Жамбыл Артықбаев: Астананың бұрынғы атауы – Қараөткел

5 қыркүйек, 2025 / Арайлым Жолдасбекқызы

Еліміздің бас қаласы, әлемнің жас қаласы Астана туралы осыған дейін талай еңбек жарық көрді. Осынау ғажайып өлкенің әлі де толып жатқан тылсым сырлары тарихқа құмар оқырмандарға қашан да қызық. Сарыарқа төсінде, Есіл мен Нұра арасында орналасқан шаһардың ғасырлар мен мыңжылдықтарға тамырланған жұмбаққа толы тарихын ғалым Жамбыл Артықбаев «Қараөткел құпиялары» атты тарихи-танымдық кітабында баяндайды. Биыл жарық көрген еңбекті қолымызға алып, қызықты тарихи деректерді қарап шықтық. Өлке мен қала тарихын зерттеу, деректерді талдау барысын түсіну үшін әрі оқырманға да берері мол болар деген оймен ғалымның өзіне хабарласып, әңгімелескен болатынбыз.  

– Астананың орнында бұрын Қа­раөт­кел деген қала болғанын тарихтан бі­­леміз. Қараөткел атауының шығу төр­кіні мен тарихи мәні қандай? 

– Астананың бұрынғы атауын бәрі Ақ­мо­ла дейді. Дұрыс емес, біздің астанамыздың бұ­рынғы замандағы атауы – Қараөткел. Есіл өзе­нінен көктемде су тасыған уақытта өту қиын, бірақ су деңгейі түсе келе Қараөткелден бас­қа Күйгенжар, Тасөткел (Қараменді батыр ауы­лы тұсында), Айыр өткелде (Шаншар тұ­сын­да) ел жазда ары-бері көшіп-қон­ған­да пайдаланатын, сауда жасайтын керуендер тоқтайтын қоныс-жайға ыңғайлы өткелдер бол­ған. Қазақ тілінен хабары жоқ өлке­тану­шы­лар «қара» деген сөзді теріс қабылдап, жол то­сатын қарақшылары бар өткел деп түсін­дір­ген. Ол түгілі Қызылжардан шығып Қа­раөт­кел арқылы Нұра мен Сарысуды бойлап Түр­кістан асатын «Хан жолын» орыстілді өл­кетанушылар «Қанды жол» деп түсінген. Шын мәнінде, «қара» деген сөз үл­кен, көп, маңызды деген мағынада қол­да­нылады. 
Қаланың ескі бөлігіне тамаша көрік бе­ріп тұрған құрылыстардың бірі – диірменші Мои­сеевтің үйі. Өкінішке қарай, өлкетануға жә­не қала құрылысына арналған әдебиетте бұл үйдің тарихы, оның алғашқы иесі ту­ра­лы мәлімет аз. Қазір тарихшылар отар­шыл­дық кезеңде қалыптасқан сүрлеумен жүріп, осы ғимаратты Кеңес өкіметінің орнауымен тығыз байланысты деп сипаттайды. 
Біздің қолымыздағы деректер Қараөт­кел­дің диірменшілердің қаласы болғанын ай­ғақтайды. Диірменшілердің көп болуына не себеп? Біздің ойымызша ең басты себеп – Ақмоланың көшпелі тайпалардың қажетін өтеп тұрған ең көрнекті қала екенінде. Сонау Шу мен Сарысу бойында қыстайтын қазақ ба­­­­ласы қысы-жазы ұнды осы Қараөткелден алған. 

– Қараөткелдің көпестердің қаласы болғаны рас па?

