Атырауда ұтыс ойындарын өткізген блогер сотталды

Бүгін, 09:24 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Атырауда №2 қалалық сот Takitok деген лақап атпен танымал жергілікті блогерге үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты АқЖайыққа сілтеме жасап.

Ол онлайн-ұтыс ойындары мен акциялар ұйымдастырып, жазылушыларына тұрмыстық техника, әшекей бұйымдар және көпбалалы отбасыларға көмек уәде еткен.

Қатысу үшін ақша аудару талап етілген, алайда уәде етілген сыйлықтарды ешкім алмаған. Тергеу барысында 68 жәбірленуші анықталды, залал мөлшері бірнеше мыңнан жүздеген мың теңгеге дейін жеткен.

Сот әйелді ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі («Ірі мөлшерде жасалған алаяқтық») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 1 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, сот оған 5 жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға және интернет-ресурстарды пайдалануға тыйым салды. Бұл — бостандыққа шыққаннан кейін де оның әлеуметтік желілерде парақша жүргізуіне немесе қоғамдық жобаларға қатысуына болмайтынын білдіреді.

Тэгтер:

Атырау блогер