Астанада Конституцияның 30 жылдығына орай велошеру өтеді

27 тамыз, 2025 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Елордада Конституцияның 30 жылдығына және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай велошеру ұйымдастырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маршрут ұзындығы 25 шақырымды құрайды: бастау – қаланың сыртқы айналма веложолынан (Қосшы бағыты), мәре сызығы – «Жасыл белдеу» паркінде, Үркер (Ильинка) тұрғын алабында.

Қатысушыларды тіркеу 30 тамыз күні сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Велошерудің басталуы – 09:00-де.

Қалалық спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, велошеру тек спорттық дода ғана емес, елордалықтар үшін мерекелік шара болмақ.

«Велошеру барша қала тұрғындарына ашық, қатысу тегін. Жалғыз талап – өз велосипедің болуы. Бұл шара астаналықтардың, спорт пен белсенді демалысты сүйетіндердің басын қосады. Сондай-ақ ол салауатты өмір салтын насихаттап, экология мәселесіне назар аудартуға және Конституция мерейтойына арналған мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған», – деді ол.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар тіркелген қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотерея өткізеді.

Тэгтер:

Астана Конституция велошеру 30 жыл