– Қараөткел – әуел бастан үлкен сауда­ның басы қосылған жер. Есіл өзеніне сау­да­гер­лер мен елшілік-дипломатиялық мис­сия­лар өтетін, маңайында айлап тоқтап сауда жа­сайтын керуен сарайлары мен тұрақты қо­ныс-жайы болған жер. Орта ғасырларда Түр­кістан мен Сібір хандығы арасында жүр­ген сауда қарым-қатынастарында Қараөт­кел­дің аты аталады. Тек қана Сібір емес, ба­тысқа қарай Еділ бойына шығатын сауда жол­дары да Қараөткелде бір-бірімен тоғы­са­ды.  Сонау 1830 жылдардың басында Ақмо­ла салынбай тұрып, Есіл бойына барлау жұ­­мысын жасаған орыс командирлері Қараөт­келде сауда керуендерінің айлап жа­тып сауда жасайтынын сипаттаған. Округ ашылуына байланысты сыртқы елдермен сауда азайды, оның орнына ішкі сауда одан ары дамыды.  
Қараөткелде қоныстанған алғашқы сау­дагер­лер туралы, оның ішінде аса белсенді болған Сібір татарлары екені бізге дейін­гі зерттеушілер де  жазып кеткен. Қа­раөткелге алғашқылардың бірі болып қо­ныстанған Ноғаевтар әулетінен шыққан кө­пестердің бекініс қабырғасына жақын, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен Бурабай Сейітовтің тұтас ағаштан қиып салған үйі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды. 
1867-1868 жылдары «Уақытша Ережелер» ен­­­­гізілгеннен кейін сауда ерекше қарқын алды. Ақмола бұл кезде уездік орталыққа ай­налып, қала мәртебесін алды, халқының саны 1869 жылы 5 172 адамға жетті. Ақ­мола­ның қала мәртебесін алуына байланысты кө­пестер он жылға алым-салықтан боса­тыл­ды. Осыған байланысты Сібір мен Оралдан, Орта­лық Азия мен Шығыс Түркістаннан кө­пес­тер ағылып келе бастады. 1863 жылы қа­лада тұрақты ресейлік – 51 адам, шетелдік 340 адам тіркелді. Ақмоланың барлық сау­да­герлерінің саны уақытша келгендерді қос­қанда 1 236 адамға жеткен. 
Ақмола қазақ малының арқасында байы­ды. 1905 жылы Ақмола жәрмеңкесінде 1 450 000 рубльдің саудасы жасалса, 1910 жы­лы бұл көрсеткіш 1 716 000 рубльге жет­кен.  
ХХ ғасырдың басында К.Шахов түсірген сурет­тердің бірінен екіқабатты сәнді, еңселі құрылысты көреміз. Астыңғы қабаты кір­піштен, үсті ағаштан салынған өте сәнді үй­дің бұрыштары мұнара тәрізді көтерілген. Ша­тыры көтеріңкі, орта тұсынан жоғары өрлеп ерекше сатыланған, терезе жақтаулары мен шатырдың етегі бай ою-өрнектермен бе­зендірілген. Бұл үй Керуен сарай алаңын (қазіргі Астана қаласы әкімдігінің маңы) мешіт көшесінен бөліп тұр, қазіргі көшелер ре­тінде қарасақ, Абай мен Бейбітшіліктің қиы­лысы. Қазақстан Үкіметі Ақмолаға кө­шіп келген уақытта осы үйдің орнына Пар­ла­мент ғимараты салынды. К.Шахов тас­па­лаған үйдің иесі Ақмоланың атақты кө­песі Ғалиасқар Халфиннің үйі болатын. 
Қазақ арасында «біз саудаға бейім халық емес­піз» деген ұғым қалыптасқан. Бұл – еш­қандай тарихи негізі жоқ бос әңгіме. Қа­зақтың өзінің ішкі саудасы, айырбасы бол­ғаны ешкімге жасырын емес, мал жеке мен­шікте болғандықтан әр адам жеке басы­ның мүлік-дүниесіне иелік жасағандықтан сау­да мен айырбастың болуы заңды. Ал қа­зақ­тан шыққан ірі саудагерлердің ерте за­манда болғанына дәлел ретінде Қараөт­кел­дегі алғашқы кәмпит-тоқаш өнімдерін шы­ғаратын фабрика иесі Қосшығұлов әулетін ай­тамыз. ХІХ ғасырдың ортасында қаланың қа­рапайым жатақтарының ортасынан кө­терілген Баймұхамбет (Байкөп) Қосшығұлов за­ма­нында ірі саудагерге айналды, онымен де тоқталған жоқ, өндіріс орындарын аша бас­тады, оқимын деген жастарға қамқорлық көрсетті. Қараөткелге алғашқы америкалық ав­томобильді айдап келген де осы Байкөптің үлкен ұлы – Құрманғали Қос­шығұлов. 
Ақмола тек көпестердің қаласы емес. Көп­теген архив дерегі ХІХ ғасырдың соңына қа­рай қалада өндірістің пайда бола баста­ғанын көрсетеді. Осыған дейін тек шетел (Ре­сей, Бұхар, Қытай) тауарларына бағы­ныш­ты Ақмола саудагерлері мен алыпса­тар­ларының ішінен Қосшығұловтар сияқты кәм­пит-тоқаш фабрикасын салып іске қос­қан кәсіпкерлер шықты. Патша заманында Қа­раөткелде дүкен ұстаған, қала басқар­ма­сы­на басшылық жасаған Кубрин әулеті тура­лы да ел арасында әңгіме-аңыз аз емес. Осы жылдары «Андриан Кубрин и сыновья» мен­шік иелері 21 000 пұт сыра өндіріп, Ақ­мола облысы бойынша алдыңғы орынды иеленді.   

