтінін ай­тады. Әлеуметтік қарым-қатынасты эк­ран­ға алмастырған адамдардың психо­ло­гия­лық жағдайы жайында iGen кітабының ав­торы Джин Твенге: «Адамзат қазір соңғы он­даған жылдағы ең күрделі жан саулығы дағдарысының шегінде тұр деу – асыра сілтеу емес», – деп тұжырым жасайды. Ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарды 25 жыл бойы зерттеп келе жатқан Твенгенің пайымдауынша, тарихта мұндай түбегейлі өзгерістер мұншалықты тез қарқынмен болмаған. «Жастар арасында байқалып отырған психикалық күйзелістердің басым бөлігі телефонды шамадан тыс пайдаланудың салдарынан» деп тұжырымдайды ғалым. 

– Смартфонға тәуелділіктен құтылу үшін психоанализ тұрғысынан бастысы – телефонды шектеу емес, оның артындағы сезімді түсіну. Смартфон адамға жалғыз еместігін көрсетіп, қауіпсіздік сезімін сыйлайды. Яғни, адамның психологиясын әлсіретеді, жалғыздық қорқынышын кү­шей­тіп, шынайы сезімдермен байланысын әлсі­ре­теді. Ал шын мәнінде ол – ішкі жал­ғыз­дық­тан қашу. Одан құтылу үшін адам­дармен кө­бірек сөйлесу, сезіміңді ашық айту маңыз­ды. Бос уақытта сүйікті ісіңмен шұ­ғыл­дану, спортпен айналысу да көп көмек­тесе­ді. Ең бас­тысы, өз қорқынышыңды мойын­дап, қа­был­дау, – дейді психолог Бибігүл Тойшы­бекова.

Жер шары халқының 48 пайызы телефонға тәуелді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да әлемде балалар мен жасөспірімдердің те­лефонға тәуелділігі соңғы жылдары 7 пайыз­дан 11 пайызға дейін өскенін айтып дабыл қағып отыр. 5-18 жас аралығындағы балалардың 80 пайызы күн сайын кемінде 2 сағат бойы ұялы телефонды қолданады. Ұйымның зерттеуіне сүйенсек, проблемалық мінез-құлық ұлдарға (9 пайыз) қарағанда, қыздарда (13 пайыз) көбірек көрінеді екен. Жасөспірімдердің 36 пайызы әлеуметтік желілер арқылы достарымен үнемі байла­ныста болуға тырысады, бұл да ұлдарға қара­ғанда қыздар арасында жоғары екен. Жа­сөспірімдердің 34 пайызы онлайн ойын­дарды күнделікті ойнаса, 22 пайызы кем дегенде төрт сағат ойнайды. Ұйым сондай-ақ дүниеге келіп жатқан әрбір екінші баланың цифрлық аутизмге шалдығып отырғанын алға тартады. Ата-аналар тарапынан «Балам­ның атын атап, шақырсам қарамайды» деген шағымды жиі естіп жатамыз. Міне, цифрлық аутизм­нің алғашқы белгісі осы. Сонымен қатар бүгінде көру қабілеті нашарлаған ба­ла­лар саны көбейіп отыр. Оның бірінші се­бебіне тұқым қуалаушылық, екіншісіне смартфонды көп қарауды жатқызуға болады. Телефонға алданып өзімен-өзі отырған бала қазір сізге ыңғайлы болғанымен болашақта ойлау қабілеті баяулап, есте сақтауы, көруі нашарлап, зейіні тұрақсызданып, әсіресе жаңа ортаға бейімделуі қиын болады. 
Әлем бойынша статистикаға сүйенсек, Жер шары халқының 48 пайызы телефонға тәуелді екен. Жас ерекшеліктері бойын­ша Z ұрпағы күніне 6 сағат 37 минут, ал миллениалдар – 5 сағат 57 минут телефон пай­даланатын көрінеді. 13-18 жас аралы­ғын­дағы жасөспірімдердің 50 пайызы өзде­рін телефонға тәуелді санайды. Бір өкініш­тісі, тәуелділер арасында физикалық және психологиялық  мәселелер жиі кездескен. 
2020 жылы Оңтүстік Корея ғалымдары оқушыларға зерттеу жүргізген. Мамандар 7-16 жас аралығындағы балаларға күніне 4-8 сағат телефон қарауға  мүмкіндік берген. Бір ға­на шарты – балалар гаджетті 20-30 см қа­шық­тықта көруге тиіс. Осы тәжірибе бары­сында көптеген баланың көзі қылилана бас­таған. Балалардың көзі 2 ай бойы гаджет ұста­маған кезде ғана өз орнына келіп, ж­азыл­ған. Ғалымдар экраннан бөлінетін электромагниттік сәулелер адамның көзіне көп зиян екенін дәлелдеген. Бұдан бөлек, ба­ланың көзі ауырса, бірден офтальмологқа қарату керек дейді мамандар. Себебі гаджет қы­лилықтан басқа бірталай көз ауруына ұшыратады екен.  
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы жыл сайын 5 млн бала смар­т­фон­ның кесірінен көз жұматынын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі телефон ойынына құ­мартқандар. Тағы бір дерек. Weill Cornell Medicine жүргізген төрт жылдық зерттеуге 4 300 бала қатысады. Нәтижесінде, смартфонға тәуелділік белгілері бар балаларда суицидтік ойлар мен психикалық мәселелердің деңгейі басқа балаларға қарағанда 2-3 есе жоғары еке­ні анықталған. Ғалымдардың айтуынша, бас­ты қауіп – экран алдында өткізген уақыт­тың ұзақтығында емес, смартфонды қалай қол­данғанында. Мамандар телефонға тәуел­ді­лік есірткі мен психотропты заттардан да қауіпті екенін ескертіп отыр. 
2022 жылы алғашқы тоқсанына зерттеу жүр­гізген Kaspersky компаниясы Қазақ­стан­да балалар арасында ең көп қолданылатын қосымша YouTube екенін жариялады. Одан бөлек WhatsApp және TikTok желілері көш бастап тұр. 
2023 жылғы зерттеулер бойынша Қазақ­станда 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың 70 пайызы ұялы телефонды күнделікті қолданады. 10-12 жастағы балалардың 50 пайыз­дан астамы ұялы телефонды 3 сағат­тан көп қолданады. Бұл көрсеткіш жасөс­пірім­дер арасында әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Мұндай қызығу­шы­лық­тың салдары да оңай болмай тұр. Елімізде жыл сайын 3 мың бала жүйке жүйесі дертіне шал­дығады екен. 

