Қайсар Қамза, Baller, Niko_nett: Қазақстанда 34 блогер онлайн-ойындарды жарнамалаған

Бүгін, 11:17 / Інжу Әлихан
Коллаж: Turkystan.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-ойындарды жарнамалаған блогерлердің аты-жөнін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Агенттіктің ақпаратынша, соңғы екі жарым жылда 205 жасырын казино жабылып, олардың жұмысына қатысы бар 224 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ел ішінде заңсыз гемблинг фактілері толық дерлік жойылды.

Алайда қазір негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан туындап отыр. Олар еліміздің азаматтарын құмар ойынға тартып, оларды лудомания құрбанына айналдыруда.

Ескертеміз, Қазақстан аумағында олардың қызметіне «Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес толықтай тыйым салынған. Осыған орай, жыл басынан бері 34 шетелдік онлайн-платформаның негізінен «айнасы» болып табылатын 17 мыңнан астам сілтеме бұғатталды.

Ерекше алаңдататыны – қазақстандық төлем ұйымдарының қолдауы, олар депозиттерді толықтыру мен қаражатты шешуді (кэшаут) қамтамасыз етіп отыр.Мұндай қаржылық «делдалдардың» бірқатары анықталды. Агенттік жақын уақытта олардың қызметіне құқықтық баға беретін болады.

Онлайн-казинолардың қолжетімділігі, верификацияның жоқтығы және төмен ставкалары оларды аса қауіпті етеді.

Өскелең ұрпақ құмар ойынға тәуелділікке ұрынып, салдарынан ішімдік пен есірткіге әуестік сияқты басқа да жағымсыз құмарлықтарға бейім болады.

Айта кету керек, онлайн-казинолардың қызметі көбінесе есірткі саудасынан мен қаржылық алаяқтықтан түскен қылмыстық табысқа негізделеді., - делінген ақпаратта.

Агенттіктің мәлімдеуінше, жаңа «клиенттерді» тарту үшін олардың иелері миллиондаған оқырманы бар отандық блогерлерді пайдаланады. Олар оңай пайда табуды көздеп, қарапайым азаматтарды қаржылық тұзаққа түсіруде.

Жыл басынан бері Агенттік 34 блогердің онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.

Олардың ішінде: Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Айтмаханов Тәуіржан, Тұрғанов Наиль, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар.

Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне шара қабылдау үшін жолданды. Көпшілігі заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзады.

 Мәселен, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) жыл басынан бері аталған бап бойынша бес рет жауапқа тартылды.

600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казино жарнамалағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.

 Сонымен қатар блогер «Niko_nett» пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді.

Сол сияқты, Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған.

Ал Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілерінде азаматтарды заңсыз ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізіп, жарнама үшін 15,8 млн теңге алып, оның жартысына жуығын сол платформалардың өзінде ойнап ұтылып қалған.

Өкінішке қарай, бұл істе қыздар да белсенді.

 Мәселен, Мариям Құлжабаева («@oomariko») интернет-казинода тіркелуге шақырған қарапайым стористерін небары 350 мың теңгеге бағалаған. Ал оның құрбаны болған отбасылар миллиондаған қаржысынан айырылып жатыр.

Оған қоса, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты белгілі.

Осылайша, онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған тұлғалар өз істерін жалғастыруда. Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болуда.

Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті.

Сонымен қатар, қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.

Блогерлерге үндеу: жарнама түріндегі контент таратумен айналысатын әрбір тұлға заңды қатаң сақтауы тиіс.

Агенттік заңсыз ойындарды насихаттаудан бас тартып, адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады.

Күдікті ұсыныстар түскен жағдайда оларды дереу  "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Тэгтер:

блогер казино онлайн ойын жарнама Қайсар Қамза