– Енді қала тарихынан табиғатқа ауыс­­сақ. «Тоғанастың 92 көлі» деп Есіл мен Нұра арасындағы көлдерді айтамыз. Ра­сында, 92 көл бар ма? 

– «Тоғанастың 92 көлі» – Есіл мен Нұра ара­сындағы көлдер. Яғни, бұл көлдер екі өзен­нің ортасында орналасқан біздің Астана қа­ласының көлдері десек қателеспейміз. Бү­гінде қала біз атаған екі өзеннен нәр алып отыр. 
Есіл мен Нұраның арасы – толған кіші­гі­рім көлдер мен көлшіктер. Су тасыған уа­қыт­та олардың бәрі де арнасынан аса өзен суы­мен толып алады да жазғы жайлауға көш­кен елге қызметін жасай береді. Бірақ Нұра қалаға жақындай бере күрт оңтүстікке бұры­лып, жолда Қорғалжын қопасынан өтіп, Теңіз көліне барып құяды. Негізінен, Нұра суының арқасында оның оң жағалауы да, сол жағалауы да көлдер жүйесіне толы. Ақ­мола мен Сабындыкөл арасындағы үлкен кеңіс­тік ұсақ көлдерге, өзеншелер мен өзек­терге толы шалғынды өңір қазақтың ауыз әң­гі­мелерінде «Тоғанастың 92 көлі» атала­ты­ны осы себептен.
Мен 92 көлді түгел атап бере алмаймын, тек олардың ішіндегі ірілеріне ғана тоқталып өтейік. Қазақ астанасының мөлтек аудан­да­рының ішінде қалған Үлкен және кіші Тал­ды­көлден бастаймыз. Бошан көлінің түйт­кіл­ді мәселелері астаналықтардың бәріне бел­гілі. Майбалық көлі жағасында аэропорт ор­наласқан. Мәлі көл, одан басқа да тарихи жылнамаларда аталатын көлдер қаншама?! Жа­лаңашкөл Нұра мен Есілді қосатын Мұ­қыр өзенінен батысқа қарай 8 шақырым жер­де. Жағасында Бекбау моласы бар. Жа­лаңашкөлге Қос қопа жалғасқан, бұл жан-ж­ағын қамыс басқан терең сай көктемде Нұра суымен толады. Жазды күні су орнында ми батпақ қана көрінеді, арасы көк шалғын. Қос қопадан бес шақырым жерде Бұрташ кө­лі жатыр. Ол да қамыс басқан тұщы көл­дер­дің бірі. 
Сабындыкөлге қарай жердің құнары ар­та түседі. Бұл жерде ертеден қазақ егінші­лі­гі дамығаны белгілі. Сабынды көл екеу: Үл­кен және кіші (Қозылы) деп аталады, бір-біріне жақын орналасқан. Осы көлден сол­түстікке қарай орналасқан тұщы көл­дер­дің бірі – Шөптікөл. Одан әрі бір-біріне жал­ғасып Жалтырша көл, Шұбыртпалы көл, Қа­раегін көл, Сарыкөл, Ұзынкөл, Кішкене көл сияқты толып жатқан көлдерді көреміз. Құм көл – Кішкене көлден 5 шақырым. Бұлар­дың бәрі қазір де бар, бірақ кейбіреу­лері­нің атауы өзгерген.  
