Танымал әнші Қарақат Әбілдина Алматыда өтетін іс-шараға қатыса алмағанына әуе компаниясын кінәлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Stan.kz мәліметінше, эстрада жұлдызы үш ай бұрын мәдени іс-шараға шақырылып, билет алынып қойған.
“Өзім дау-дамай қуатын, бүлік іздейтін адамдардың қатарынан емеспін. Қаншама жыл ұшып жүрміз. 2-3 сағатқа кешігу дегендерге түсіністікпен қараймыз. Бірақ кеше қатты ашуландық. Осы уақытқа дейін көз жұмып келген едік. Бәріміздің ашу-ызамызға тиді. Күні бойы отырғанда мені таңғалдырғаны, басшылықтан бір адам шығып, жағдайды түсіндірген жоқ. Өтірік болса да, “кешіріңіздер” деп ыстық шайын ұсынған жоқ. Біз қатысатын іс-шараның маңызды екенін, халықтың күтіп отырғанын жеткізуге тырыстық. Тіпті, жетудің басқа да жолдарын қарастырған жоқ. Тек уақытты кейінге шегере берді. Еліміздің беткеұстар әуекомпаниясы болғасын, жолаушылар тарапынан сенім болады. Бірақ олардың тұтынушыларға бейжай қарайтыны қатты қынжылтты. Кеше қатты қапа болдым. Олар үшін рейстердің кешіккені қалыпты жағдайға айналып кеткен. Ешкім басын ауыртып жүрген жоқ. Алдын-ала ескерту деген жоқ, 4 сағат бұрын отырғызып қойды. Әуежайда 10 сағат бойы ұшатын уақытты күтіп отырдық. 20:40-та ұшатын ұшақты 22.10-ға алмастырды. Іс-шараның соңына болса да үлгереміз деген үмітіміз сөнді де қалды”, – деп ашуланды әнші.
Өнер иесінің айтуынша, Алматыдағы іс-шара үш ай бұрын жоспарланып қойған көрінеді. Ұйымдастырушылар алдын-ала гонорарларын да жіберген.
“Осы жолы үлкен іс-шарадан қалдық. Ақысы төленіп, үш ай бұрын билет алған едік. Енді ұйымдастырушылар бізден гонорарды қайтаруымызды талап етіп отыр. Бұл жерде біздің қандай кінәміз бар?! Шақырып жатқан жақтың қандай кінәсі бар?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Әр адам өз өмірін жоспарлайды. Бір компанияның кесірінен, қаншама адам шығынға батты. Біздің қонақүйіміз де төленіп қойған еді. Сонда бұл жағдайда Air Astana жауапқа тартылмай ма?! Маған берген жауаптарын жеке парақшамда бөлісіп қойдым. Жаттанды сөздермен жазып жіберіпті. Бірақ кеткен шығынды кім өтейді?! Неге адамдар осындай қолайсыздыққа тап болады?! Жауаптарына қанағаттанып отырған жоқпын”, – деді эстрада жұлдызы.