Айтулы белес – алтын дәуірдің бастауы

5 қыркүйек, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: akorda.kz

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейін жалғасқан бұл сапар барысында Мемлекет басшысы аймақтық және халықаралық әріптестікті бекемдейтін бірқатар маңызды іс-шараға қатысты. Негізгі жиын Тяньцзиньде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен «ШЫҰ плюс» форматындағы жүздесу болса, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі ШЫҰ саммиті қарсаңындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды.

Сапар Си Цзиньпиннің шақыруымен ұйым­дастырылды. 31 тамыз – 1 қыр­күйек аралығында Тяньцзиньде өткен Шан­хай ынтымақтастық ұйымының сам­миті мен «ШЫҰ плюс» форма­тын­да­ғы кездесулер өтті. 
2 қыркүйекте Президент Пекинде «Қа­зақстан – ҚХР» іскерлік кеңесінің оты­­­рысында сөз сөйлеп, ірі қытайлық ком­пания басшыларымен бірқатар екі­жақ­ты кездесу өткізді. 
Сапардың аяғында, 3 қыркүйекте, Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүние­жү­зі­лік соғыстағы және жапон бас­қын­шылығына қарсы күрестегі Жеңіс­тің 80 жыл­дығына орай Бейжіңдегі Тяньа­ньмэнь алаңында өткен әскери парадты тама­шалады. 
Жалпы, сапар аясындағы іс-шара­лар Қа­зақстан мен Қытай арасындағы стра­те­­гиялық әріптестікті одан әрі ны­­­­­ғай­тып, екіжақты экономикалық және ин­вес­тициялық байланыстарды кеңей­туге бағытталған. Бұл са­пар екі ел арасындағы өзара се­нім мен ын­тымақтастықтың жалғасы бол­ды. Ес­ке сала кетейік, биылғы мау­сымда екі ел 24 үкіметаралық және ве­домст­воара­лық құжатқа қол қойған бо­латын.

Президент ШЫҰ басымдықтарын айқындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сінің отырысында сөз сөйлеп, Шан­хай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қа­жет­ті халықаралық құрылым ретінде та­ни­тынын атап өтті.

– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көп­полярлы әлемдік тәртіп орнату, қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қамта­ма­сыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне ара­лас­пау және егеменді даму құқығын мойын­дау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ын­тымақтастық секілді басты мақ­сат­та­р­ын толық қолдайды. Ұйымның ба­сым міндеттері жаңа технологиялық дәуір­де халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіп­сіздігін және орнықты дамуын қам­тамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жар-ғы­лық құжаттарының негізгі қағи-даттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұ­лым­дыққа», яғни, терроризмге, сепа­ратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіп­сіздік мүддесі үшін халықаралық ын­тымақтастық нышанына айналған «Шан­хай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуат­таймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ШЫҰ-ны да­­мы­тудың басым бағыттары жөнін­дегі көз­­­­қарасын жеткізді. Ең бірінші ба­­сым­дық – Ұйым аясындағы страте­гия­лық серік­тестік пен өзара қолдауды нығайту.

– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, тех­нологиялық бәсеке, қаржы-эконо­ми­ка­лық санкция, экологиялық және тех­но­генді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқым­да үйлестіруге, халықаралық қоғамдас­тық­тың өзара сенімін нығайту­ға, гума­ни­тарлық ынтымақтастық пен өрке­ние­таралық диалогты дамытуға арнал­ған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жө­нін­дегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның он­жыл­дыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сауда-экономи­ка­лық және инвестициялық ынтымақ­тас­тықты арттыру өте өзекті деп санай­ды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санк­циялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағы­тын­дағы нақты іс-қимылын қолдайды. 

– ШЫҰ құрылған сәттен бері ел­дері­міз­дің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сау­да сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қо­ры­тынды бойынша оның көлемі 650 мил­лиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуық­тады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жө­ніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға ат­са­лысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықара­лық қаржы орталығы базасында перспек­тив­ті инвестициялық жобаларды сүйемел­деп, заңгерлік, консалтингтік және қар­жы­лық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-транзит саласындағы серік­тестікті нығайтуды тағы бір басымдық ре­тінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден ас­там елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жо­ғары технологиялар және цифрландыру са­ласындағы ынтымақтастықты жан­дан­дыру қажеттігіне назар аударды. Оның ай­туынша, бұл істі кейінге қалдыруға бол­май­ды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нары­ғының көлемі 5 триллион долларға же­тіп, осы сектордың әлемдік технология ин­дустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақ­ты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды ин­теллект бойынша тұрақты сарапшылар фо­румын өткізуді ұсынды.

– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайын­быз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі ж­а­сан­ды интеллект» тақырыбында жоғары дең­гей­дегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақ­­­­парат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық сая­сат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.

ШЫҰ стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ын­ты­мақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» та­қы­ры­бына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде де сөз сөйледі. Президент Қытайдың төра­ға­­лығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғам­дас­тықтағы өз позициясын айтарлықтай кү­шейткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, был­тыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» фор­маты Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тап­ты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы арт­қан Ұйым қазіргі заманның өзекті проб­лемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

– Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұ­ның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер бар­шаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айту­дың мәні жоқ. Әйтсе де, бір жайтты атап өт­кім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен сал­дары ұқсас. Яғни, өзара сенім мен әлемдік тәр­тіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқ­тығы, көпжақты дипломатия мен халық­ара­лық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осын­дай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жал­ғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайым­дауым­ша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жа­сампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақ­тығыс жағдайларын шешуге, әлемді қор­ғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге ба­ғытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек, – деді Президент.

Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мын реформалау қажет екенін айтты.

 – Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағ­дай­да Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуел­сіз құрылым ретінде қолдауымыз ке­рек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның бас­ты органы – Қауіпсіздік Кеңесін рефор­ма­лайтын уақыт келді. Бұл міндетті орын­дау­дың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда бас­қа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі ат­қарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға се­ні­мін біржолата жоғалтуы мүмкін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһан­дық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықаралық қо­ғамдастықтың даму перспективасына қа­тыс­ты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар ау­дарды. Мемлекет басшысының айтуынша, атал­ған бастама анағұрлым әділ әрі орнықты әлем­дік тәртіп қалыптастыруды көздейтін ортақ күш-жігерді толықтыра түседі.
Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара се­нім шаралары жөніндегі кеңесті толық­қан­ды халықаралық ұйымға айналдыруға нақ­ты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер басшыларына ризашылығын біл­дірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қар­жылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жан­­­­­дандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлім­деді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай ке­ле, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы ата­лып өтетінін еске салды.

– Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа ал­тын дәуірдің бастауы болатынына сенім­ді­мін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз кү­­­­шейтіп, заманымыздың ең өзекті мәсе­лелеріне оң ықпал ететін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел байланысының басты бағыттары

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қа­зақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші оты­ры­сына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қы­тай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көр­шісі, жақын досы және мәңгілік стра­те­гия­­лық серіктесі екенін атап өтті. Пре­зи­дент­тің айтуынша, ортақ тарих, терең бай­ла­ныс пен өзара түсіністік – халық­тары­мыз­ды біріктіретін мызғымас құндылықтар. Мем­лекет басшысы екі елдің инвестициялық ықп­алдастығы да ұдайы кеңейіп келе жат­қа­нына назар аударды. 
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өза­ра ынтымақтастықты одан әрі жандан­дыру­дың бірқатар басым бағыттарына тоқ­талды.

– Қазақстан Қытайдың жақын көршісі жә­не сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзи­­­ньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жаһан­дық бастамасын қолдайды және оны жү­зеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еу­ропа арасында құрлық арқылы тасымал­да­натын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз ар­қылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» те­мір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өт­кізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 мил­лион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 62 пайызға артық де­ген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жет­кізу­ді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымал­дана­тын жүктің көлемі белсенді түрде артып ке­леді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасын­да ірі инфрақұрылым жобалары іске қосыл­ды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сиа­ньдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қы­тай компанияларының көлік-транзит са­ла­сындағы жобаларға қатысуына мол мүм­кін­дік бар деп күмәнсіз айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы ық­палдастықты келесі басымдық ретінде ата­ды.

