Түркістан облысында миллиардтаған қаржыны жымқырған есепшілерге үкім шықты

2 қыркүйек, 2025 / Өтей Торғайұлы
Фото: Stan.kz

Түркістан облысында Шардара аудандық білім бөлімінде жұмыс істеген бір топ қызметкер мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сүйенсек, олар 3 миллиард 700 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген. Іс бойынша барлығы 15 адам айыпталды. Сот отырыстары жеті айға созылып, бүгін соңғы шешім жарияланды.

Сот залына жиналғандар көп болды, орын жетпегендіктен кейбір туыстары үкімді есік алдынан тыңдауға мәжбүр болды. Шешім шыққанда айыпталушылардың кейбірі көз жасына ерік берді. Олардың арасында білім бөлімінің басшысы да бар.

Сот үкіміне сәйкес, бөлім басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал есепшілердің көбі 7 жылға сотталды. Жемқорлық жолымен алынған мүліктер мемлекет пайдасына қайтарылды. Оның ішінде тұрғын үйлер, пәтерлер және шамамен 20-ға жуық жылжымайтын және жылжымалы мүлік бар. Сот шешімімен айыпталушыға тиесілі алтын сату орны да мемлекетке өтті.

Дегенмен, барлық айыпталушы түрмеге қамалған жоқ. Қаржыны толықтай қайтарған бір адам жазадан босатылды. Үш айыпталушы 62 жастан асқандықтан рақымшылыққа ілікті. Тағы екеуі кәмелет жасына толмаған балаларына байланысты жазасын бес жылдан кейін өтейтін болды. Бір есепші сот басталмай тұрып қайтыс болған.

Кейбір айыпталушылардың туыстары сот шешімімен келіспей отыр.

«Ол сонша қаржыны алған жоқ, басшы болғаны үшін ғана жазықты болып тұр», – деді сотталушының жұбайы Құдайберген Маханов.

Айта кетсек, бұған дейін Түркістан облысының Жетісай ауданында да осындай жағдай тіркелген еді. Ол кезде білім бөлімінің 46 қызметкері жоқ адамның атына ақша аударып, 4 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталған.