«AMANAT» партиясы алаңында экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті.
Негізгі тақырыптар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТҮКШ) цифрландыру, бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) енгізу, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің (КТҮ) басқарушыларын аттестациялау болды.
Жиынды Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Екатерина Смышляева ашты. Ол өз сөзінде кездесудің мақсаты – сала мамандары мен нарық өкілдерін алаңдататын өзекті мәселелерді анықтау екенін атап өтті.
Отырыс барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың ауқымды бағдарламасы іске асырылып жатқанын, оның негізгі элементі Smart Turmys бірыңғай платформасы болатынын айтты. Оның айтуынша, платформа табиғи монополиялар субъектілерінің барлық өтінімдерін бақылауға, су, жылу, электр және газбен қамту бойынша деректерді жинап, талдауға, сондай-ақ қызметтерді eGov арқылы цифрлық форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай төлем құжатын енгізу мәселесіне айрықша мән берілуде. Бұл құжат есеп айырысу орталықтары (ЕАО) арқылы қалыптасып, абоненттің барлық коммуналдық төлемдерін біріктіріп, азаматтарға оларды бір төлеммен өтеуге жол ашады.
«Қазір Қазақстанда 40-тан астам есеп айырысу орталығы жұмыс істейді. Олар барлық қалаларды қамтиды. Жақын арада ауылдық жерлерде де орталық филиалдары ашылады. Бізідң мақсатымыз – азаматтардың барлығына, тұрғылықты жеріне қарамастан, теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деді Жәннат Дүбірова.
Талқылау барысында нарық өкілдері бірқатар мәселелерді талқылады. «Астана-ЕРЦ» ЖШС бас директоры Асхат Бекенов өңірлерде бірыңғай тәсілдің жоқтығын, коммуналдық кәсіпорындарда цифрландыру деңгейінің төмен екенін және тұрақты қаржыландыру көздерінің жетіспеушілігін атап өтті.
Ал «АЕО» ЖШС директоры Балжан Төменбаева монополиялану қаупіне және ЕАО функцияларының мазмұны әлі толық айқындалмағанын айтты.
Оған жауап ретінде вице-министр жүйе бәсекелестік қағидаттарына негізделетінін түсіндірді. Оның айтуынша, байқауға ондаған компания қатыса алады, ал жеңімпаздар аудандық деңгейде анықталады. Нарықтың барлық қатысушысына ақпараттық қауіпсіздік, техникалық параметрлер және қызмет сапасына байланысты бірыңғай талаптар белгіленетінін де атап өтті.
Бұл тақырып қызу пікірталас тудырды. Екатерина Смышляева басты сын-қатер – ақпараттық қауіпсіздік екенін айтты.
«Компания нарық субъектісі әрі жеке деректер операторы ретінде жұмыс істесе – бұл бөлек мәселе. Ал ол мемлекеттік жүйеге қосылған сәтте тәуекел деңгейі бірнеше есе ұлғаяды. Пилоттық кезеңде шамамен бір жыл бойы толыққанды бақылау жүргізілмейді. Дәл осы уақытта ақпараттың таралып кету қаупі туындауы мүмкін», – деді депутат Екатерина Смышляева.
Вице-министр бұл мәселенің шешімін табуға уақыт керек екенін түсіндірді. Арнайы бір жылдық өтпелі кезең қарастырылғанын да айтты. Осы уақыт ішінде барлық компания сертификаттаудан өтіп, шифрлау енгізіп, Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің стандарттарына сай болуы қажет екенін атап өтті.
Отырыстың екінші бөлігі КТҮ басқарушыларын даярлау және сертификаттау мәселелеріне арналды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков 2020 жылдан бастап басқарушы мамандығы ресми түрде міндетті кәсіптердің тізіміне енгізілгенін еске салды. Біліктілік талаптары бекітіліп, сертификаттау жүйесі құрылғанын, сондай-ақ емтихан тапсыру кезінде онлайн қадағалау енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ел бойынша 25 оқу орталығы жұмыс істейді, дайындық бағдарламалары әзірленген, ал емтихандарды онлайн форматта тапсыруға болады.
Дегенмен бұл рәсімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты қиындықтар әлі де бар. Әсіресе, бұл қиындықтар цифрлық дағдыларды әлі де терең меңгермеген аға буын өкілдеріне қатысты. Екатерина Смышляева оқу мен аттестация бағытында бәсекелестікті дамыту және басқарушылар үшін таңдау мүмкіндігін кеңейту қажет екендігін атап өтті.
«Бүгінде бір ғана оқу орталығы бар, бұл дұрыс емес. Бәсекелестік керек, тәуелсіз сарапшылар мен аудиторлар қажет. Оқыту қолжетімді болуы үшін қаржы механизмдерін жетілдіру керек. Еліміздің барлық өңірінен дайындыққа қатысты бірқатар сұрақтар туындауда. Сондықтан біз бұл тақырыпты қайта көтеретін боламыз», – деді Екатерина Смышляева.
Отырыс соңында Кеңес мүшелері бірыңғай төлем құжаты бойынша мәселені қысқа мерзімде шешуге болатынын айтты. Ал көппәтерлі үйлердің басқарушыларын оқыту бойынша жүйелі тәсілдерді қарастыру қажет екенін атап өтті. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Парламент алаңында да бірлесіп талқылаулар өткізіліп, ТҮКШ саласын цифрландыруды дамыту және мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылданатын болады.