Астанада вандалдарға 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған

Бүгін, 08:29 / Нұрлан Әлинұр
Астана әкімдігі

Вандализмге қарсы күрес бойынша Астанада жыл басынан бері 160 құқық бұзушы жазаланды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан бері 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 93-і қамауға алынған. Сонымен қатар 67 адамға жалпы сомасы 10 466 780 теңге айыппұл салынған.

"Мысалы, Байқоңыр ауданындағы Уәлиханов көшесінде белгісіз адамдар аялдама павильонының терезесін сындырған. Тексеру барысында 37 жастағы ер адам күдікті ретінде анықталды. Оның мас күйінде қала мүлкін әдейі бүлдіргені белгілі болды. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.

Аялдамаларды, орындықтарды, шағын сәулет нысандарын және басқа да инфрақұрылым нысандарын зақымдау қалаға шығын келтіріп қана қоймай, тұрғындардың жайлы өміріне кедергі жасайды, дейді әкімдіктегілер.

Айта кетейік, қала мүлкін бүлдіргені үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейінгі айыппұлмен немесе 30 тәулікке дейінгі қамаумен жазаланады.