Теңіз көліне қарай су ащылана береді. Ащы құм көл, Байбота сор, Саумал көл – ащы көлдер. Осы сорлардың ортасында Жұмай жә­не Шұңқыр көл сияқты тұщы көлдер бар. Жұмай ақсақалдың айтуынша, ертеде ащы көл көп болған. Ата-бабаларымыз арықпен ащы суды сыртқа шығарып, тұздан арылтып отыр­ған. Елдің арасындағы көнекөз қария­лар осы сияқты ескілікті әңгімелерді айт­қан­да сенер-сенбесіңізді білмей, таңғалып оты­расың. Ғылыми негізін тексере келсең, дұ­рыс болып шығады. Қазіргі гидролог ма­мандар қазақтың тәжірибесін ескермейді, не арық жүргізе алмайды, не бөген сала ал­май­ды, талай өзен мен көлді көз алдымызда құр­­­­тып жүр. Ертеде маңайындағы қалың елге нәпақа болған Жұмай көлі бүгінде әбден саязданып, батпақтанып кеткенін көрдік. Қоқи­қаздардың мекеніне айналған. 
Теңізге таяу орналасқан  Жосалы көл, Қоржын көл, Тілекей, Асан қожа, Көбек, т.б. Олармен қатар ірі өзектер Сопы қара суы, Ақ Тайлақтың қара суын көл деп атауға келеді. Жар көл, Қоскөл, Ұзын көл, Тоғанас, Бат­пақ көл сияқты көлдер Қара егінге дейін со­зы­лады, маңдайы аздаған төбелері бар те­гіс дала, осы жерлер ертеде қазақ егінші­лігі­нің дамыған алқаптары болған. 
Өткен жылы Қорғалжын ауданын ара­ла­ған уақытта 20 жыл бойы қорықта бас ма­ман болып істеген бір орыстың қазірге дейін көлдердің жағасында сақталған терең арық­тар мен шығыр орындарының не еке­нін түсіне алмай басы қатып жүргенін көр­дім. Бұл бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың күрделі ирригациялық құрылыстарынан қал­ған ескерткіш десем сенбейді. Оның ойын­ша, қазақ мың жыл бойы малдың ар­тын­да жүрген ел. Кеңес өкіметі осыны ми­ла­рына құйып тастаған. Орыс түгілі, осы жер­де жүрген қазақтың өзі сенбейді, сенер еді ол байғұс «Бұл не?» деп тіпті ойланбайды да. 
Біздің «Тоғанастың 92 көліне» қатысты ең басты дерегіміз, олардың егіншілікке қа­тыс­тылығы. Бұл дәстүр кем дегенде орта ға­­­­сырлардың төріне дейін барады, мүмкін одан да ары. Қазақтың ескі әңгімесіне қара­ғанда, Есіл мен Нұраның арасындағы көлдер бұрын ноғайлылардың егін жайы екен-мыс, олар егінді суаратын болған деседі. 
Екі өзеннің аралығындағы көлдердің көп екеніне дау жоқ, бірақ олардың не себеп­тен «92» атанғанын дөп басып айту қиын. Мүмкін Шыңғыс хан жаулап алғанға дейін Ұлы далада үстемдік құрған көшпелі тай­па­лар бірлестігі – «тоқсан екі баулы қыпшақ­пен» байланысты ма екен? Кейін бұл саяси құрылым «тоқсан екі баулы өзбек» болып қай­та құрылды да, XV ғасырдың басында бір­жолата өзбек және қазақ болып бөлініп кет­ті. Олардан сәл ертерек осы құрамдағы маң­ғыт та оқшауланып, Ноғай Ордасының не­гізін құрады. Қалай болғанда да «Тоға­нас­тың тоқсан екі көлі» қыпшақ дәуірімен бай­ла­нысты сияқты. Бұл жерде Тоғанас сөзі атау тұлғада қолданылып тұр ма, әлде басқа бір мағынаcы бар ма, оны ғалымдар айыра жатар.        

