Алматыда анасының жанында жүрген баланың қасына белгісіз жасөспірім келіп, еш себепсіз көтеріп, бар күшімен жерге лақтырып жіберген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кешкі уақытта тұрғын үйдің ауласында болған.
Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың қолы сынғанын анықтады. Анасы Зарина Сапардың айтуынша, оқиғадан кейін сәби түнде жылап, ұйықтай алмай жүр.
«Бірден полицияға арыз жаздым, бірақ әлі ешкім хабарласқан жоқ. Аудандық полиция бөліміне барғанымда, “Ол кәмелетке толмаған, ештеңе істей алмайсыз” деді. Жасөспірімнің ата-анасы емдеу шығынын да, моральдық өтемақыны да төлеуден бас тартты», – деді ол.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қажетті тергеу амалдарынан кейін процессуалдық шешім қабылданады.