Қазақстан футболындағы келісілген матчтарға қатысты тексеріс жүргізілуі мүмкін

22 тамыз, 2025 / Өтей Торғайұлы

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Алдағы уақытта мен Бас прокуратураға, ІІМ-ге, Туризм және спорт министрлігіне депутаттық сауал жолдамақпын. Мақсат – қазақстандық футболдағы келісілген матчтарға қатысты жан-жақты тексеріс жүргізу. Sportradar ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан әлем бойынша келісілген матчтар саны жағынан төртінші орында тұр. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. ҚФФ соңғы кезде осы дертпен күресті күшейтті. Бірақ, өкінішке қарай, бұл бастаманы бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Көпшілікке белгілі, клуб директорларының өздері төрешілерге шығып, келісімге баратын жағдайлар аз емес. Ал клуб иелері мұны білмейді деу – ақылға сыймайды», - деді ол.

Мәжіліс депутаты үлкен футболда ақпараттық манипуляциялар көбейіп бара жатқанын да тілге тиек еткен.

«Бұл – ҚФФ-тың «договорняктарды» жою әрекеттері үлкен қарсылыққа тап болады деген сөз. Себебі үлкен спорт – үлкен ақша, үлкен ставкалар. Мұның тағы бір қыры – Қазақстанның халықаралық беделі. Ел ішінде заң мен тәртіпті сақтау – біздің міндетіміз. Спорт та бұдан тыс болмауы тиіс. Біз кез келген заңсыздыққа нөлдік төзімділік танытуымыз қажет. Жеңілген ұят емес. Ұят – жеңісті күмәнді жолмен алу. Сондықтан да мен Қазақстанның үлкен спорты ашық та әділ болуы үшін бар күшімді саламын», - деді А. Құспан.

Тэгтер:

депутат Абзал Құспан