Қапшағай су қоймасында екі күн бұрын жоғалған әйел аман-есен табылды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Ол Sup-тақтаға мініп серуендеген. Алайда жел туристі жағадан алыстатып жіберген.
"Бүгін Алматы облысының Қапшағай су қоймасындағы ТЖМ қызметкерлері 1966 жылғы әйелді құтқарды. Ол 30 тамызда Sup-тақтамен жүзіп жүріп, желдің екпінімен жағадан алыстап кеткен ", - дейді ведомстводағылар.
Құтқарушылар оны оқиға орнынан 40 шақырым жерде тапты.
"Әйел есін біледі, жағаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді", - делінген хабарламада.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 106 адам, 29 бірлік техника және 5 ТЖМ жүзу құралы, сондай-ақ еріктілер ұйымы мен жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеу жұмыстарына қатты соққан боран кедергі келтірген.