Тараздағы зауыт алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» облыстық жастар форумы өтті

27 тамыз, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Тараз қаласындағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының өндіріс алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» облыстық жастар форумын өткізді.

Бұған дейін «AMANAT» партиясы жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселесін шешу, олардың кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында Үкіметпен бірге «Жұмысшы жастар аманаты» жобасын қолға алған болатын. Аталған форум – осы жобаны жүйелі жүзеге асырудың нақты қадамына айналды. Сөз басында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров өз ісінің нағыз маманы атанудың мәні мен маңызына тоқталып, жастар қауымын ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

«Елімізде жыл сайын ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның бірқатары осы Жамбыл облысында қолға алынуда. Бұл жобаларды жүйелі жүзеге асыру үшін, әрине жұмысшы жастар қажет. Сондықтан Қазақстанның болашағы – жұмысшы мамандық иелерімен тікелей байланысты. Қазірдің өзінде қоғамда өндіріс саласының мамандары ерекше бағаланады. Ал осындай іс-шаралар арқылы белсенді жастарды қолдау ісіне жарқын жол ашылып отыр. Себебі өмірде барлық жетістік тек адал еңбекпен, қажырлы қызметпен келеді», – деді депутат.

Бұл ретте, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова елімізде еңбекке етене араласқан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.  

«Бұл форум – жұмысшы жастардың дауысы естілетін, олардың болашағына қатысты мәселелер талқыланатын алаң. Жыл өткен сайын елімізде еңбек адамына деген құрмет пен кәсіптік білімге деген сұраныс арта түсуде. Осы орайда, «Жастар Рухы» жастар қанаты өндіріс саласында еңбек ететін жастардың әлеуетін ашу мақсатында нақты жұмыс атқарып келеді. Мәселен, дәстүрлі «Жастарға жұмыс» жобасы аясында еліміздің барлық аймағында ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Жуырда Астана қаласында өткен осындай жәрмеңкеге 3000-ға жуық адам қатысып, 70-тен астам кәсіпорын 2000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды», – деді ол.

Осылайша, «AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы өз тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, кейінгі екі жылда 150 мыңға жуық жас азамат қамтылған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 200-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оған 5,2 мыңнан астам ұйым қатысты, 55 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды. Шалғайдағы елді мекендерді қамту мақсатында «Жастар Рухының» мобильді топтары 150-ден астам ауылға барып, 55 мың адамға әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңес берді.

Бұған қоса, өңірлік жұмысшы жастар форумдары ұйымдастырылып, еліміздегі еңбек нарығына қатысты ашық талқылаулар өтті. Сонымен қатар еліміздің 8 өңіріндегі ірі кәсіпорындарда жастар мен жоғары сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру экскурсиялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 5000-нан астам жас азамат еңбек нарығы жөнінде жан-жақты ақпарат алып, 180-нен астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Жастар Рухы» арнайы «Еңбек даңқы: Жұмысшы мамандар әулеті» атты медиа-жобаны іске қосты.

Осы орайда, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірде жұмысшы жастарды қолдау бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын алға тартты.

«Бүгінде Жамбыл облысында инвестиция тарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта өңірде 62 инвестициялық жобаны қолға алу көзделіп отыр. Оны жүзеге асыру барысында 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Яғни, бұл қадам университет пен колледж түлектерін жыл сайын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, өңірдегі жоғары оқу орындарында кадр дайындау жұмысы қолға алынуда. Біздің басты міндетіміз – кәсіби мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу және олардың бойына адалдық, жауапкершілік сынды асыл қасиеттерді сіңіру», – деді ол. 

Осы күні Жамбыл облысында 355 мыңнан астам жас азамат өңір тұрғындарының 29,1%-ын құрап отыр. Олардың 41,8%-ы – қалада, ал 58,2%-ы – ауылда тұрақтаған. Аталған азаматтардың қатарында «TALAS INVESTMENT COMPANY» ЖШС-ның жас маманы Бексұлтан Болғанбек те бар.

«Бұл кәсіпорында жүздеген маман еңбек етеді. Солардың қатарында мен де бармын. Еңбек жолымды слесарь ретінде бастап, кейін қазандық операторы, компрессорлық және тоңазытқыш қондырғылары аумағының шебері, қазандық аумағының шебері болып жұмыс істедім. Бүгінде энергетика ресурстарымен қамтамасыз ету цехы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрмін. Осындай ірі өндіріс орнында еңбек ету – жас мамандар үшін зор мәртебе әрі жоғары жауапкершілік. Компания бізге барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Мұнда кәсіптік машығымызды жетілдіруге қажет барлық мүмкіндік бар. Ұжымымызға білікті, адал жұмысшы жастар қашан да қажет», – деді ол.

Ал «Казфосфат» ЖШС-не қарасты «Минералды тыңайтқыштар зауытының» инженері, жас маман Қайсар Алдахметовтің айтуынша, аталған кәсіпорында 35 жасқа дейінгі 1128 жұмысшы маман еңбек етеді.

«Жұмысшы жастар – адалдық пен табандылықтың үлгісі. Зауыттарда, құрылыс алаңдарында, ауыл шаруашылығы саласында және түрлі өндіріс орнында еңбек етіп жүрген жас буын – ел экономикасының тірегі. Жұмысшы маман бола жүріп, қоғам дамуына да үлес қосуға, бойдағы қабілет пен әлеуетті көрсетуге толық мүмкіндік бар. Мысалы, мен қарапайым зауыт жұмысшысы бола жүріп, Тараз қалалық мәслихатының депутаты ретінде сайландым. Бүгінде қала тұрғындарының сенімін арқалаған азамат ретінде өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жастардың мүддесін қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келемін», – деді ол.

Тэгтер:

Мұқаш Ескендіров Жұмысшы жастар аманаты облыстық жастар форумы зауыт алаңы