– Атырау облысында Sinopec компания­сы­мен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыт­тың құрылысы басталды. Ауқымды жо­баның өндірістік қуаты – жылына бір мил­лион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыт­тың құрылысына 7,4 миллиард доллар қара­жат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұ­най өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өт­кізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энер­гетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай ком­па­ния­ларының қатысуымен бірқатар жобаны қол­ға алмақпыз. Энергетика саласындағы та­ғы бір маңызды жоба – Маңғыстау облы­сын­дағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуа­ты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, бү­гін­де Қазақстан тау-кен металлургиясы ке­ше­нін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді ын­тымақтастықты нығайтуға да орасан зор мүм­кіндік бар. Президент цифрландыру са­ласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет біл­дір­ді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект на­рығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ. 
Жалпы, Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңе­сінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен аса ком­мерциялық құжатқа қол қойылды.

Ұйымның ықпалын күшейтетін қадамдар жасалды – БАҚ

 «ШЫҰ плюс» саммиті мен Қазақстан Пре­зидентінің Қытайға ресми сапары ха­лық­­­аралық басылымдар мен ақпарат агент­тік­терінің басты назарында болды. Әлемдік медиа бұл жиынды Қытайдың аймақтық жә­не жаһандық ықпалын арттыруға бағыт­талған қадам деп бағалады. Reuters агенттігі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ШЫҰ даму банкін құру және ұйымға 2 млрд юань кө­ле­мінде грант бөлу бастамасын ерекше атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныс ұйым­ды экономикалық ықпалын күшей­те­тін жаңа кезеңге шығарады. Сонымен қатар Қы­тайдың жасыл энергетика, инфрақұры­лым және цифрлық экономика салаларына арналған ынтымақтастық алаңдарын ашу жос­пары да әлемдік ақпарат құралдарының на­зарынан тыс қалған жоқ.
The Times газеті Си Цзиньпиннің «әлемде күш көрсетуші елдерге» қарсы бағытталған сыни мәлімдемесін жариялап, бұл сөздерді АҚШ пен Батысқа қарата айтылған қадам деп түсіндірді.
Осылайша, халықаралық ақпарат құрал­дары «ШЫҰ плюс» саммитін Қытайдың көп­қырлы ықпалы күшейіп келе жатқанын ай­қындайтын оқиға ретінде бағаласа, Қазақ­стан Президентінің сапарын елдің өңірлік саясаттағы және жаһандық экономикадағы ор­нына жаңа серпін берген қадам деп си­пат­тады.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

– Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ын­тымақтастық ұйымының саммиті ұйым тари­хындағы маңызды белестердің бірі бол­ды. Қабылданған шешімдер тек ШЫҰ-ның болашақтағы даму бағытын айқындап қана қоймай, Орталық Азия аймағы мен Қа­зақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Саммит қорытындысында 20 құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Тяньцзинь декларациясы мен 2035 жылға дейін­гі даму стратегиясы бар. Бұл құжаттар 2024 жылы Астанада өткен сам­митте қабылданған шешімдердің заңды жалғасы саналады.
Ең назар аударарлық бастамалардың бірі – қауіпсіздікке қарсы күрес жө­ніндегі әмбебап орталық пен есірткіге қарсы орталық құру. Олар Таш­кент пен Душанбеде орналасатын болды. Бұл қадам Орталық Азия ел­дері­нің ұйым ішіндегі рөлін күшейтіп, аймақтық қауіпсіздікке үлесін арт­ты­рады. Сондай-ақ алдағы екі жылға төрағалық Қырғызстанға өтуі де ор­та­лықазиялық күн тәртібінің алға жылжуына жол ашады.
Қазақстан саммитте ерекше белсенділік танытты. Президент 
Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар еліміз ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және ЕЭК сияқты ұйымдардың жетекшілері арқылы да ұсынылды. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, аймақтағы позициясын нығайтты. Сонымен бірге, біздің елде өтетін бірқатар ірі шараларға қолдау білдірілді: 2025 жылы Астанада ШЫҰ–Араб мемлекеттері лигасы кездесуі, Ақтауда порттар мен логистикалық орталықтар басшыларының жиыны және 2026 жылғы БҰҰ аясындағы аймақтық климат саммиті. Бұл Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға сеп болады.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин көтерген ШЫҰ Даму банкін құру баста­ма­сы декларацияға енгізілді. Бұл мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келгенімен, тараптардың келіспеушілігіне байланысты кешеуілдеп келген. Енді ұйым сауда-экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін бермек.
Ауғанстан бақылаушы мәртебесін сақтағанымен, оның өкілдері тағы да саммитке қатысқан жоқ. Дегенмен «ШЫҰ–Ауғанстан» байланыс тобының жұмысын қайта жандандыру ықтималдығы қарастырылып жатыр. Ал Иранға қатысты ұйым мүшелері саяси қолдау көрсетіп, ядролық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбіт келіссөздерді жалғастыру қажет екенін атап өтті. Бұл Тегеранның халықаралық келіссөздердегі позициясын күшейтуі мүмкін.
Сондай-ақ қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы ниет ұйымның болашақтағы бағытына айтарлықтай ықпал етпек. Жыл сайынғы әскери оқу-жаттығулар өткізу идеясы нақты күн тәртібіне шығып отыр.
Әлемдік экономикадағы ахуал да саммитте кеңінен талқыланды. АҚШ-тың жаңа баж салығы мен санкциялық саясатынан зардап шеккен елдер ШЫҰ аясында экономикалық қауіпсіздікті күшейтуге мүдделі. Бұл жерде Қытай үйлестіруші рөл атқарып отыр: 2 млрд юань көлемінде грант бөлу, Циндаодағы сауда-экономикалық ынтымақтастық аймағын пайдалану және энергетика, жасыл өнеркәсіп, цифрлық экономика бағытында үш жаңа алаң құру жоспарланды.
Сонымен қатар «ШЫҰ+» форматы бойынша саммитке серіктес елдер мен халықаралық ұйымдар қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те болды. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұйымды кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Лаостың қосылуымен серіктестер саны 17-ге жетті. Әзербайжан мен Арменияның мүшелікке өтініші Қытай тарапынан қолдау тапқанымен, Үндістан Әзербайжанға вето қойды. Бұл шешім оның Пәкістанмен байланыстарына қатысты болса керек. Армения да Пәкістанмен дипломатиялық қатынас орнатқандықтан, оның өтініші де уақытша тоқтатылды. Түркия әлеуетті кандидат ретінде қарастырылғанымен, әлі ресми өтініш берген жоқ. Бұл Анкараның ШЫҰ мен НАТО арасындағы тепе-теңдікті сақтап отырғанын аңғартады.
Саммит аясында өткен екіжақты кездесулер де маңызды болды. Қытай мен Үндістан, Ресей мен Армения басшылары арасындағы келіссөздер саяси қайшылықтарды шешуге мүмкіндік берді. Дегенмен Әзербайжан мен Ресей арасындағы диалог әзірге белгісіз.
Жалпы алғанда, саммит Қытайдың халықаралық аренадағы ықпалын күшейтуге де мүмкіндік берді. Бұл үрдіс 3 қыркүйекте Бейжіңде өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығына арналған әскери парадта да айқын байқалды. Мұндай шаралар Қытай бастамалары­ның кең қолдауға ие екенін және алдағы кезеңде ұйым қызметінің жаңа деңгейге көтерілуі екенін дәлелдейді. 
Саммитпен қатар Қазақстан мен Қытай қатынастарының жаңа деңгейге шыққанын да атап өтуіміз қажет. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9,2 пайызға өсіп, 43,8 млрд долларға жетті. Биыл жылдың алғашқы жартысында оның көлемі 21,8 млрд доллар болды. 2005 жылдан бері Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 26,4 млрд жолларға жетсе, бүгінде 6 500-ден астам қытайлық кәсіпорын тіркелген. Олар­дың қатысуымен жалпы құны 66,4 млрд доллар болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты қарқынды дамып келеді: 2024 жылы тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Қазақстан Қытай–Еуропа құрлықтық тасымалының 85 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Маңыздысы – екі елдің көшбасшыларының жеке дипломатиясы. 2024-2025 жылдардың өзінде ғана Қазақстан мен Қытай компаниялары 40 млрд доллардан астам коммерциялық келісімге қол қойды. Бұған виза талап­тарынан босату туралы келісімнің зор ықпал еткені анық.
Бүгінде ынтымақтастықтың басты бағыттары – көлік және логистика, энергетика (жасыл және атом салалары), тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы мен цифрландыру. Сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлері де Қытай нарығында белсенді бола бастады: 2 649 отандық өндіруші ҚХР-ға экспорт жасауға құқық алған.
Жалпы алғанда, Тяньцзинь саммиті ШЫҰ-ның жаңа кезеңге аяқ басқанын, ал Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігі аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық дамудың негізгі тірегіне айналып келе жатқанын көрсетті.

Тэгтер:

Қазақстан Қытай сыртқы саясат