Нұрсұлтан Назарбаев: "36-40 банктің керегі жоқ"
Нұрсұлтан Назарбаев: "36-40 банктің керегі жоқ"
Ұлттық банктің жұмыс қорытындысын талқылау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан банктерінің акционерлеріне қаржы салуды тапсырды.
"Мен Жолдауда Ұлттық банкке еліміздің банк секторын сауықтыруға бағытталған шаралар қолдануды тапсырғанмын. Былтыр бір жыл бойы осыны айтып келдік. Енді жыл ортасына дейін созбақтап отырмыз, бұл жұмысты жеделltту қажет. Қажет болса, банк акционерлері капиталдарын арттырсын", - дейді ҚР Президенті.
Елбасы бұл шаралардың әлсіз банктерді күшейтуге бағытталуы керектігін атап өтті. "Барлық акционерлерге айтарым: ақша құйып, Ұлттық банкпен бірге экономиканы сауықтырғыларың келмесе, лицензияны тартып алу құқығын береміз. Ұсақ банктер бірі бірімен қосылуы керек немесе қаржы құю керек. Ол банктер кімге тиесілі екенін білеміз - кедей адамдар емес. Банк иеленгісі келсе, ақша құйсын. Енді үкімет қаржы құймайды. Бес-алты банкпен шектелеміз. 36-40 банктің керегі жоқ", - деді Назарбаев.
"Қайта қаржыландыру бағдарламаларына 130 миллиарда теңге жұмсайтынбыз. Қазір 21 мың адал емес қарыз алушы бар. 19,5 мың адамға қарыз төлеу жеңілдетілді", - дейді Назарбаев. ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.
"Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл мәселе бойынша екі пікір бар. Біріншісі - көмектесу керек. Екіншісі - көмектесу арқылы масылдыққа үйретеміз", - дейді ол.
"Негізі кредит төлемеу бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бізде мұны ешкім түсінбейді. Төлей алмасаң, кредит алма. Алдың ба, қайтару керек. Әркім өз ісіне жауапты болу керек. Ешкім ипотекалық кредит ал деп зорлаған жоқ. Мемлекетке қаржы құятын сала жетерлік, халық үшін, экономиканы дамытуға, иидустриализацияға. Сондықтан мұны қатаңдату қажет, тексеру керек. Екінші деңгейлі банктер адамдарды масылдық әдетінен қайтарыңдар. Үкіметке де осы тапсырма", - деді Елбасы.