«AMANAT» пен Қытай Коммунистік партиясы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ

28 тамыз, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші мерейтойлық саммиті қарсаңында Астанада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Цинхай провинциясы ҚКП парткомының хатшысы У Сяоцзюньмен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тараптар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының маңызды бөлігі саналатын партияаралық байланысты нығайту жолдарын талқылап, экологияны жақсарту бағытындағы бастамалар бойынша пікір алмасты.

Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек елімізде мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы орайда, Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы Президент реформаларының қоғамдық тірегі ретінде заңсыз жеке қолға берілген жерлерді қайтару «Жер аманаты», ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты», азаматтардың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауылдық округ әкімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдауға арналған «Әкімдер мектебі» жобаларын қолға алғанын мәлімдеді. Дәулет Кәрібек партия қызметінің маңызды бағыттарының бірі – экология мәселесі екеніне тоқталды. Мәселен, «AMANAT» партиясында Экологиялық кеңес жұмыс істейді, ұлттық туристік маршруттар желісін дамытуға арналған «Алатау аманаты» партиялық жобасы қолға алынды, Мемлекет басшысының бастамасымен жолға қойылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шараларға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ былтыр Астанада партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен ШЫҰ Жастар кеңесінің отырысы өтіп, экология саласындағы жастар көшбасшылығы тақырыбына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Цинхай провинциясы ҚКП парткомының Хатшысы У Сяоцзюнь Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса мән беретінін және жыл өткен сайын достыққа, тату көршілікке негізделген әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол партияаралық байланыстар екіжақты қатынастардың дамуына зор ықпал етіп отырғанын және бұл кездесу өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір маңызды қадамына айналғанын мәлімдеді. Цинхай провинциясы Қытай Коммунистік партиясы парткомының Хатшысы аталған провинцияның жасыл технологиялар саласында қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталды. Мәселен, былтыр Цинхайда жалпы электр энергиясы мен экологиялық таза қуат өндіру көлемі ел аумағында ең жоғары деңгейге жетті. Өңірдің бай табиғи ресурстары экологияны қорғауға бағытталған жоғары жауапкершілікпен ұштасып, осы провинция Қытай Халық Республикасында ұлттық парктерді дамыту ісінде көш бастап келеді.

Айта кетейік, былтыр Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, осы уақыт аралығында 15-тен астам бірлескен іс-шара ұйымдастырылды. Бұл құжат партияаралық байланысты күшейтуге, мемлекеттердің достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ екі партия арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Қытай Коммунистік партиясы өзара ынтымақтастық