№1: Швейцария

5 қыркүйек, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Экономиканың бәсекеге деген қабілеті көпқырлы ұғым. Оны бір ғана ЖІӨ көлемімен, өнімділікпен немесе жұмыспен қамту деңгейімен өлшеу мүмкін емес. Ол саяси, әлеуметтік, мәдени өлшемдерді қатар қамтитын күрделі құрылым көрсеткіштері арқылы ғана айқындалады. Бұдан бөлек, құбылып отыратын сыртқы жағдайлар, макроэкономикалық ахуал оған қай қырынан әсер етеді?
IMD World Competitiveness Center өзінің басты зерттеу құралы World Competitiveness Ranking арқылы осы сұрақтарға жауап іздейді. Бұл рейтинг кейінгі 37 жылдан бері мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі туралы дерек пен талдау жариялап келеді. Зерттеу жаһан, өңір, субөңір және адам өлшемдері тұрғысынан жүргізіледі. Ол үшін сыртқы ресми статистикамен қатар әлемнің 69 экономикасында жүргізілген арнайы сауалнама нәтижелері қорытылады.
Биылғы маусымда бұл рейтингтің кезекті саны шықты. Онда Қазақстан 34-орынға шығып, бір сатыға жоғарылаған. Әлем елдері қалай дамып жатыр, оны өлшеу үшін қандай индикаторлар негізге алынады? Біз қай тұстамыз? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын іздеп, әлемдегі жағдайды бағамдау үшін бәсекеге қабілетті елдердің әрқайсына тоқталуды жөн көрдік.

2025 жылы әлемнің ең бәсекеге қабілетті елі деп Швейцария танылды. World Competitiveness Ranking елдің көшбасшы атануына тұрақты институционалдық база, мықты қаржы жүйесі, сапалы білім беру мен халықаралық деңгейдегі сенімді серіктес ретіндегі беделі ықпал еткенін айтады. Дегенмен елдің көрсеткіштеріне жеке-жеке үңілсек, оның да шешімін күткен мәселелері бар екені байқалады.

Швейцария – көлемі шағын, бірақ экономикалық әлеуеті зор мемлекет. Жер көлемі – 41,3 мың шар­шы шақырым, бұл жағынан әлем бойын­ша 58-орында. Соған қарамастан, инф­рақұрылымы қарқынды дамыған, өз аумағын тиімді игеріп отыр. Ха­л­қы­ның саны – 9 млн адам, әлем бойынша 44-орында, дегенмен 936,6 млрд дол­лар­ға ЖІӨ көлемімен 19-орында тұр жә­не PPP бойынша жан басына шақ­қан­­дағы ЖІӨ көрсеткіші – 95 мың дол­­лар (6-орын). Яғни, ел азамат­тары­ның өмір сапасы мен табысы әлемдік стан­дарттардан жоғары. Бұл Швей­цария­ның экономикалық қуатын ғана емес, оның әлеуметтік тұрақтылығын да аңғартады.
Дегенмен экономикалық өсімі са­лыстырмалы түрде баяу: нақты ЖІӨ өсі­мі 1,3 пайыз (42-орын). Мұның се­бе­бі деп рейтинг дамыған экономиканың та­биғи шектеулерін атайды, бірақ бұл тұрақтылық пен инфляцияның төмен дең­гейіне де байланысты (1,1 пайыз, 8-орын). Тұрақты баға саясаты елдің қар­жы нарығы мен тұтынушылардың сені­міне оң әсер етеді.
Еңбек нарығының жағдайы тұрақ­ты: жұмыссыздық деңгейі – 4,3 пайыз (30-орын), жұмыс күшінің көлемі – 5,1 млн адам (40-орын). Бұл көрсеткіштер ең­бек ресурстарының тиімді пайда­ла­ны­лып отырғанын көрсетсе де, кейбір са­лаларда білікті маман тапшылығы бай­қалады, әсіресе инновациялық және тех­нологиялық секторларда осы үрдіс бай­қалады.
Швейцарияның халықаралық эко­номикалық қатынастары да күшті. Ағым­дағы шот балансы – ЖІӨ-нің 5,1 пайы­зы (17-орын), бұл экспорттық ар­тықшылық пен қаржы тұрақ­тыл­ы­ғы­ның белгісі. Елге шетелдік инвестиция­лар көлемі 1 136,8 млрд доллар (10-орын) тартылған, жаңа инвестиция ағы­ны – ЖІӨ-нің 1,5 пайызы (38-орын), бұл сыртқы капиталды тарту әлеуе­тін арттыруға мүмкіндік бар еке­нін көрсетеді.

