"Белгілі бір топ пайда көріп отыр": депутат көлікті техникалық тексеруден өткізу жүйесін сынады

Бүгін, 11:27 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов автокөлікті міндетті техникалық тексеру жүйесінің тиімділігіне күмән келтірді. Ол бұл мәселені Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, сайлаушылар мен әлеуметтік желідегі пікірлердің басым бөлігі техбайқаудың нақты қауіпсіздікті қамтамасыз етуден гөрі «белгілі бір топтардың қаржылық пайдасына айналғанын» көрсетіп отыр. Жайымбетов мұны дәлелдеу үшін Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне жүгінді.

– 2025 жылы тіркелген 12 мың жол апатының төртеуі ғана, ал 2024 жылғы 31 мың апаттың небәрі 17-сі көліктің техникалық ақауынан болған. Бұл деректер жол-көлік оқиғаларының басты себебі жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына байланысты екенін айғақтайды, – деді ол.

Бүгінде Қазақстанда 6,2 миллионнан астам көлік бар, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті тексеруден өтуге тиіс. 2024 жылы 3,5 миллион, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 1,5 миллион көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңге деп есептегенде, сала операторларының жылдық табысы 17 миллиард теңгеге жуықтап отыр.

Алайда бұл жүйенің көлеңкелі жақтары да жеткілікті. Депутаттың сөзіне қарағанда, 2024 жылы техникалық байқау саласында 283 заңбұзушылық анықталып, 8 миллион теңге айыппұл салынған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 миллион теңге өндірілген.

«Халық бұл жүйені шынайы қауіпсіздік емес, мөр басылған қағазға төленетін ақы деп бағалап отыр. Әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары бір тексерістен өту үшін жүздеген шақырым жүріп, бір күнін жоғалтады», – деді Жайымбетов.

Халықаралық тәжірибеге тоқталған депутат көптеген елдерде мұндай тексерістердің тек коммерциялық көліктерге жүргізілетінін, ал жеке меншік автокөліктер үшін мерзімі әлдеқайда ұзақ болатынын атап өтті.

«AMANAT» партиясы бұл саланы әділетті әрі заманауи талаптарға сай қайта қарау қажет деп санайды, – деді депутат.

Осыған байланысты депутат үш ұсыныс айтты:

  1. Жаңа емес, бірақ кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтын жеңіл көліктерге міндетті техникалық тексерісті 2–3 жылда бір рет өткізу;
  2. Техбайқау саласындағы заң бұзушылықтарды құқық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеру;
  3. Барлық тексеріс орталықтарын нақты талаптарға сәйкес қайта лицензиялау.

Мархабат Жайымбетов Үкіметтен бұл мәселеге қатысты нақты шешімдер қабылдап, заңда көрсетілген мерзімде жауап беруді сұрады.

Тэгтер:

депутат көлік мәселе техбайқау