«Жастарға жұмыс» жобасы Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы бастамаларды жүйелі жүзеге асырады

Бүгін, 10:13 / Інжу Әлихан
Суреттерді түсірген: Әли Ғалым

Елордада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараға 3000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде мыңдаған қазақстандық жастар жұмыс іздеп жүр. Ал егер жұмысты бір күнде – елорданың дәл орталығында, еліміздің ондаған ірі жұмыс берушілерінің арасынан табуға болатын болса ше? Астанада дәл осылай болды. Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония бір күнге мектеп, колледж және жоғары оқу орын түлектеріне арналған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында студенттерді, түлектерді және жұмыс берушілерді біріктіретін ірі мансап алаңына айналды. Жастар ұлттық компаниялардан бастап, өнеркәсіптік кәсіпорындарға дейінгі 70-тен астам компанияның өкілдерімен бетпе-бет сөйлесті. Олар жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы біліп, алғашқы сұхбаттан өтті.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы осындай іс-шаралар ұйымдастырудың мәні мен маңызын атап өтті. Бұл шешім қоғам игілігі жолында адал жұмыс істеп жүрген жандарды қолдауға арналған.

«Бүгінде жұмысшы мамандықтар – тұрақтылық пен жоғары сұраныс қана емес, сонымен қатар лайықты жалақы, сый-құрмет және мансап жолында жоғарылау мүмкіндігі. Жастар экономиканың осы секторына бет бұрып, ел ертеңі еңбекпен байланысты екенін түсіне бастады. Бұл – өте маңызды. Біздің бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріміз жастарға өмірде өз орнын, ал жұмыс берушілерге лайықты маман табуына көмектеседі. Жас азаматтар үшін тек жұмыс табу ғана емес, сонымен қатар олардың еңбегі бағаланатынын, өсу мен даму мүмкіндігі бар екенін сезіну маңызды. Сондықтан «AMANAT» партиясы әр түлек өмірде өз орнын тауып, мансап жолын бастай алатын бастамаларды жүзеге асыруда», – деді ол.

Астанадан бөлек, «Жастар Рухының» бастамасымен еліміздің барлық облыс орталығында осындай жәрмеңкелер өтуде. Оларға кем дегенде 50 мың қазақстандық жас азамат келеді деп жоспарлануда. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері «бір терезе» қағидаты бойынша өтуде: жұмыс іздеп жүрген жастар компаниялардың ұсыныстарымен танысып қана қоймай, жастарға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламалары бойынша анықтама ала алады. Соның ішінде, жастар практикасынан бастап, оқыту және өз ісін ашуға дейінгі қолдаулар бар.

«Мен колледжді «электромонтер» мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ уақыт лайықты жұмыс іздедім. Бүгін осы жәрмеңкеде бірнеше компания өкілімен сөйлесіп, сұхбатқа шақыру алдым. Бұл – еңбек етуге ынталандырады. Себебі нақты мүмкіндіктерді көріп отырмын. Жұмыс беруші сізді таңдамайды, керісінше сіз бос жұмыс орындарының арасынан өзіңізге қолайлысын таңдайсыз», – деді жәрмеңкеге қатысқан Айдар Кенжебаев.

Сондай-ақ жәрмеңке аясында «Отбасы банк» өкілдері ипотека ресімдеуге ниетті азаматтарға кеңес беріп, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша «Joltap» жобасын ұсынды. Ал елордадағы Еңбек ұтқырлығы орталығының қызметкерлері түлектерге арналған «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары туралы хабардар етті. Сонымен қатар жәрмеңкеге келген азаматтарға еліміздің өзге өңірлеріне көшіп бару мүмкіндігі туралы мәлімет ұсынылды.

«Ертіс өңірі – өнеркәсіп аймағы. Бізде бос жұмыс орындары өте көп. Жуырда Астана қаласы да халық арасында «оңтүстіктен солтүстікке» деп аталатын ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына шығу өңірі ретінде енді. Осы бағдарлама шеңберінде міндетті түрде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен – көшуге арналған субсидия. Көшіп барған отбасының әр мүшесіне жыл бойы тұрғын үй жалдау өтемақысы төленеді. Бұған қоса, экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Яғни, тұрғын үй сатып алу кезінде мемлекет баспана құнының 50%-ын жабады», – деді Павлодар облысындағы Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары Қазбек Жомартов.

Сондай-ақ жәрмеңкеде «Таза Қазақстан» арнайы орны жұмыс істеді. Онда қайта өңдеу мақсатында пластик жиналып, жасыл технологиялар туралы мәлімет берілді. Мұндай орын – ел ертеңіне деген қамқорлық тек жастарды жұмыспен қамту ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру екенін көрсетті.

«AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы өз тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, кейінгі екі жылда 150 мыңға жуық жас азамат қамтылған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 200-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оған 5,2 мыңнан астам ұйым қатысты, 55 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды. Шалғайдағы елді мекендерді қамту мақсатында «Жастар Рухының» мобильді топтары 150-ден астам ауылға барып, 55 мың адамға әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңес берді.

Осылайша, «AMANAT» партиясының бастамасы Мемлекет басшысы өз сайлауалды бағдарламасында алға қойған стратегиялық мақсатты жүзеге асырудың бір бөлігіне айналуда: 2029 жылға қарай кемінде 2,3 млн жас азаматты жұмыспен қамту.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы Жастар Рухы жастар жәрмеңке жұмысшы мамандықтар жылы