Экономика

Ішкі экономика. Швейцария бұл көрсеткіш бойынша 69,7 балл жинап, 6-орынды иеленді. Өткен жылмен са­лыс­тырғанда екі саты төмендеуі ішкі сұ­раныстың бәсеңдеуін және эко­но­ми­ка­лық өсімнің баяулағанын көрсетеді.
Халықаралық сауда. Бұл бағытта 15-орынға көтерілуі (59,2 балл) елдің экс­порттық әлеуетінің жоғары екенін ай­ғақтайды. Швейцария дәстүрлі түрде әлем­ге фармацевтика, қаржы қызмет­тері мен жоғары технологиялық өнім­­дер жеткізеді. Бұл саладағы табысы тұрақ­ты болып отыр.
Халықаралық инвестициялар. 71,1 бал­мен 6-орынға шыққан ел инвестор­лар үшін тартымды болып келеді. Саяси тұрақ­тылық пен құқықтық ортадағы ай­қындық – басты фактор.
Жұмыспен қамту. 56 балмен 25-орын – елдің біршама әлсіз тұсы. Бұл көр­сеткіштің екі сатыға төмендеуі ең­бек нарығындағы қиындықтарға, атап айтқанда, білікті маман тапшылығына бай­ланысты болуы мүмкін.
Баға тұрақтылығы. 65-орын (37,5 балл) – рейтингтегі ең төмен көрсет­кіш­тің бірі. Төрт сатыға төмендеуі инфля­циялық қысымның күшейгенін білдіреді. Күшті ұлттық валюта ішкі ба­ғаларды тұрақтандыруға әрқашан жет­­­­кілікті бола бермейді.

Мемлекетті басқару

Қоғамдық қаржы. 79,5 балл, 1-орын. Бұл – Швейцарияның бюджет тұрақ­ты­лығы мен мемлекеттік қаржының тиім­ді басқарылуы әлі де әлем бойынша үз­дік екенін көрсетеді. Қарыз дең­гейі­нің төмендігі мен қаржылық тәртіп – бас­ты артықшылық.
Салық саясаты. 66,7 балл, 13-орын. Әлем­дік көшбасшылар қатарына кір­ме­се де, салық жүйесі әлі де бәсекеге қа­білетті. Дегенмен күрделі ережелер мен кейбір аймақтардағы жоғары са­лық мөлшерлемелері рейтингте жоғары көтерілуге кедергі келтіруі мүмкін.
Институционалдық негіз. 81,1 балл, 1-орын. Бұл салада Швей­ца­рия көш бас­тап тұр. Саяси тұрақ­ты­лық, демок­ра­­­тиялық институттардың се­німділігі мен заң үстемдігі елдің бас­ты артық­шы­лығы болып қала бере­ді.
Бизнестің құқықтық негіздері. 75,2 балл, 4-орын (+1). Елдің рейтингте бұл ба­ғытта бір саты жоғары көтерілуі кә­сіпкерлік ортаның ашықтығын, құ­қық­тық нормалардың түсініктілігін және биз­несті қорғау деңгейінің артқанын білдіреді.
Қоғамдық құрылым. 71,8 балл, 4-орын (+1). Әлеуметтік келісім, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің са­па­сы және халықтың өмір сүру дең­гейінің жоғары болуы – Швейцарияның қоғам ретіндегі тұрақтылығының не­гізі.

Бизнестің тиімділігі мен еңбек нарығы

Өнімділік пен тиімділік. 82,4 балл, 3-орын (−1). Швейцария әлемдік көш­бас­шылар қатарында қалып отыр, бірақ бір саты төмендеуі өндіріс тиімділігінің бә­сеңдеуін немесе кейбір секторларда өсім қарқынының баяулағанын аңғар­тады.
Еңбек нарығы. 62,1 балл, 15-орын (−2). Бұл саладағы төмендеу – ел эко­но­микасындағы ең өзекті мәселе­лер­дің бірі. Жұмыс күші тапшылығы, ха­лық­тың қартаюы және қатаң еңбек заң­намасы икемділікке кедергі келтіріп отыр.
Қаржы секторы. 75,9 балл, 3-орын (−1). Швейцарияның қаржы жүйесі жаһандық деңгейде сенімді болып қала береді. Дегенмен рейтингте бір сатыға төмендеуі халықаралық реттеу талап­тары­ның және бәсекенің күшеюіне бай­ланысты болуы ықтимал.
Басқару тәжірибесі. 70,5 балл, 9-орын. Швейцариядағы менеджмент мә­дениеті корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарымен ерекше­ле­не­ді. Бұл елдің бизнеске қолайлы орта жа­сауына тікелей ықпал етеді.
Көзқарас пен құндылық. 72,4 балл, 13-орын (+2). Бұл көрсеткіштің өсуі ха­­­­­лықтың еңбекке, инновацияға және әлеуметтік жауапкершілікке деген оң көзқарасының нығайғанын білдіреді.

