Бір болсақ, ірі боламыз

Бүгін, 16:15 / Túrkіstan International Political Weekly

Осы аптада Астанада қазақ-өзбек ғалымдары мен шығарма­шыл зия­лыларының алғашқы форумы өтті. Бұл жиын Өзбек­стан Олий Мажлисі Сена­тының төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Көрші ел Сенатының төрағасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңір­ген еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен мара­паттаған болатын.
Жиында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан зия­­лы­ларының алғашқы форумы Мемлекет басшысының тікелей тап­сырмасымен өткізіліп жатқанын айтты. Сонымен қа­тар ол қазіргі жағдайда Қа­зақстан мен Өз­­бекстан арасындағы достықты қалып­тастырып, ны­ғай­татын адами байла­ныс­тар да ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ал Танзила Нар­баева форумда айтылған идея­ларға қолдау білдіріп, оны өткізудің өзек­­ті екенін және мұндай тың баста­ма­ның мәдени-гуманитарлық бай­ланыс­тар­ды одан әрі кеңейтудегі маңызына тоқ­талды. Бұдан бөлек, Қазақ­стан Пар­ла­менті Сенатының депутаттары, ға­лым­дар, шығармашыл зиялы қауым мен сарап­шылар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі. Олар қа­зақ-өзбек байла­ны­сын одан әрі нығайтуға арналған жо­ба­лар мен идеяларды іске асыру жөнінде өз ойларын айтып, ұсыныстарын жет­кіз­ді. Осы форум­ның мәні мен мазмұнын тереңірек талдап, маңызын айқындаған Мемлекет және қоғам қайраткері Сауыт­бек Абдрахмановтың мақаласын назар­ларыңызға ұсынамыз.

Қазақта «Адамның күні адаммен» де­ген мақал бар. Оны біз бір мақа­ла­мыз­да «Ха­лық­тың күні халықпен» деп то­лық­тырған едік. Дүн-дүние дүрлігіп тұрған мынандай заман­да елдердің, әсі­ресе көр­ші елдердің арасын­да­ғы қа­рым-қаты­нас – тығыз, адамдар ара­сын­­дағы аралас-құраластық жиі болуы өте маңызды. 
Қазақстан Республикасының Ұлт­тық музейінде «Ортақ тарихи-мәдени мұра – ын­ты­мақтастықтың жаңа көк­жие­гі» тақы­ры­бын­да қазақ-өзбек зиялы қауым өкілдерінің фо­румы өтті. Жиын­да екі елдің ғы­лы­ми-шығармашылық бай­ланысын одан әрі да­мыта түсудің кө­кейтесті мәселелері кеңі­нен талқы­лан­ды. Біздің тарапымыздан Тө­лен Әбдік, Ақылбек Күрішбаев, Дархан Қы­дырә­лі, Жанғара Дәдебаев, Дихан Қам­за­бек­ұлы сөйлеп, сан түрлі мәселелерді қоз­ғады. Өз­бекстан тарапынан көр­нек­ті мемлекет, қо­­ғам қайраткерлері сөз алып, елдер ара­сын­да­ғы рухани қа­ты­нас­тарды заманға сай жаңа биікке шығарудың жолдары жөніндегі пі­кір­лерін білдірді. Осыған орай біз кон­фе­рен­­цияда айтылған кейбір ойды ортаға сал­­мақпыз. Өзбекстан Республикасы Олий Мажли­сі­нің Сенат төрайымы Танзила Нарбаеваның «Бұрын да парламенттер бар еді. Бірақ олардың қарым-қатынасы жоқ еді» деген сө­зінде үлкен шындық та бар, терең астар да бар. Егер әр нәрсені өзінің атымен атай­тын болсақ, тәуелсіздіктен кейінгі тарихтың алғаш­қы ширек ғасырындағы Қазақстан-Өзбекстан қатынастарын дағдарысты кезең деп атаудың артығы жоқ. Мен мұны ауылым Таш­кентке жақын жерде, Келес ауданында ор­наласқан адам ретінде, жерлестерімнің – бұрын жексенбі сайын Ташкентке базарлап қайтатын адамдардың базарға бару тұрмақ, ағайын-туысқанына қатынай алмай, кеден­нің кедергісін көрген, кей кезде тіпті шека­ра­ның айлап жабылып қалғанына да куә болған кісілердің әңгімесін көп естіген адам ре­тінде айтып тұрмын. Енді ол күндер артта қалд­ы. Екі елдің арасындағы дәстүрлі тығыз бай­ланыс қалпына келді. Бұған екі ел халқы риза. 
2019 жылы Астанада «Науаи – Шығыс  жұл­дызы» деген атпен халықаралық конфе­рен­ция өткен еді. Конференцияда сөйлеген сө­зімде Науаиды тек Шығыспен шектеп қалу тар­лық ететінін, ол Шекспирдің, Гетенің, Бай­ронның, Пушкиннің ауқымындағы әлем­дік ақын екенін айта келіп, «Конференцияны «Науаи – жаһан жұлдызы» деп атауға болар еді» дедім.
Сонау он бесінші ғасырда өмір сүрген На­уаи­­­дан 20 том әдеби мұра қалғанының 
өзі – қосымша түсіндіруді қажет етпейтін фак­т.
Меркурий планетасындағы алып кра­терге аты берілген, дүние жүзінің көптеген елі­нің астаналарында ескерткіші орн­а­тыл­ған, сонау XVI ғасырдың өзінде-ақ дара дау­ы­сы дүниенің қиыр-қиырына жеткен Ни­замеддин Мір Әлішер Науаи есімін әлем­дік әдебиеттен хабардар әрбір адам біле­ді, сөз өнерінің өрнегін тани алатын оқырман атау­лы ардақ тұтады. 2007 жылы Вашинг­тон­да «Әлішер Науаи және оның Орталық Азия халықтарының мәдени дамуына ық­палы» деген атпен әлемдік конференцияның өткені көп жайды аңғартады. Расында да, Әлішер Науаидың әсіресе Орталық Азиядағы халықтардың руханиятына жасаған әсері ерекше екені даусыз. Түркі тілдеріндегі клас­сикалық әдебиет шын мәнінде Әлішер Науаи­дан басталған деуге де болады. Науаиға дейін жыр тілі фарси саналып келгені – анық ақи­қат. Ол өмір сүрген заманда түркі тілі жыр жазуға оралымсыз тіл деп қара­латын. Науаи – ғасырлар бойы қалыптасқан, ойда әб­ден орныққан сол түсінікті төңкеріп тү­сір­ген адам. Әлішер ғазалдарынан кейін фар­си жалғыз әдеби тіл мәртебесінен айы­рылған болатын. Науаи есімінің біз үшін ерек­ше қадірлілігі – түркі тілінің поэзиялық қуа­тын алғаш танытқанында, бүкіл әлемге мойын­датқанында. Н.Конрад, Е.Бертельс, В.Жирмунс­кий сияқты әлемге әйгілі әде­биет­шілердің еңбектерін қараған адам Науаи поэ­тикасының сұлулығын сергек сезіне тү­седі, ақын қаламы­ның образ, эпитет, мета­фора байлығына сүйсінбей қоймайды. Өз­бек­шеге тісіңіз бата­тын болса, Әлішердің өзі­не Науаи (Әуез) деген бүркеншік ат беруі­нің мәнісін айқын ұғасыз. Ақын өлең, ғазал, дастандарын әдемі әндей естілетін әуезді тілмен төгілтеді.
Қазір сіз бен біз айтып жүрген талай қа­нат­ты сөздің, талай мақал-мәтелдің бас­тауын Науаи жырларынан табамыз. Мысалы, «Жәннат бағы ана аяғының астында» дегенді Әлішер Науаи сонау заманда «Онолар оёғи остидадур, Равзайи жаннату жинон боғи» деп жазып кеткен.
Науаидың тағы бір сөзі мынандай: «Ер ким­ники экканники, урганники, шоир кимники – уқиганники, куйлаганники». Демек, адамзаттың асылдары баршаға ортақ.
Сенат Төрағасы Мәулен Сағатханұлы өз сө­зінде Абай Науаиды өзіне ұстаз тұтқанын айтып өтті.  
Иә, Науаидың асыл қазынасынан жақын­да ғана туғанына 180 жыл толған тойы кеңі­нен аталып өткен ұлы Абай да тағылым 
алған.
