Жаңалықтар

Әбілязов БТА салымшыларының ақшасына жеке ұшақтар сатып алған

ашық дереккөзі

Әбілязов БТА салымшыларының ақшасына жеке ұшақтар сатып алған

Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында банкир Мұхтар Әбілязовтың ісі қаралуда. Бүгінгі сот отырысында зардаб шегуші тараптың өкілі - БТА банктің қылмыстық істерді жүргізу басқармасының сарапшысы Талғат Амантай сөз сөйледі. Баяндау барысында Әбілязов пен оның сыбайластары БТА банк салымшыларының қаражаттарын қалай жымқырғандарын, оны жеке мақсаттарға қалай пайдаланғандарын айтып берді. Оның сөзінше, қымбат үш жеке ұшақ сатып алынған. Нәтижесінде, 54,6 миллион АҚШ доллары қолды болған. Тергеудің анықтағанындай, 2005 жылы Әбілязов «SEERIA Alliance LTD» оффшорлық компаниясына иелік етеді. Кейін осы компанияның өкілдері ретінде банктан үлкен көлемде қарыз алуға өтініш тастайды. Содан соң, Әбілязовтың тапсырмасымен несие комитетінің мүшелері компанияға несие беру туралы құжатқа қол қояды. Нәтижесінде «Сирия Альянс» компаниясына заңсыз түрде бірнеше мәрте миллиондаған қаражат қарызға берілген. Оған кепілге сатып алынған жеке ұшақтар қойылыпты. Кейін ол сояға алмастырылды. Кейбір несиелер тіпті еш мүлікті кепілге қоймастан алынған. Басқаша айтқанда, тергеудің анықтағанындай, ұшақтар банк салымшыларынан қаражатты жымқыру үшін сатып алынған. «2008 жылы 10 сәуірде несие комитетінің мүшелері, қылмыстық топтың құрамында бола тұра, Әбілязов бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа және банкпен ерекше қарым-қатынаста болған тұлғаларға қолдау жасай отырып, «Сирия Альянс» компаниясының рұқсатынсыз 2,280 миллион доллар қарыз беру туралы визаға қол қойды», - деп түсіндірді Талғат Амантай. 2005 жылдың қазан айында «SEERIA Alliance LTD» компаниясының есепшотына тағы 6 миллион АҚШ доллары бағытталған. Дегенмен 2006 жылы берілетін несие көлемі арта түсті. Банктің несие бөлімшесі құжаттарды қолдан жасап, «SEERIA Alliance LTD» компаниясына миллиондаған долларға несиелік қаражат аударған. Оның үстіне, Әбілязов қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында «SEERIA Alliance LTD» компаниясымен арада банк үшін тиімсіз келісімшарт дайындаған. Жекелей тоқталсақ, банкке әуе рейстерін ұйымдастыру және банк қызметкерлерін тасымалдау бойынша қызмет көрсету келісімшарты жасалыпты. 2007 жылы ай сайын банк сол қызметтер үшін 70 миллион теңге төлеп келген. Аталмыш келісімшарт негізінде әуе компаниясының шотына 2007 жылы 922 миллион теңге, 2008 жылы 1 млрд теңге бағытталған. Әбілязов қызметті өзінің компаниясы арқылы сатып алып отырған және сол арқылы БТА банк салымшыларын тонап келген.