Инфрақұрылым әлеуеті

Негізгі инфрақұрылым. 67,7 балл, 6-орын (−2). Бұл көрсеткіштің тө­мендеуі жол, көлік немесе тұрғын үй са­ласында жаңа инвестициялардың жет­кіліксіздігін білдіруі мүмкін. Деген­мен әлемдік деңгейде әлі де жоғарғы орында.
Технологиялық инф­ра­құрылым. 72,0 балл, 3-орын. Елдің цифрлық трансфор­мация­сы, ин­тер­нет сапа­сы мен телеком­му­ни­ка­ция желілерінің да­муы жоғары деңгейде. Швей­цария инно­ва­ция­лық тех­нологияларды енгізуде ал­дың­ғы қатарда.
Ғылыми инфрақұрылым. 83,9 балл, 3-орын (−1). Ғылым мен зерт­теу саласы әлем бойынша көш­басшы болып қала бе­реді. Алайда бәсе­келестік күшейген­дік­тен, бір саты төмендеген.
Денсаулық және экология. 73,4 балл, 3-орын (−2). Бұл саладағы төмен­деу денсаулық сақтау жүйесінің қым­баттауы мен экологиялық дағда­рыс­тар­ға байланысты болуы ықтимал. Соған қарамастан, сапа деңгейі өте жоғары.
Білім беру. 77,1 балл, 1-орын. Швей­ца­рия тағы да білім саласында әлемдік көш­басшылықты сақтап тұр. Универ­си­теттердің сапасы, кәсіби білім беру жүйе­сінің тиімділігі және адами капи­тал­дың жоғары деңгейі – басты артық­шылық.

Сын-қатерлер

Ұйымның ұсынысы бойынша, Швейцврия тұрақты экономикалық өсімге жағ­дай жасауы қажет. Әлемде протекцио­низм­нің күшеюі және көпжақты сауда жүйе­сінің әлсіреуі жағдайында Швей­царияға ұзақмерзімді өсімді сақтау қиын­ға соғуы мүмкін.
Шетелдік нарықтарға шығу мен әртараптандыру. Елдің экспорттық экономикасы жоғары технологиялық тауарлар мен фармацевтикаға тәуелді. Сондықтан жаңа нарықтарды дамыту мен тәуекелдерді тарату маңызды.
Экономикалық тұрғыдан тиімді, биз­неске қолайлы реттеу қағидалары қа­жет. Заңнамалық және нормативтік шек­теулер бизнесті дамытудың ке­дер­гісі болмауы керек.
Ішкі секторларда бәсекелестікті ны­ғайту. Швейцарияның ішкі нарық­тарын­да кейбір салалар монополияға ұқсас құрылымдар бар, бұл инновация мен тиімділікті тежейді.
Қоғамдық қаржы мен зейнетақы жүйе­сінің тұрақтылығын арттыру. Ха­лықтың қартаюы мен әлеуметтік шы­ғын­дардың артуы бюджетке қосымша қысым түсіріп отыр.

НЕГІЗГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ:

• Жер көлемі: 41,3 мың шаршы шақырым (әлем бойынша 58-орын).
• Валюта бағамы: 1 АҚШ долларына ≈ 0,9 швейцар франкі.
• Халық саны: 9 млн адам (44-орын).
• ЖІӨ: $936,6 млрд (19-орын).
• PPP бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ: $94 937,5 (6-орын) – 
    елдің азаматтарының табысы әлемде жоғары деңгейде.
• Нақты ЖІӨ өсімі: 1,3% (42-орын) – өсім салыстырмалы түрде баяу.
• Тұтыну бағасының инфляциясы: 1,1% (8-орын) – 
   баға тұрақтылығы жоғары.
• Жұмыссыздық деңгейі: 4,3% (30-орын) – 
   еңбек нарығы салыстырмалы түрде тұрақты.
• Жұмыс күшінің көлемі: 5,1 млн адам (40-орын).
• Ағымдағы шот балансы: ЖІӨ-нің 5,1% (17-орын) – 
   экспорттық табысы оң мәнде.
• Шетелдік инвестициялар (қорлар): $1 136,8 млрд (10-орын).
• Шетелден келетін инвестиция ағыны: ЖІӨ-нің 1,5% (38-орын) – 
   жаңа инвестициялар салыстырмалы түрде төмен.

Тэгтер:

Швейцария IMD World Competitiveness Center World Competitiveness Ranking бәсекеге қабілетті