– Ерте заманның ескерткіштерінің бірі – Бұзоқ қалашығы. Ол туралы тари­хи деректер аз секілді. Ғалымдарымыз­дың мұқият зерттеуіне не кедергі? 

– Бұзоқ қалашығы туралы ғылымға ал­ғаш хабар берген өлкетанушы Л.Семенов оның әрқайсысы жеке-жеке қоршалған үш алаң­қайдан тұратынын жазады. Өкінішке қа­рай, кеңес дәуірінде бұл қалашық орнында зерт­теу жұмыстары жүргізілмеді. Қайта тың игеру­шілер қазақ даласына қаптаған уақытта олар­дың тракторларының шынжыр таба­нын­да қалды. Ескерткіш әбден тоз-тозы шық­­­­қандықтан бүгінде ол жерден тарихи ай­ғақтарды алып шығудың өзі қиын.  
Бұзоқ қалашығы туралы айтқанда ака­де­мик Әлкей Марғұлан есімі ойға оралады. Әлекең Есіл бойындағы Ормамбет, Өркөшегі, Көрпеш бұлақ сияқты ортағасырлық қала­шық­тарды тізе келе Бұзоқ атын да атайды.  Осы­ған дейін тек «Бұзоқты көлі жағасындағы қа­лашық» атанып келген ортағасырлық ес­керт­кіш енді Бұзоқ қаласы атанды. Қала орнында 1999 жылдан бастап бірнеше жыл қаз­ба жұмыстарын жүргізген, шын мәнінде қа­лашықты елге танытқан қазақтың атақты ға­лымы Кемал Ақышев ағамыз оны оғыз-қып­шақ дәуірінде салынған көсемдердің әкім­шілік-саяси ордасы есебінде бағалады. Аға­мыздың қазба жұмыстарының кейбір нәти­желеріне қарап, қалашықтың салынған уа­қыты VII-Х ғасырлар болуы мүмкін деген жо­рамалы есімізде. 
Бұзоқ қалашығының мұқият зерттелуі бел­гілі дәрежеде орта ғасырлар дәуіріне қа­лам тартып жүрген азаматтарға үлгі болмақ. Тари­хи деректер аз сақталған Сарыарқаның ор­та ғасырлардағы әр ескерткішіне ыждағат­пен қарау керек, олардың саны да көп емес және әрқайсысының атқарған үлкен қызметі бар. 

– Есілдің бойындағы «Ормамбет та­мы­ның» сыры мәлім бе?

– Әртүрлі дәуірлердің ауыртпашылығын кө­теріп, ғайыптан аман қалған ескерт­кіш­тер­дің біразы Есілдің Қараөткелден жоғары жә­не төменгі ағысында кездеседі. Олардың ішін­де Көрпеш бұлақ, Ор, Ормамбет, Аққай­рақ­ты, Үкір, т.б. туралы ертедегі саяхатшылар мен кен іздеушілер бірсыпыра мәлімет қал­дыр­ған. 
Есілдің бойымен төмен келе жатқан жо­лау­шы Ормамбет қалашығына Атбасардан өткеннен кейін жолығады. Жергілікті өлке­тану­шы Клара Әмірқызы қазір Жабай ата­нып жүрген өзеннің бұрынғы аты Атбасар еке­нін бірнеше рет жазған еді. Атбасардан Есілді бойлай Қимаға қарай баратын тас жол­­мен жүрсеңіз, алдымен Самар, онан кейін Сергеев селолары кездеседі. Осы екі ауыл­дың ортасында, Есілдің оң жағалауына сал­ған бұл қалашықтың қорғанының ау­даны 200 шаршы метрдей болар. Ормамбет қа­лашығының қазір ұзындығы мен енін анық­таудың өзі қиын, әбден адам аяғы ба­сып, әртүрлі шаруашылық жұмыстарымен тегістеп тастаған. Ескерткіш әбден мүжіліп, то­зып біткендіктен оның биіктігін айыру қиын. Патша заманында қалашықтың орна­лас­қан жеріне қызығып бұл жерде сауда жә­не пошта қатынасына қажетті пикет сал­ған, кейін келе қарашекпендердің Дмит­риев­ка деген поселкесі орнады. Тың көтеру ке­зін­де өкімет назарын Сергеевкаға бөліп, Ор­м­амбет қалашығының қорған тасына дейін бұзып алып, совхоз орталығына та­сыған. Жалғыз қалашық емес, осы маңайдағы оғыз-қыпшақ дәуірінің тас обаларының да, олардың жанындағы сынтастардың да көзі жойылды. Осылайша, бүгінде Ормамбет ие­сіз қалды. 
Осы ескерткіштің орналасқан жері оның стратегиялық маңызы біздің жерімізді ер­теде мекендеген ата-бабаларымыздың на­за­рын қашан да өзіне аударып отырған. Бірін­ші­ден, бұл жер Терісаққан бойымен жүретін сау­да жолы тармағына жақын. Екіншіден, Есіл­дің батысқа қарай ағып келіп жалт етіп сол­түстікке бұрылатын жері – түбек, қорған. Бұл жерде де үлкен ордың ізі көрінеді. Үшін­ші­ден, Ормамбет қалашығы Еділ мен Жайық­­қа иек артуға ыңғайлы жер, Сарыар­қаның күнбатыс қабағы. Осы факторларды есептей келе, Ормамбет қалашығы атақты Орыс­ ханның ордасы деген пікірге қосылуға бо­лады. Қазақ арасында атақты Орыс ханға қатысты айтылған біраз сөздер бар, олардың ішінде «Он сан ноғай бүлгенде, Ормамбет хан өлгенде, Ордың Қара ағашы жанғанда» деп басталатын «Ел айырылған» жырлары көпшілікке мәлім.
Қадырғали Жалайыр Орыс ханды сол­түстік жақта Қыштым деген жерде дүние са­л­ды десе, Өтеміс қажы Орыс хан Тоқ­та­мыс­тың соңынан қуып жеткен жерінде, түн­гі шайқаста қайтыс болды дейді. Қалай бол­ғанда да қазақ шежіресі орта ғасырларға қ­атысты кейбір деректерді интерпрета­ция­лау қажет екенін дәлелдейді. Есіл, Нұра ара­сын­дағы қалашықтар мен егіндік жерлер, арық­тар мен қолөнер орталықтарының бас­тауы Оғыз қағанмен, ал соңғы кезеңі Орыс хан тұлғасымен, яғни, Ақ Орда тари­хы­мен байланысты. 
Бір ғажабы, Қараөткелден солтүстікке қа­рай Сілеті өзенінің төменгі ағасында «Орыс қорасы» деген қалашықтың орны бар, ол жерде де қызыл кірпіштен көтерілген ескі құрылыстың орны жатыр. «Орыс қорасымен» қа­тар сырлытам, қызыл оба сияқты оғыз-қып­шақ дәуірінің ескерткіштері де бар. Ор­мамбет хан әңгімесінің бір шешімін Есіл мен Сілеті арасындағы көш-керуен жол­дарынан да іздеген жөн болар. 

– Елордалықтар атына қанық «Тай­тө­­бе­нің» тарихына бойласақ. 

