ҚР Бас прокуратура мен БҰҰ өзара меморандумға қол қойды
ҚР Бас прокуратура мен БҰҰ өзара меморандумға қол қойды
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Асанов Австрияға жұмыс сапарымен барды.
Делегация құрамында Құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров болды. Сапар барысында Жақып Асанов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юрий Федотовпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ю. Федотов жасалып отырған келісімнің маңызына ерекше мән беріп: «Бұл біз үшін маңызды оқиға. Себебі ол Орталық Азия өңірі елдеріне экстремизм мен терроризмнен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстан туындайтын әлемдік қауіптермен күресте, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда өзінің күш-қуатын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Біз Қазақстанға қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, осы бағытта бірігіп жұмыс жасайтын боламыз», - деп атап өтті.
Қазақстан Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясының базасында Өңірлік хаб құрылуда. Бұл құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері бес жаһандық қауіпке қарсы іс-қимылдың алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибесі мен озық технологияларын үйренетін Орталық Азиядағы бірыңғай алаң.
Олар: 1) экстремизм мен терроризм;
2) есірткі мен қарудың заңсыз айналымы;
3) адам саудасы;
4) киберқылмыс;
5) сыбайлас жемқорлық.
Осы бес бағыт бойынша елімізге шетелдің үздік оқытушылары келетін болады. Бұдан бөлек, Өңірлік хабты құру Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдарымен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сапар барысында Бас прокурор ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті. Жақып Асанов Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара әрекеттесу деңгейін жоғары бағалады. «Біздің еліміз Ұйыммен халықаралық қауіпсіздікті нығайтудың барлық маңызды қырлары бойынша, ең алдымен, қазіргі заманғы қауіп-қатерлермен күрес саласында ынтымақтасуда»,- деді ол. Тараптар жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы өңірлік хаб құру аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Кездесудің нәтижелерін қорытындылай келе ЕҚЫҰ басшысы жобаны жылжытуға ықпал етуге дайын екенін білдірді.
«Бізге зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм, есірткі бизнесі, сыбайлас жемқорлық, заңсыз кірістерді жылыстатумен күресте күш біріктіру керек. Сондықтан Академияның хаб құру бастамасы өте орынды және өзекті. Бұл идея ЕҚЫҰ тарапынан толықтай қолдау табады. Осы мақсатта біздер халықаралық сарапшылар қауымдастығының үздік тәжірибесін тартуымыз керек», - деп атап көрсетті Л.Заньер.
Сондай-ақ Бас прокурор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академияның ректоры Мартин Крёйтнермен келіссөз жүргізді. Олар екі академияның алдында тұрған мақсаттар мен міндеттердің ортақ екенін атап өтті және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Ж.Асанов Австрияда білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесті. Бас прокурор институционалдық реформаларды жүзеге асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар, прокуратураны жаңғырту және кадрлық құрамды сапалы жаңарту жөніндегі шаралар туралы айтып өтті және студенттердің сұрақтарына жауап берді.