Астанада бір түнде үш қылмыс жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицейлер бір түнде бір автокөлікті айдап кетіп, екі көліктің салонынан ұрлық жасаған 32 жастағы ер азаматты ізін суытпай ұстады.
Мас күйдегі күдікті әуелі Мұхтар Әуезов көшесінде Lada автокөлігін айдап кеткен. Кейін ол жақын маңдағы тұрақта тұрған КамАЗ жүк көлігінің терезесін сындырып, ішінен магнитола мен иесінің жеке заттарын қолды еткен. Келтірілген материалдық шығын шамамен 200 мың теңгені құрады.
Бұдан соң күдікті Дүкенұлы көшесінде тұрған Skoda Octavia автокөлігінің әйнегін сындырып, салонынан 500 АҚШ долларын ұрлап кеткен.
Тексеру барысында оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция көлік иелеріне бағалы заттарды салонда қалдырмауды, дабылқаққыш пен қосымша құлыптау құрылғыларын қолдануды, сондай-ақ көліктерді мүмкіндігінше күзетілетін тұрақтарға қоюды ескертеді.