Дофамин тұзағы

Кейінгі жылдары скроллинг термині кең тарала бастады. Бұл смартфон, планшет немесе компьютерде ақпаратты шексіз жоғары-төмен жылжытып көру әрекеті. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «шексіз скроллинг» алгоритм арқылы жаңа контентті үздіксіз шығара береді. Бұл адамды ұзақ уақыт экранға «байлап» қояды. Әр видеоны көрген сайын мида домафин бөлінеді. Ал негізінде ол гормон нақты бір істі аяқтап, нәтижеге жеткенде бөлінуі керек. Бұл – сапалы дофамин. Ал скроллингте гормон тоқтаусыз бөлініп, адамды дел-сал қылып, шаршатып жібереді. Сонымен қатар short видеоны көрген адамның миы қысқа уақыт ішінде мыңдаған бейне, сурет, мәтін қабылдайды. Бұл – жүйке жүйесіне өте үлкен салмақ. Қарапайым өмірде адам қуанады, өкінеді, жылайды, шаттанады. Мұның бәрі – табиғи процесс. Ал 1 минутта көрген бірне­ше видеода адам осы сезімдердің бәрін бір сәтте «бастан кешуге» мәжбүр. Осыдан келіп адамның ұзақ уақыт бір іске көңіл бөлуі қиындайды. «Клиптік» ойлау жүйесі қалып­тасады. Яғни, ақпаратты үстірт қабылдап, терең талдау жасай алмайды. Ғалымдар мұны attention residue effect деп атайды, яғни бір тапсырмадан екіншісіне ауысқанда ой толық шоғырланбай қалады. 
Скроллингтің адамның жадына да кері әсері көп. Ми көп ақпаратты сақтай алмайды, сондықтан маңызды деректер есте қалмай­ды. Ал ұзақмерзімді жадқа көшу қиындайды. Нәтижесінде, есте сақтау қабілеті мен оқу тиімділігі төмендейді. Бұған қосымша ұйқы бұзылады. Түнгі скроллинг мелатонин бө­лінуін тежейді, содан келіп ұйықтау қиын­дайды. Ұзақ уақыт әлеуметтік желіде отыру өзін-өзі төмен бағалау, мазасыздық, депрес­сия қаупін арттырады. Ал ең бастысы, алтын уақыттың ұрлануы. Адам сағаттап телефон ұстап отырғанын өзі де байқамай қалады. 

P.S: 

Смартфон өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол білім алуға, жұмыс істеуге, байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Алайда қолымыздағы бұл шағын құрылғы уақытты ғана емес, назарымызды, көңілімізді, тіпті болашағымызды басқаруға дейін жетті. Смартфон бізге қызмет ететін құралға айналуы тиіс. Біз оның құлына айналмасақ болғаны...

Тэгтер:

телефон өмір тұзақ