US Open: Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты

Бүгін, 08:21 / Нұрлан Әлинұр
Фото: sports.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты. 

Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 96-орында тұрған чехиялық, 18 жастағы Тереза Валентовамен өткізді.

Т. Валентова – өткен жылы жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінде жекелей және жұптық сында топ жарып, теннис әлемінде танылып үлгерген жас спортшы.

Бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басымдылық танытты. Тартысты өрбіген екінші сетті Елена жеңіспен түйіндеді – 7:6 (9:7).

Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Валентова 2 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 36-ракеткасы, 2021 жылғы АҚШ чемпионы, 22 жастағы ұлыбританиялық Эмма Радуканумен таласады.