2025 жылдың басынан бері 8 051 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін иеленді. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 156,1 мың қандас қоныстанған, деп хабарлайды turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Оралғандардың басым бөлігі – Өзбекстаннан (44,2%) және Қытайдан (43,2%). Сонымен қатар, 5%-ы Түрікменстаннан, 2,7%-ы Моңғолиядан, 2,4%-ы Ресейден және 2,5%-ы өзге елдерден келген.
1 тамыздағы мәлімет бойынша қандастардың 59,1%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 31,8%-ы – балалар, 9,1%-ы – зейнеткерлер. Еңбекке жарамды этникалық қазақтардың ішінде 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді.
Қоныс аударушылар еліміздің әртүрлі өңіріне орналастырылды. Әсіресе еңбек күші тапшы өңірлерге (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) көбірек бағытталуда. 2025 жылға арналған квота – 2 309 адам. Оның ішінде 1 286 қандас қоныстанды.
Қоныстанған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) көлемінде біржолғы жәрдемақы, сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу үшін бір жылға 15–30 АЕК (59–118 мың теңге) беріледі.
Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары ұсынылып, 221 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерге қосымша қолдау тетіктері енгізілді. Оның ішінде тұрғын үй алуға немесе ипотекалық бастапқы жарнаны жабуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған. Бұл көмек тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды.