«Алтын сандық» қашанғы асырайды?

Бүгін, 15:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ұлттық қордан алынған қаражат оған түскен түсімнен екі есе асып кетті. Ал бюджет кірісінің үштен бірі осы Ұлттық қордан алынған қаражат есебінен жиналған. 

Былтыр Үкіметтің Ұлттық қордан алған ақшасы белгіленген межеден айтарлықтай асып түсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін жеткен еді. Сол кезде Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі, сондай-ақ Ұлттық Банк ахуалдың алаңдатарлық екенін айтып, Ұлттық қордан алынатын қаражаттың белгілі бір пайыздық шегін белгілеуге келіскен-ді. Ал одан бір жыл бұрын Ұлттық Банк Үкіметке Ұлттық қордан алынатын ақша көлемін есепсіз ұлғайта беруге тыйым салу туралы ұсыныс жол­даған болатын. 
Осы бастамалар мен келісімдерге қа­рамастан, айтарлықтай өзгеріс, тіпті ере­­же мен шектеуді сақтауға деген ұм­ты­­­лысты бай­қай алмай отырмыз. Ал Ұлт­­­тық қор ортайып барады, бюд­жет­тің трансферттерге деген тәуелділігі ушығып барады.

Бюджеттің үштен бірін Ұлттық қор жауып отыр

Биылғы жеті айдың қорытындысы бойын­ша, республикалық бюджет кіріс­терінің көрсеткіштерінен алаңдай­тын­дай үрдіс байқалады. 54 трлн теңге тү­сім­нің үштен бірі Ұлттық қордан алын­ған транс­ферттердің есебінен жиналған. Бұл бюджеттің ішкі кіріс көзінің жет­кі­лік­сіз екенін, салық түсімдерінің әлеу­мет­тік шығыстарды толық жабуға қау­қар­сыз екенінен хабар береді. 
Дегенмен салық жинау, салық түсімі көр­сеткіштері жаман емес: қосылған құн са­лығы, корпоративтік табыс салығы мен кедендік төлемдер бойынша жос­пар­дың 94-103 пайызға орындалуы 
эко­номикалық белсенділік сақталып отыр­ғанын аңғартады. Бірақ осы түсім­дер­дің жиынтық көлемі Ұлттық қордан түс­кен қаржының орнын баса алмай отыр. Тіпті, трансферт көлемі корпо­ра­тив­тік табыс салығы мен ҚҚС түсімдерін қоса алғаннан да асып түседі.

Шығыстар жағынан әлеуметтік блок әдет­тегідей басты орынға шықты. 3,48 трлн тең­ге әлеуметтік қамтамасыз етуге бағыт­тал­са, денсаулық сақтау мен білімге де қомақты қа­ражат бөлінді. Бірақ денсаулық сақтау са­ласының ішкі құрылымын қарастырсақ, мем­лекет тарапынан міндетті әлеуметтік м­едициналық сақтандыру қорына бөлінген қар­жы жалпы шығыстың ең көп бөлігі бо­лып отыр. Бұл, бір жағынан, мемлекеттің әлеу­­­­­меттік жауапкершілігін күшейтсе, екін­ші жағынан, сақтандыру жүйесінің өз бе­тін­ше тұрақты жұмыс істеу қабілетіне күмән ту­дырады. Өйткені қордың шығыстары тү­сімдерінен екі еседен асып түскен. Мұндай тең­герімсіздік ұзақ мерзімде бюджетке қо­сым­ша қысым түсіруі ықтимал.
Қарыз жүктемесі де өсіп келеді. Жеті ай­да мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 2,01 трлн теңге жұмсалған, бұл өткен жыл­дың осы кезеңінен 19 пайызға артық. Бұл сома Ұлттық қордан бөлінген кепіл­ден­діріл­ген трансферт көлеміне тең, яғни қордан алын­ған қаражат әлеуметтік міндеттемелерді емес, қарызға кеткен шығынды жабуға жұм­салғандай әсер қалдырады. Бұған қоса, тағы қарыз тарту үрдісі жалғасып отыр: қарыз алу кө­лемі 5,2 трлн теңгеге жеткен, оның ішінде 3,82 трлн теңге – ішкі, ал 1,37 трлн теңге – сырт­қы қарыз. Осылайша, бюджет бір мез­гіл­де Ұлттық қорға да, қарыз құралдарына да сүйеніп отыр.

