Етке қонған шыбыннан дерт тарады

Бүгін, 05:06 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

АҚШ-та алғаш рет адамның «ет шыбыны» (Cochliomyia hominivorax) дернәсілдерімен зақымдану жағдайы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпаратты елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі мәлімдеген.

NBC News дерегінше, бұл паразит – ет шыбынының дернәсілдері – ірі қара малға қатты зиян тигізуі мүмкін және үй жануарларын да зақымдайды. Ол Орталық Американың кейбір аймақтарында кең таралған.

Бұл ұсақ паразиттік шыбындардың аналықтары кез келген жылы қанды жануарға жұмыртқа салады. Жұмыртқалардан шыққан жүздеген дернәсіл иесін зақымдайды.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мен Мэриленд штатының денсаулық сақтау департаменті 4 тамызда Сальвадорға барған тұрғынның «ет шыбынынан» дерт жұқтырғанын растады.

Мэриленд денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, науқас аурудан айығып шыққан.

Зерттеу нәтижелері инфекцияның басқа адамдарға немесе жануарларға таралу белгілерін көрсеткен жоқ, – делінген хабарламада.

АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Эмили Г. Хиллиард:

Бұл – миаздың (шыбын дернәсілдерінің паразиттік зақымдануы) АҚШ-та тіркелген бірінші жағдайы. Ол ауру ошағы анықталған елге жасалған сапардан кейін пайда болды, – деді.

1980–1990 жылдары Орталық Америкада бұл дерттің жаппай өршуі орын алған еді. Оны жою үшін орасан қаражат жұмсалғанымен, соңғы екі жылда қайта тіркеліп отыр.

АҚШ пен Мексикада паразиттің таралуына жол бермеу үшін миллиардтаған стерильді шыбын өсіріліп, әуеден тастау жоспарланған. Бұл әдіс кезінде стерильді аталықтар аналықтармен шағылысып, жұмыртқадан дернәсіл шықпайды. Нәтижесінде популяция азайып, жойылады. Бұл тәсіл 1960 жылдары АҚШ-та ет шыбынының соңғы өршуін тоқтатуда тиімді болған.