– Сарыарқаның қос өзені Есіл мен Нұра бір-біріне жақындаған жадағай, жайлы өл­ке­де Тайтөбеден биік жер жоқ. Оның басына шық­саң, көз жетер маңайдың бәрі алақан­да­ғы­дай көрініп тұрады. 
Нұра Тайтөбені оң жағымен, шығыстан ай­налып өтеді де содан ары Қорғалжын қо­пасы арқылы теңіз көліне қарай тіке тар­тады. Егер осы алаңға құс қанатының үсті­нен қарасақ, Тайтөбенің өзенге бір жағынан кірік­кен түбек сияқты жер екенін аңғарар едік. Осылайша, Тайтөбе тек батысынан, яғ­ни қазіргі Астана жағынан ғана ашық та­биғи бекініс. Ертеде жаугершілік заманда тө­бенің батыс алқабын алыстан орағытқан, өзен­нің бір қылта тұсынан шығып, келесі бір бұралаң тұсына дейін тікелей тартатын те­рең ор болған шығар деп ойлаймын. Са­рыар­қа жерінде мен көріп жүрген ортаға­сыр­лық қалалардың фортификация және жан сақтау мәдениетінің бір белгісі осы ор. Орта­ғасырлық қоныстардың барлығы да, әсіре­се хан мен сұлтандардың ордалары, осы­лайша тұтқиыл шабуылдардан қорға­на­ды. Біз Өлеңтінің Әулиекөлге құятын тұсы­нан Ақкөл жайылма қалашығын зертте­ге­ні­м­ізде, оны да алыстан ораған терең ордың ізі сақталғанын анықтаған едік. 
Тайтөбенің Нұра өзені жағында ескі қа­лашықтың, үлкен қоныстың орны жатыр, егер зерттеушілер арнайы уақыт бөліп, төбе­нің жан-жағын шұқылап қараса бұл жерден қадым заманның бірталай ескерткіштері шы­ғайын деп тұр. Ең бастысы, біз Тайтөбенің ұзақ уақыт қорғануға ыңғайлы, оның үстіне адамы да, малы да судан, азықтан тарық­пай­тын Нұраның табиғи арнасы мен қолдан жа­салған саласы арасында орналасқан жер екенін аңғардық. 
Біздің қолымыздағы бар деректерді са­лыс­тыра қарасақ, өзгеше көрнекті, бертінде қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. Кейбір зерт­теушілер «мола» атауы Антика дәуірінің тарихшыларының еңбектерінде кездеседі деген пікір айтады. Солардың бірі Прокопий «мола» сөзін «қамал» мағынасында қолда­нады, осыған байланысты «Ақмола» атауын «Ба­тыстағы қамал» деп түсіндіруге бола­тын­дай. Біз Ақмоланың алғашқы нұсқасы қалай бол­ғаны туралы ештеңе де айта алмаймыз, кесене де, оның жанындағы мұнара да толық қираған, ал олардың әлі де сақталған ірге­тасын арнайы зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген ғалым болмады. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш ізі жоқ, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде саман кірпіштен қаланған шошақ құрылыс бол­ды ма деп жобалаймыз. Кезінде биіктігі бір­неше метр, диаметрінің өзі он шақты метр болғаны көрініп тұр. Осы кесененің жа­нында орналасқан сақ, ерте ғұн дәуірінің қорған-обаларын Кемел Ақышев жартылай зерттеді. Әрине, бір мың жылдан аса аяқасты болып жатқан ескерткіштер тозады. Сондықтан Тайтөбенің көне тарихынан хабар беріп тұрған қорған-обалар маңызды. Күтім керек-ақ. Сөз жоқ, қазақтың Ақмола болып ел есінде қалған кесене мен қарауыл мұнараның ғұмыры – кемі мың жылдың ар жағы. Оның не себептен Ақмола атанғаны белгісіз, мүмкін сыртқы сылағы ақ балшық болды ма екен? 
Қалай болғанда да Тайтөбе – Есіл мен Нұра аралығындағы елдің қадым заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі. Тайтөбе тарихи-мәдени қорық болуға лайық орын, сол себептен ауыл, аудан, қала басшы-лары осы бір қасиетті төбені сақтауға, көркейтуге баса назар аударулары керек. Тайтөбенің бүгінгі күні онша мәз емес, оның бір жағы ашық карьер, бір жағында құрылыс жүріп жатыр. Тайтөбенің маңайынан ақ бал­шықты қазып алып жатқан елді көресің. «Ағып жатқан ақ Нұра» тас-талқан, өзенді әр жерден буып тастаған, жарын қопарып арлы-берлі тасыған ірі машиналар. Тайтө­бенің табаны аппақ балшық екен, бір бүйірінен үңгіген карьер төбенің қойнын жар­қырата ашып тастаған. Осы жерде нә­пақа айырып жүрген жігіттер төбенің атын да білмейтін сияқты, тіпті төбенің етегіндегі Тайтөбе ауылының кіреберісінде тақта да жоқ. Өкінішке қарай, бір ғана Тайтөбе емес, кейінгі жылдары елордада құрылыс жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Көп ескерткіш құрылыстың астында қалып қойды, жойы­лып кетті. Бұл, әрине, өте өкінішті. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Тэгтер:

Астана Қараөткел Жамбыл Артықбаев