Ұлттық қор да ортайып барады

Бұған қоса, Ұлттық қордың кірісі мен шығысы арасындағы алшақ­тық барған сайын ұлғайып келеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың жеті айында қорға 1,71 трлн теңге түссе, жұм­салған қаражат көлемі 3,49 трлн теңгеге жет­кен. Бұл – шығыстардың түсімдерден екі есе­ден артық болғанын білдіреді. Осы ди­намика қордың бастапқы миссиясына қай­шы: ұзақмерзімді жинақ қалыптастырудың орнына, ағымдағы бюджет тапшылығын жабудың негізгі көзіне айналып барады.
Кіріс құрылымы да экономиканың «ши­кі­­­затқа тәуелділігін» тағы бір мәрте айқын­дады. Ұлттық қорға түскен қаражаттың не­гіз­гі бөлігі мұнай секторынан келген тікелей са­лықтардан түскен – 2,28 трлн теңге. Оның ішін­де корпоративтік табыс салығы – 742 млрд теңге, пайдалы қазбаларды өндіру са­лы­ғы – 726 млрд теңге, экспортқа ренталық салық – 169 млрд теңге. Ал қорды әртарап­тан­­дыратын басқа көздердің үлесі тым мар­дым­сыз. Бұл көрсеткіштер эконо­миканың мұ­най кірістеріне тәуелділігі әлі де сақталып отыр­ғанын, ал қорды толықтыратын балама көздердің жеткіліксіз екенін айғақтайды.
Ең алаңдатарлық жайт – инвестициялық та­быс көрсеткіші. Ұлттық қор, аты айтып тұр­ғандай, тек шикізаттан түскен салық­тар­ға ғана емес, халықаралық нарықтағы инвес­ти­циялық кірістерге де сүйенуі тиіс еді. Алайда 2025 жылы инвестициялық қызмет оң нәтиже бермеді: жеті айдың ішінде 584 млрд теңгеден астам шығын тіркелген. Бұл – қор активтерін басқару тиімділігіне қатысты қоғамда және сарапшылар арасында заңды сұрақ туындатады. Ұлттық қордың басты ар­тық­шылығы дәл осы инвестициялық кіріс болуы керек еді, ал қазір ол бюджеттің қо­сым­ша тәуекел факторы болып отыр.
Нәтижесінде, 2025 жылдың басындағы 34,73 трлн теңгеден тамызға қарай Ұлттық қор активтері 32,94 трлн теңгеге дейін азай­ды. Егер шығыстар түсімнен тұрақты түрде асып кете берсе, бірнеше жыл ішінде қордың әлеуе­ті айтарлықтай әлсірейді. Сол кезде Ұлт­тық қордың басты миссиясы қағаз жүзін­де ғана қалып, іс жүзінде бюджеттің «жырты­ғын жамауға» арналған резервке айналып кетуі ғажап емес.
Экономист сарапшы Арман Байғановтың айтуын­ша, қазіргі басты мәселе – Қазақ­стан­дағы бюджет тапшылығы. Оның пікірінше, кейінгі жылдары салық түсімдері азайып бара­ды, ал әлеуметтік шығыстар керісінше өсіп жатыр. Осы себепті Ұлттық қордан қара­жат алу көлемі ұлғайып отыр. Ол биыл қа­был­данған жаңа Салық кодексі келер жыл­дан бастап жағдайды оңалтуға септігін ти­гізеді деген пікір айтты.
Ал экономист сарапшы Сапарбай Жобаев мәселе салықтың халықтан емес, ква­зимемлекеттік сектордағы алып компа­ниялардан жеткілікті түрде жиналмай отыр­ғанында екенін, сондай-ақ мемлекеттің шы­ғынды қысқарта алмай, Ұлттық қордан ақ­ша алуға әбден үйреніп қалғанында екенін айтады. Сондай-ақ ол контрциклдік бюджет ере­жесімен қатар қосымша әдістерді қолдану қа­жет деп есептейді.

