«Мұқият болыңыздар!»: ҚазАвтоЖол мотоцикл жүргізушілеріне үндеу жасады

Бүгін, 17:22 / Інжу Әлихан
ҚазАвтоЖол

Жазғы маусымда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мотоцикл жүргізушілерінің қатары айтарлықтай артып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz сайты ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, екі дөңгелекті көліктің көбеюі барлық жол пайдаланушылардан тәртіп пен сақтықты талап етеді. Көлік жүргізушілері үшін мотоциклді бірден байқау әрқашан мүмкін емес. Сондықтан айнаны жиі қадағалап, жолақ ауыстырғанда немесе маневр жасағанда бұрылыс шамын алдын ала жағу аса маңызды. Бұл әрекет мотоциклшілерді дер кезінде ескертіп, ықтимал апаттың алдын алуға көмектеседі.

Сонымен қатар, мотоцикл иелері де үлкен жауапкершілікке ие. Олар жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық шектеулерін және жол белгілерін қатаң сақтауы қажет. Қауіпсіздік мақсатында міндетті түрде қорғаныс дулығасы мен арнайы киімді пайдалану маңызды. Сарапшылардың айтуынша, жол-көлік оқиғасы кезінде мотоцикл жүргізушісі автокөлік иесіне қарағанда әлдеқайда әлсіз қорғалған.

«Жолдағы қауіпсіздік әр жүргізушінің өзіне де, өзгеге де құрметпен қарауынан басталады. Ортақ жауапкершілік – қауіпсіз сапардың кепілі», – делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.

Тэгтер:

жүргізуші Қазавтожол мотоцикл