Шығыс Қазақстан облысында өзен ағыны квадроциклмен өткелден өтпек болған ер адамды ағызып әкетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 31 тамыз күні екі ер адам квадроциклмен Кедровка өзенінен өтпек болған. Алайда нөсер жаңбырдан кейін су деңгейі көтеріліп, қайғылы жағдайға себеп болған.
Белгілі болғандай, жолаушы аман қалған, ал жүргізушіні өзен квадроциклімен бірге ағызып әкеткен. Оқиға туралы құтқарушыларға хабарланған. Кеше олар іздестіру жұмыстарына кірісті, бірақ әлі күнге дейін ер адам табылған жоқ.
“Риддер қаласында Кедровка және Үлбі өзендерінде құтқарушылар 1961 жылы туған ер адамды іздестіруде. Ол квадроциклмен Кедровка өзенінен өтпек болып, ағыспен бірге кеткен. Іздеу жұмыстарына өтімділігі жоғары техника, дрондар, жүзу құралдары жұмылдырылған. Алайда өзендердің қатты ағысы мен қиын өткелді жерлер іздеуді қиындатып отыр”, – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.