Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында қандай өзгеріс орнамақ?

28 тамыз, 2025 / Дана Ізтілеуова

Қазақстанда 15 қыркүйекте өз күшіне енетін заң жобасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіне қандай өзгерістер енетіні жайлы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Парламент биылғы маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экпорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдаған болатын. Заң өз күшіне 15 қыркүйектен енеді. Осыған орай «AMANAT» партиясының қалалық филиалында пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кооперативі қызметіне енетін жаңа өзгерістер мен жұмыс істеу тетіктері түсіндірілді.

Заң аясында пәтер иелерінің кооперативі басқарушы компаниялармен қатар басқару субъектісі ретінде қарастырылған, бұл ретте ол коммерциялық емес ұйым болып қала береді.

Осылайша, ПИК пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерімен кондоминиум объектілерін басқару бойынша қызметтер көрсету мақсатында ғана құрылады.

Жалпы, заңда тек екі басқару формасын – мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және тікелей бірлескен басқару (ТББ) қалдыру ұсынылып отыр. Осы мәселелерді халыққа түсіндіру жұмысы кешенді жүргізіліп жатыр.

«AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, «Тұрғындар аманаты» жобасының аясында заңнамаға енген өзгерістер түсіндіріліп жатқанын айтты.

«Өңірлерде заң жобасын талқылау барлық деңгейде өтіп жатыр. Меншік мүлік иелері, белсенді тұрғындарға түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Біз тұрғындардың сұрақтарын, көкейде жүрген мәселелерін шешіп, нәтиже шығаруға мүдделіміз. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан депутат, қаланың энергетика саласындағы мамандары жұмысқа атсалысып жатыр», – дейді Болысбек.

«Тұрғындар аманаты» пилоттық жобасы партияның Астана қалалық филиалының бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған.

«Тұрғындар аманаты» жобасы аясында пәтер иелері кооператив өкілдеріне және меншік иелері өкілдеріне әлеуметтік бағдарламалар мен тұрғын үй қатынастары заңнамасын түсіндіру бағыты бойынша оқыту курстарын, семинарлар ұйымдастырылған.

Заң жобасын әзірлеуде жұмыс тобында болған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева атағандай, заң жобасын түсіндіру бойынша «Біздің қала» атты Telegram арнасы құрылған.

Оның айтуынша, ең басты мәселе – бос тұрған үйлердің пайда болмауын қамтамасыз ету. Себебі, пәтер не үй жарты жыл немесе бір жыл бойы қараусыз қалса, оның тозуы қалыпты күтім жағдайымен салыстырғанда бес жылға дейін жылдам жүреді.

Смышляева атап өткендей, тұрғын үйді басқарудағы басты ұстаным – қолданыстағы барлық басқару нысанын сақтау және әрқайсысына нақты талаптар қою. Бұл ретте ешбір басқару түрін шектеу немесе жою мақсаты жоқ.

«Әр басқару нысанының өз орны, өз сегменті бар. Бізде көпқабатты үйлер саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан барлық басқару формасына сұраныс жеткілікті. Басқарушы компаниялар жай ғана сыпырғы мен шелектің иелері емес, кәсіби кадрлары бар, арнайы жабдықпен жұмыс істейтін ұйымдар болуы тиіс. Бұл сала нақты кәсіпке айналуы қажет», – деді депутат.

Екатерина Смышляева атап өткендей, тұрғын үйді басқару жүйесін таңдауда бір ғана үлгі жоқ. Әсіресе 1960 жылдардағы хрущевкалар сияқты ескі үйлерде жағдай қиынырақ. Мұндай үйлердің бюджеті шағын, тұрғындардың төлем қабілеті төмен, қарыз көп. Сондықтан мұндай үйлерге өздігінен басқару қиынға соғады.

«Ескі үйлер үшін ең тиімді шешім – сыртқы басқарушы компания немесе бюджеттік тарифпен жұмыс істейтін ПИК. Бұл жағдайда шығындар азайып, тұрғындар үшін қолжетімді болады», – деді Смышляева.

Ал ірі көпқабатты тұрғын үйлерде жағдай өзгеше. Мұнда тұрғындар МИБ (мүлік иелері бірлестігін) құрып, заңды тұлға ретінде тіркей алады. Бұл ретте олар кәсіби басқарушы директорды жалдап, оның жұмысына бақылау орнатуы мүмкін.

«Мысалы, мың пәтерлі үйде өз сантехнигі, электригі, аула тазалаушысы болғаны өте ыңғайлы. Мұндай үйлерге кәсіби басқарушы қажет, себебі тұрғындардың мүддесін қорғап, жұмысты ұйымдастыру міндетті түрде жүйелі болуы керек», – деп атап өтті депутат.

Жаңа бизнес-класс және комфорт-класс үйлерінде тұрғындар көбіне тұрмыстық шаруаларға уақыт бөлгісі келмейді. Мұндай жағдайда кәсіби басқарушы компаниялар қызмет көрсетеді. Олар бейнебақылау, қауіпсіздік, техникалық қызмет көрсету сияқты қосымша қызметтерді ұсынады.

Алайда мұндай үйлерде тариф те жоғары – шаршы метріне 170-200 теңгеге дейін жетеді. Бұл қарапайым ескі үйлер үшін қолжетімсіз болса да, табысы жоғары тұрғындар үшін қалыпты жағдай.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, тұрғын үйді басқаруға қатысты өзгерістер аймақтық деңгейде, яғни мәслихаттар арқылы бекітіледі. Жаңа ережелер Қазақстан бойынша бірдей, бірақ олардың іске асырылуы әр өңірдің ерекшелігіне байланысты болады.

«15 қыркүйектен бастап заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Осы күннен бастап тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары енгізіліп, басқарушы субъектілерге қойылатын талаптар нақтыланады», – деді депутат.

Сонымен қатар, базалық тариф айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі. Бұл жүйе айыппұлдар мен басқа да төлемдер секілді АЕК-ке тәуелді болады.

Смышляеваның айтуынша, жаңа жүйе міндетті тариф өсімін білдірмейді.

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Негізгі мақсат – есеп жүргізуді жүйелеу және басқару процестерін ашық ету. Тарифтердің өсуі міндетті емес, олар тек АЕК-ке сәйкестендіріліп есептеледі.

Тэгтер:

өзгерістер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы