Қатты ыстық адамды тез қартайтады – ғалымдар

27 тамыз, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ауа температурасының қалыптан тыс көтерілуі тек қана шаршау мен ауа жетіспеушілігін тудырмайды. Ғалымдардың айтуынша, аптап ыстық адам ағзасының биологиялық тұрғыда тезірек қартаюына әкеледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Гонконг университетінің зерттеушісі Сии Чен бастаған ғалымдар тобы Тайваньда тұратын 25 мыңға жуық ересек адамның деректерін талдады. Зерттеу барысында олардың биологиялық жасы (қан қысымы, ағзалардың жұмысы, қабыну деңгейі секілді көрсеткіштер бойынша) мен паспорттағы жас ерекшелігі салыстырылды. Одан кейін ғалымдар зерттеуге дейінгі екі жыл ішінде әрбір адамның өмірінде қанша аптап ыстық күн болғанын анықтады.

Нәтижесінде, дәл осы күндердің саны ағзаның жедел қартаюымен тығыз байланысты екені белгілі болды. Мәселен, ыстық күндердің әрбір қосымша төрт күні адамға орта есеппен 9 «биологиялық» күн қосып отырған. Бұл тұжырым Nature Climate Change журналында жарияланды.

Алайда барлық топтағы адамдар бірдей жылдамдықпен қартая бермейді. Ашық аспан астында еңбек ететін жұмысшыларда бұл әсер басқаларға қарағанда шамамен үш есе күштірек байқалған. Сондай-ақ ауыл тұрғындары да тезірек қартаятыны анықталды. Зерттеушілер мұны кондиционердің жетіспеушілігімен байланыстырады. New Scientist басылымының жазуынша, бұл деректер АҚШ-та жүргізілген ұқсас зерттеу нәтижелерімен сәйкес келеді: қарт адамдар арасында ыстық күндер көбейген сайын ағзаның тозуы да жеделдеген.

Тэгтер:

қартаю ыстық