Абай 14 жасында жазған бір шумақ өлеңін­­де былай дейді:
Фзули, Шәмси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер, я, шағири, фәриад!
Осылайша, жас Абайдың ақындық жолға атта­нарда ауызға алып, сыйынған, шайырға медет бер деп сұраған жеті адамының бел ор­та­сында адамзат тарихындағы ең ұлы ақын­дардың бірі Мір Әлішер Науаи тұр.
Мұның өзі біздің халықтарымыз ара­сын­дағы берік байланыстың тамыры терең­де жатқанының тағы бір мысалы.
Қазақ-өзбек  зиялы қауым өкілдерінің фору­мы – бауырлас екі халық достығының та­ма­ша көрінісі.
Жоғарыда айтылған конференциядағы баян­даманың негізінде 2019 жылы  Egemen Qazaqstan газетіне «Науаи – жаһан жұлдызы» деген атпен мақала жазған едім. Оны кейін­нен Өзбекстанның «Халқ сузи» газеті ауда­рып басты.
 «Навоий – жаҳон юлдузи» аталатын ол ма­қа­ла былай басталады:
«Қазақстан басшысының алғашқы мем­лекеттік сапарының туысқан Өзбекстанға жа­салғаны әбден көкейге қонымды.
Дін бірлігі мен тіл бірлігінен шыққан діл бір­лігі қазақ пен өзбекті тарих төрінде то­ғыстырды, сан ғасырлық ортақ өмір, жүз­де­ген жылғы тату көршілестік тағдырлары­мыз­ды табыстырды. Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуе­ті ересен, оның мүмкіндіктері әлі де то­лық пайдаланылып отырған жоқ. Бұл ба­ғыт­та соңғы жылдарда қолға алынған жүйе­лі жұмыс, мемлекетаралық байланыстардағы ашықтық, адамдардың барыс-келісінің кө­беюі бәрімізді де қуантады. Ташкенттегі ке­ліссөздер барысында екі елдің арасындағы сауда айналымын таяу жылдардың өзінде 5 миллиард доллар көлеміне жеткізу мақсаты алға қойылғаны экономикалық қарым-қа­ты­настың жаңа деңгейге көтерілетінін көр­сетеді».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Президенті Шавкат Мир­зиёев­тің келіссөздері елдер арасындағы стра­тегиялық серіктестікті, тату көршілікті, өзара тиімді ықпалдастықты жаңа сатыға көтерген осы кезеңде Астанада екі ел зиялы қауым өкілдерінің форумы өткізілгені, оған Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының тө­райымы Танзила Нарбаеваның қатысуы өте қуанышты жай.
Өзбек халқы биылғы жылдың өзінде екі бірдей жарқын жеңіске қолын жеткізді. Оның бірін барша жұрт біледі: футболдан Өзбекстан құрамасы 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының финалдық сайысына жол­дама алды. Біз бауырларымыз үшін шын жүрек­тен қуанамыз, Өзбекстан командасына жанкүйер боламыз. 
Екінші жарқын жеңісті көп адам біле бер­мейтін сияқты. Биылғы қазанда ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының сес­сиясы кейінгі 40 жылдың ішінде алғаш рет Парижден басқа жерде өткізіледі. Нақты айт­қанда, Өзбекстанда өткізіледі. ЮНЕСКО басшылығының мұндайлық сирек кездесетін шешім қабылдауына өзбек ағайындардың та­рихи-мәдени мұраны сақтаудағы үйре­те­тін үлгісі, сондай-ақ халықаралық туризмді дамытудағы тамаша табысы да себеп болды. Бұл жиынның Өзбекстан Республикасының тарихы терең, өнері өрелі, дәм-тұзы даңқты, қонақжай ел ретіндегі жақсы атын жаһанға жая түсетіні талассыз. 
Қылқаламның таңғажайып шебері Орал Таң­сықбаев картиналарының биыл көк­тем­де Алматыда ұйымдастырылған көрмесі екі елдің халқын одан әрі жақындастыра түскен елеулі оқиғаға айналды. Жақында суретшінің одан да кең көлемді көрмесі Ташкентте ұйым­­­­дастырылғалы жатыр. Бұйыртса, барып қайтамыз, жазып жүрген кітабымызға жаңа деректер алып қайтамыз.   
Біздің халықтарымыздың бірлігі жөнін­де интернет бетінде белгілі тарихшы, про­фес­сор Гайбулла Бабаяровтың тамаша екі сұх­баты шықты. Оның біреуі қазақ және өз­бек халықтарының ортақ тарихына, екін­шісі қазақ халқының даңқты перзенті Бауыр­жан Момышұлына арналды. Гайбулла бауырымыз Бауыржан Момышұлын «Бу тең­сиз қахрамон одам» деп атаған. Жаһанторға салынғанына апта айналмай жатып, ұзын саны бір мыңнан асып кеткен пікірлердің бар­лығында дерлік авторларға шын көңіл­ден разылық білдірген, өздері үшін беймәлім болып келген жайлардан жан-жақты хабар­дар еткені үшін ақ алғыс айтылған. «Катта рах­мат. Аниқ айтиб, ёшларга бирдам були­ши­га, биродорликка, дустликка ва бир би­рига мехр билан карашга муоффақ булдик», «Қазоқ бауырларимизни яхши корамиз. Жо­нилар сог босин. Яшасин Турон. Биродар халқ», «Илик гап инсонни бир бирига якин­лаш­тиради», дейді өзбектер. «Өте керемет, та­ма­ша сұхбат. Біз біргеміз!», «Яшанг узбек жи­гарларим», «Өте дұрыс айтасыздар! Біз бар­лығымыз жақын халықпыз! Елдеріміз ты­ныш, халықтарымыз аман болсын!», – дей­ді қазақтар. 
Айтқандары келсін! Бір болайық. Бір бол­сақ, ірі боламыз. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
ҚР Мемлекеттік 
сыйлығының лауреаты

Тэгтер:

Қазақ Өзбек Қазақстан мен Өзбекстан зия­­лы­ларының алғашқы форумы