Сапарбай Жобаев,
экономист:

Тағы да қосымша әдіс-тәсілдер қажет

– Өкініштісі, Үкімет Ұлттық қордан қаражат алуға үйреніп қал­ды. 2024 жылға салық түсімдері 15 триллион теңгеден астам деп жоспарланғанымен, шығыстарымыз 21 триллион теңгеге жет­кен болатын. Президент Ұлттық қор қорын шашпай, оны 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берді, бірақ менің ойым­ша, Үкімет бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Мұ­ны тоқтату оңай емес. Сондықтан мен контрциклдік бюджет ере­жесімен қатар қосымша әдістерді қолдану қажет деп есептеймін. Бюджет жасаудың не­месе орындаудың нақты әдістері болуы керек. Әлемнің көптеген елі бюджет тапшылығын 3 пайыздан аспайтын деңгейде ұстап, облигация немесе бағалы қағаз шығару арқылы жабады.
Мен сондай-ақ квазимемлекеттік кәсіпорындардың проблемасына назар аударғым ке­леді. Бізде мемлекет ішінде мемлекет сияқты әрекет ететін ұйымдар бар, жалпы ішкі өнім­нің 50-60 пайызын беретін бұл кәсіпорындар көптеген жеңілдік алады. Салық төлеудің орнына бюджеттен қайта-қайта қаражат алады. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» 24-25 миллион тонна мұнай өндірсе де, салық ретінде тек 169 миллиард теңге төлейді, ал «ТеңізШевройл» сол көлемде өндіріп, 2-2,5 триллион теңге салық төлейді. Яғни, мемлекеттен ақшаны алып, есеп бермейді. Өніміміз өтпей қалды, су алды деп сылтауратып, тағы бюджеттен ақша та­лап етеді. Менің ойымша, квазимемлекеттік кәсіпорындардың шығынын қысқарту және олар­дың жұмысының нәтижесін талап ету қажет. Бұл мәселені Үкімет қадағалауы керек, ал депутаттар бақылауға алуға тиіс. Ал салықты тек қарапайым халықтан талап ету ха­лық­ты, мемлекетті, экономиканы тонау деген сөз.
Шығынды қысқарту, мемлекеттік басқаруды реформалау мен квазимемлекеттік кә­сіп­орындардан есеп талап ету – бюджетті тұрақты ұстап, Ұлттық қордың болашаққа сақ­таудың басты кілті.

Арман Байғанов,
экономист:

Жаңа Салық кодексі мәселені реттейді деп ойлаймын 

– Біздегі басты проблема – бюджет тапшылығы. Яғни, салық түсімдері азайды, әсіресе былтырдан бері көрсеткіш азайып барады. Биыл да кіріс бөлігі бойынша жоспардың орындалуы төмендеп, салық түсімі қысқарды, ал әлеуметтік шығыстар, керісінше, өсіп отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан көбірек қаражат алынып жатыр. Осы себепті де жаңа Салық кодексі қабылданды. Ол тек келесі жылдан бастап жұмыс істейді. Менің ойымша, сол кезде көбірек түсім түседі: ҚҚС өседі, басқа салықтар өзгертіледі, ҚҚС бойынша айналым шегі қысқарады, яғни салық төлеушілер көбейеді. Осы арқылы түсім ұлғаяды. Демек, менің ойымша, Ұлттық қорды толықтыру мен одан алу процесі тек келесі жылдан бастап қалыпқа келуі мүмкін. Ал биыл қордан қаражат алу, мүмкін, одан әрі көбейе береді.
Сонымен қатар тағы бір проблема – салықты басқару. Қазақстанда көлеңкелі экономиканың белгілі бір деңгейі бар. Қазір Үкімет барлық жағынан бақылау әдістерін күшейтіп жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі де белсенді жұмыс істеп, әртүрлі көлеңкелі бизнесті анықтауға күш салып отыр. Сондай-ақ көптеген салада цифрландыру енгізілуде. Менің ойымша, кіріс бөлігі мен салық түсімдерінің төмендеуі алдағы уақытта реттелуі мүмкін. Әсіресе, цифрлық теңге айналымға енгенде нәтиже болады деп ойлаймын. Қазір Үкімет бұл жобаны сынақтан өткізіп жатыр. Жақын жылдары цифрлық теңге толық қолданысқа енгізілсе, көлеңкелі экономика азайып, түсімдер артады. Сол кезде Ұлттық қор да толыға түседі деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, биыл да тапшылық мәселесінде оң өзгеріс байқалмай отыр, Ұлттық қордағы қаражатты жұмсауды шектеуге де қауқар болмай тұр. Бұл ретте сарапшылар үнемдеу, салық саясатындағы әділдік пен ашықтық қана мәселені реттей алады дейді.

Тэгтер:

Ұлттық қор алтын сандық