Ғалымдар бауырдың жұмысына зиян тағамдарды атады

26 тамыз, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Psychopharmacology журналында жарияланған халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша, май мен фруктозаға бай тағамдар бауырды зақымдап, соның салдарынан ми қабынуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжірибелер тышқандарға жүргізілген. Майлы диета мен 12,5% фруктоза қосылған сусын ішкен жануарларда бауырдың жұмысы бұзылып, қанда және жүйке жүйесінде өзгерістер басталған. Нәтижесінде тышқандарда бауырда май жиналып, АЛТ және АСТ ферменттері көтерілген, глутамат пен қабынуға ықпал ететін молекулалар деңгейі артқан. Бұл өзгерістер тек бауырда ғана емес, сонымен қатар гиппокамп пен ми қыртысында да байқалған.

НАЖБП (алкогольге қатысы жоқ майлы бауыр ауруы) – әлемдегі ең кең таралған бауыр сырқаттарының бірі. Ол көбіне семіздікке, 2-типтегі қант диабетіне және метаболикалық синдромға байланысты дамиды. Әдетте ауру белгісіз өтеді, бірақ асқынған жағдайда қабынуға, фиброзға және циррозға алып келуі мүмкін. Арнайы дәрі-дәрмек жоқ, негізгі ем – тамақтану мен өмір салтын түзету.

Зерттеушілер тышқандарға лонган жемісінен алынатын табиғи қосылыс – корилагинді енгізіп көрді. Бұл зат бауырдағы қабынуды азайтып, глутамат деңгейін қалыпқа келтіріп, жануарлардың мазасыздық мінез-құлқын бәсеңдетті.

Алайда басқа жағдайда, яғни бауыр зақымданбай, әлеуметтік стресс арқылы туындаған мазасыздықта корилагин әсер етпеді. Бұл оның тікелей тыныштандыратын дәрі емес, әсері бауырды қорғау арқылы іске асатынын көрсетті.

«Біздің нәтижелеріміз бауырдағы зақымданулардың ми қабынуын және мазасыздықты тудыратынын, ал корилагин бұл әсерді бауырды қорғау арқылы әлсірететінін дәлелдеді», – дейді авторлар.

Тэгтер:

тағам Бауыр зиян